Облысқа баламалы энергетика саласында жұмыс істейтін бірқатар шетелдік компаниялардың басшылары келді. Strand Partners компаниясының директоры Амин Аджеми, United Green Group компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры Альбрехт Фришеншлягер, Ecap Solution неміс компаниясының басқарушы директоры Маркус Хайс және қазақстандық компаниялардың басшылары облыста қуаты 300 МВт құрайтын күн электр стансаларын салу жобасын талқылады. Талқылау барысында аталған жобамен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев та мұқият танысты.
«Ecap Solution» неміс компаниясы ағымдағы жылы Жуалы ауданында қуаты 50 МВт құрайтын күн электр стансасын салуды жоспарлап отыр, олар оны 2015 жылы пайдалануға бермек. Жалпы, неміс компаниясы облыс бойынша қайта қалпына келетін энергия көздері саласында бірнеше жоба ұсынған. Соның ішінде, 2015 жылы 3 жоба, 2016 жылы 2 жобаны іске асыруды мақсат етуде. Күн электр стансаларының әрқайсысының қуаты 50 МВт-ны құрамақ.
Облыс әкімі ұсынылған инновациялық жобалардың маңыздылығына және аймақ экономикасына тың серпін беретіндігіне тоқталып, жобаға керекті инфрақұрылымды «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізуді ұсынды. Сонымен қатар, инвесторлар аталған жоба бойынша «Тараз» ӘКҚ» АҚ және «КЕГОК» АҚ-пен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатпақшы.
Өңірде қазірдің өзінде 188 МВт құрайтын баламалы энергетика нысандары салынып жатыр. Бүгінде облыста осындай 5 жоба жүзеге асырылған. Үстіміздегі жылы Қордай жел электр стансасының 4 мегаватты құрайтын алғашқы кезегінің құрылысы аяқталады. Оның қуаты 2014-2015 жылдары 21 МВт-ға жеткізіледі. Сонымен қатар, инвесторлар қуаты 100 мегаватты құрайтын Жаңатас жел электр стансасының, 19,8 мегаватт қуаты бар Меркі ГЭС-нің каскады құрылысының және Жамбыл ауданындағы 24 мегаватты құрайтын күн электр стансасының құрылысын жүргізбек. Соның нәтижесінде алдағы жылдары облыстағы баламалы энергетиканың үлесі 40 пайызға жеткізілмек.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.