Мәңгілік Ел болу қазақ халқының ғасырлар бойы көксеген арманы емес пе?
Өткенге үңілсек, заманында дүниені дүркіреткен қаншама империялар бүгін жоқ, тек осындай империя болған деген мәлімет қана қалды. Біздің халқымыз да қаншама қиын-қыстау кезеңді бастан кешіріп, қаншама рет ел тағдырын жаныштап жойып жіберуге шақ қалған небір тауқыметті сындардан өтті. Шүкіршілік, ХХІ ғасырда тәуелсіз әрі беделді мемлекет болып әлемге танылдық. Дамыған 50 елдің қатарына қосылдық. Ендігі ұлы мақсат – ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіріп, Мәңгілік Ел болу. Ол үшін ең алдымен еңбек өнімділігін 24,5 мыңнан 126 мың доллар деңгейіне көтеріп, ал жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімді 13 мың доллардан 60 мың долларға арттыру оңайлықпен алынатын асулар емес. Әлбетте, сөз бен істің арасында ғасырлық сана, дәуірлік салт жатады. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ халқының бойында еңбекқорлық та, қажырлылық та, намысқойлық та жеткілікті екендігіне еш күмән жоқ. Солай бола тұра еңбек өнімділігі өсімінің 80 пайызын техникалық факторлар қалыптастырады. Бүгінгі қолданыстағы технологиялардың сырттан келгені де, өзіміздікі де алға қойған мақсатқа лайық па? Дамыған шетелдер тыным таппай ізденіп өз техникасын жетілдіру үстінде. Әрине, тәуірін сыртқа шығармайды. Бұлай кете берсе бірте-бірте біздің ел заманы өткен шетелдік ескі технологияның қоймасына айналмайды деп кім кепілдік береді. Сондықтан, біздің ел өз технологиясын, өз техникасын тынымсыз дамыту жолдарын іздестіру керек. Біз құралақан емеспіз. Біздің елде әлемде жоқ екі ғылыми жаңалық барын жақсы білемін. Осы жұмыстарға біраз жылдардан бері көңіл бөліп, оны ел қажетіне қалай жеткізудің, халық кәдесіне қалай жаратудың жолдарын іздеудеміз. Бірінші ғылыми жаңалық – көпөрістілік негізінде «Қазақстан феноменін» қалыптастыру проблемасы, екіншісі – тыңайтқыштар мәселесі. «Қазақстан феномені» құр қиял емес, нақтылы ғылыми жаңалыққа негізделген, беделді ғылыми орталықтарда ресми мақұлдаулардан өткен керемет идея. Қазіргі кезеңде жер бетінде қолданып жүрген технологиялар қосөрісті (линейный двухполярный) физикалық-химиялық қағидаларға негізделген, өрісі тар, зияны көп. Ендігі жерде кванттық теориядан кейін дүниеге келген көпөрістілікке барлық елдердің ғалымдары назар аударуда. Дегенмен, жарты ғасырдай уақыт өтсе де, ауыз толтырып айтардай жетістіктері әлі көрінер емес. Ал біздің көпөрістілікті жан-жақты зерттеп, дамытып, «Қазақстан феноменіне» негіз болатынын дәлелдеген әлемге әйгілі ірі ғалым Василий Ленский өзіміздің жерлесіміз, Алматы іргесіндегі Талғар қаласында туып-өскен. Осындай ерекше идеяны санаға сіңіріп, жан-жүрекпен ұғып қабылдаудың өз кілтипаны бар. Оны тек шығыстың да, батыстың да рухы мен ділін қатар игергендер ғана қабылдай алады. Біздің елдің санасы ең алдымен шығыс мәдениетімен қалыптасқан, ал соңғы ғасырда батыстық сананы қабылдап үлгердік. Осы арада айта кетсек, біздің бұрынғы дана билеріміз Кембридж, Сорбонна, МГУ-ді бітірмесе де бәрін білетін кемеңгерлер емес пе еді? Міне, оларға түгел көріп, түгел білу қасиеті тән еді. Ал көпөрістілік не береді? 1) Радиоактивті қалдықтармен ластанып залалданған аумақтарға рекультивация жасауға болады. 2) Энергияның, қуат көздерінің неше алуан баламалы, қоршаған ортаға зиянсыз, өзгеше, бөлек, бүгінгі үрдісінен мүлдем басқаша, тиімді де пайдалы түрлерін іске қосуға болады. Соның өзі осы орайдағы барлық қажеттілігімізді өтер еді. 3) Өзгеше сапалы жаңа материалдар алып, одан қажетті технологиялар жасауға болады. Қазіргі таңда әлемде жаңа сапалы материалдар алу үшін аспандағы ғарыш стансаларында тәжірибелер жүргізілуде. 