Жыл сайынғы Қазақстан-АҚШ екі жақты консультациялары мен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың таяудағы сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы ретінде СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Өміртай Бітімов бастаған ауқымды Қазақстан делегациясы Ауғанстан бойынша консультациялар жүргізу үшін 26-28 сәуірде Вашингтонда болып қайтты, деп хабарлады ҚР-дың АҚШ-тағы елшілігі.
Қазақстан делегациясының құрамына Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы елшісі Ағыбай Смағұлов, ҰҚК-нің Халықаралық терроризм және діни экстремизммен күрес жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Дәулетжан Құрамысов, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Олжас Раев және СІМ-нің ЕҚЫҰ департаментінің кеңесшісі Талғат Баймұхамбетов енді.
Қазақстандық делегация Ауғанстан және Пәкстан бойынша Арнаулы өкіл Ричард Холбрукпен, оның орынбасары Пол Джоунспен, Қорғаныс министрінің Ауғанстан, Пәкстан және Орталық Азия бойынша көмекшісінің орынбасары Дэвид Сиднимен және АҚШ-тың мемлекеттік агенттіктерінің өзге де өкілдерімен кездесулер өткізді.
Келіссөздердің басты тақырыптары ауған тұрғындарын оқыту бойынша білім беру бағдарламаларын бірлесіп жүзеге асыру, адам ресурстарын дамыту, Ауғанстанды қайта құру бойынша ынтымақтастық, денсаулық сақтау, сауда қатынасын дамыту, бұл ел экономикасына, оның ішінде кен өндіру өнеркәсібі, энергетика саласы мен ауыл шаруашылығына Қазақстан инвестициясын тарту болды. Тараптар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясында оның әлеуетін Ауғанстанда демократиялық мемлекет құруға ықпал етуге пайдалану мәселесін жеке уәжде талқылады. Екі жақ сондай-ақ ауған тақырыбын, атап айтқанда, оны ЕҚЫҰ Саммитінің күн тәртібіне енгізуді көздей отырып, одан әрі зерттеу туралы келісімге келді.
Тұтастай алғанда, Қазақстан және АҚШ тарабы өткен консультацияларды оң бағалап, Ауғанстанда тұрақтылыққа жету және оның экономикасын қалпына келтіру ісінде екі жақты іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.