4) Жылдан-жылға азайып бара жатқан мұнайдан алынатын жанармай орнын басқаша жолмен жасалған, октан саны жоғары, тегі өзгеше жанармай шығару арқылы толтыруға болады. 5) Көпөрістілік негізінде адамды жаттықтырып, ағзасын шынықтырып, денсаулығын жақсартып, ұзақ жасау мүмкіндігі туады. Демек, уақыт өткізбей осы көпөрістілікті шұғыл игеріп, нақтылы іске қосатын мамандар даярлауды қолға алу қажет дер едім. Осынау ХХІ ғасыр келбетін өзгертетін ғылым қазақтың бағына келген бе деп ойлаймын. Ендеше, маңызы орасан зор, мүмкіндігі мен әлеуеті ұшан-теңіз ғылыми жаңалықты дәл осы кезде, ұзаққа созбай, «Мәңгілік Ел» құру үшін пайдалана алмасақ, орын толмас өкініш болар еді. Елбасының биылғы мүлдем жаңа сипатты Жолдауының арқасында осынау игілікті идеяны іске асырудың сәт сағаты соқты ғой деп ойлаймын. Олай болса, тәңірдің қазаққа берген несібесін қабылдайық. Бұл идеямен танысқаныма 20 жылдан асты. Әр деңгейдегі шенеуніктерге айтып көріп едім, қабылдай алмады, санасына сәйкес келмеді. Біздің пайымдауымызша, осы жаңашыл әрі өміршең идея дәл қазір алға қойылып отырған ұлы мақсатқа жетуімізге, ел еңсесін асқақтатуға дер кезінде, дөп келіп тұрған жоқ па? Осы ғылыми тұжырымды жобалар өз елін биіктен биікке бастап жүрген, ел тағдырын шешетін қайталанбас тарихи тұлға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың назарына ілінсе екен деген жүрекжарды үміт-тілегімізді ел газеті «Егеменнің» бетінде ортаға салғым келіп еді. Екінші бір маңызды ғылыми жаңалық фосфор тыңайтқыштары жөнінде болмақ. Жалпы, фосфорлы кеніштердің екі түрі бар. Олар фосфоры мол кеніштер және фосфоры аз микротүйіршікті кеніштер деп екіге бөлінеді. Қазіргі кезде әлемде тек фосфоры мол кеніштерден ғана фосфор тыңайтқыштарын өндіреді. Ал микротүйіршікті кеніштерден тыңайтқыш еш жерде өндірілмейді. Өйткені, оған сай келетін лайықты технология жоқ. Біздің елдегі фосфорлы кеніштердің бәрі микротүйіршіктілер. Бұрынырақта аздаған сары фосфор өндіргенде түзілетін улы қалдық көп еді. Соның өзі айналасын түгел зарарлап уландырып бітті. Тыңайтқышты қазір сырттан әкелудеміз. Ал онсыз ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін, гектар берекесін арттыру мүмкін емес. Осы проблемалармен ұзақ жылдар айналысып, ілкімді шешімін тапқан ірі ғалым, химия ғылымдарының докторы Ажар Ильясова өз технологиясын ұсынады. Ол кісінің жаңа технологиясы арқылы әлгі фосфоры аз микротүйіршікті кеніштен өте сапалы тыңайтқыш өндіріп, оның үстіне бұрын еш жерде өндірілмеген полифосфаттың үш түрін алуға болады екен. Бұл фосфорлы тыңайтқыштарды пайдалансақ ауыл шаруашылығының өнімділігін күрт көтерер едік. Елбасы үнемі айтып жүргендей, артығын шетке шығарсақ, бюджетке қыруар пайда түсер еді. Бірақ осы аса пайдалы жаңалық та әртүрлі кедергілерге кездесіп, іске аспай келеді. Бұл да біле-білсек, қазақ жерінің ырысы емес пе? Осындай ғылыми жаңалықтарды сәт сағаты соққан осы кезде көп ұзатпай, ырғалып-жырғалмай, жеделдетіп игеру керек-ақ. Біздіңше, мемлекет мүддесі, ел келешегі осыны талап етеді. Нәзікен АЛПАМЫСҚЫЗЫ, экономика ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. АЛМАТЫ.• 07 Ақпан, 2014
Елеулі екі ғылыми жаңалық ел бақуатын арттыруға септігін тигізер еді
Қоғам • Кеше
Мойынқұм ауданында өрт сөндіру бөлімі ашылды
Аймақтар • Кеше
Эйнштейн өзін «алаяқ» сезінген бе?
Қоғам • Кеше