07 Ақпан, 2014

Тренд туралы толғансақ...

1410 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Елбасының биылғы Жол­дауы­ның басты бір өзгешелігі мен баға жетпес құндылығы – Қа­зақ­станның әлемдегі ең жоға­ры дамыған 30 елдің қата­рынан орын алуы жөніндегі тұжырымдаманың жасалғаны. Сонымен бірге, оның ұзақ-мер­зімді басымдықтарының тайға таңба басқандай айқын бел­гіленгені. Мұндай басым бағыттар халқымыз үшін киелі деп есептелетін жеті санымен белгіленіп, жеті бағыттан тұрады. Соның ең біріншісі инновациялық индустрияландыру трендін түзеуге және күшейте түсуге арналған. Бұған дейін елімізде 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индус­триялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы ойда­ғыдай іске асты деп ой түюге толық негіз бар. Бірақ біз мұны индустрияландырудың бірінші бесжылдығы деп атамаған болатынбыз. Жолдаудан кейін бұл біткен іс дәл осындай атаумен жаңа дәуіріміздің тарихына енетініне көз жеткізіп отырмыз. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы мен Үкіметке 2016-2019 жылдарға арналған үдемелі ин­дустрияландырудың екінші бесжыл­дығы жобасы жөнінде бірқатар тапсырмалар бердім. Сонымен, 2050-ге дейінгі қалған жылдар жеті бесжылдыққа бөлінеді. Олардың әрқайсысы бір мақсат – дамыған 30 елдің қатарына кіру мәселесін шешеді деп атап көрсетті. Әрі Елбасы осы бесжылдықтардың әрқайсысында қандай нақты жұмыс атқарыла­тынын да көрсетіп берді. Соның негізгі бөлігі Қазақстан бизнесін, әсіресе, шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау болмақ. Бұл ең алдымен республика өңірлеріне жауапты міндеттер жүктейді. Оларға дәстүрлі өнді­руші секторлар тиімділігін көте­руге қатысты тың жобалар мен ұсыныстарды өмірге әке­лу қажеттілігін көрсетеді. Бір сөз­бен айтқанда, индустрияландыру трендін түзейміз десек, оған кәдімгідей шығармашылық тұрғы­дан келе білу қажеттігін көреміз. – Біз бұл орайда, ең бірінші кезекте дәстүрлі өндіруші сек­тор­ларға инвестициялар тарту қажет деп санаймыз. Әрине, бұл мәселелерді шешу мен рет­теу­дің бірнеше жолдары мен тәсілдері бар. Соның ішінде біз индустриялық аймақ құру мәселесіне басымдық беріп отырмыз. Оның аумағына құрылыс индустриясы, машина жасау, мұнай-химия кешені және энергетика саласындағы компаниялар орналаспақ, – деп мәлімдеді газет тілшісіне Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Кәрімов. Иә, қалай дегенде де, оң ин­вес­тициялық ахуал еліміздің жақсы дамыған әлемдегі 30 елдің қатарына кіруінде шешуші фактордың бірі бола алатыны талас туғызбайды. Сондықтан да осы ахуалды түбегейлі қа­лып­тастыру мен жақсарту, өңірлерге инвесторлар мен инвестицияларды тарту мәселелері жергілікті билік органдарының ұдайы назарында болғанын қалар едік. Елбасы Жолдауындағы басты талаптардың бірі де осындай кемел ойдан туындайды. Бүгінгі тақырыптың басты нысанына айналып отырған Ақ­жайық аймағында бұл мақсатта қолға алынған істер де құптауға тұрарлықтай. Соның ең басты­сы ақпараттық талдаулар мен маркетингтік зерттеулер ұйым­дастыруға бағытталған. Бұған қоса инновациялық жобаларды іздестіру мен жүзеге асырудың оң­тайлы тәсілдері іріктеліп, сүзгіден өткізіліп алынған. Сервистік қызмет көрсету ісі де аталған жобалар шеңберінде қарастырылған. Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Аслан Жақыпов бізге «Орал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ базасында өмір мен өндіріске жол тартқан инновацияны қолдау және инвестицияны тарту орталығы осы мақсатта құрылғанын айтып берді. Сонымен қатар, кәсіп­кер­лерге қолдау көрсе­тудің тағы бір тәсілі ретінде соңғы жыл­дары Орал өңірінде халық­ара­лық бизнес-форумдар өткі­зу тәжірибесі де тиімділік пен ұт­қыр­­лық тұрғысынан алғанда өзін толығымен ақтап келеді. Жоғарыда айтылғандай, инновациялық ахуалды жақсарту­ға қатысты жүргізілген алғашқы талдаулардың бірі – өңдеу өнер­кәсібі қатарына кіретін кәсіп­орындардың жай-күйіне арналған екен. Оның нәтижелері бойынша аталған өндірістік нысандарда пайдаланылмай тұрған мүмкіндіктер мен бос өндіріс орындары бар екені анықталған. Сөз жоқ, мұндай резерват құр кеңістік күйінде қалып қоймауы керек. Бұл ретте аталған мәселеге орай құр, жалаң талдаулар жасалып қана қоймай,  нақты шешімдер алынғаны үлкен мерей. Айталық, осындай пайдаланылмай тұрған мүмкіндіктер Орал қаласындағы «Омега» прибор құру зауыты» акционерлік қоғамында кездескен болса, осы кәсіпорынның негізінде Орал трансформатор зауытын тұрғызу жөнінде шешім қабылданған. Бұл өміршең жоба жылына бес мың дана трансформатор шығаруға лайықталған. Иә, шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолайлы жағдай туғызу – оны өркендетудің басты кілті. Осы орайда Орал өңірінде соңғы жылдары үлгі-өнеге тұтарлықтай ілкімді істің қолға алынғанын айтпай кету шындыққа қиянат. Мұнда бизнесін жаңадан бастаған азаматтарға қол­дау көрсету мақсатында ин­но­­вациялық гранттар беру жүйе­сі қолға алынған. Мұнда өз бизнесін құруға бөлінген со­ма мөлшері үш миллион теңге көлемінде. Экономиканың басым секторын­да жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға бағытталған гранттарды иелену тізіміне жас кәсіпкерлермен қоса әйелдер мен мүгедек жандар да енгізілген. Оларға бұған дейін берілген гранттар жарық беретін аспаптар ісін жолға қоюға, күмбезді үйлер құрылысын тұрғызуға, аэробот­­тар өндірісін өркен­де­туге және фотокітаптар шы­ғаруға жұмсалған. Сөз соңында облыста иннова­циялық жобаларға қатысты жүргізілген талдаулардың тағы бір толқынымен оқырмандарды таныстыра кеткенді жөн көреміз. Мысалы, аймақта өткен жылдың қорытындысы бойынша отыз бір инвестициялық жоба іске қосылған болса, оның жиырма екісі елу пайыздан астам жобалық қуатқа шыққан. Әрине, пайдалануға берілген өндірістік нысандардың бәрі бірдей тез арада толық жобалық қуатымен жұмыс істеп кетуі мүмкін де емес шығар. Бұған белгілі бір уақыт аралығы қажет екендігімен де келісуге тура келеді. Әдетте, толық жобалық қуат­қа жету үрдісі бір күнде, бір айда емес, кезең-кезеңмен жү­зеге асырылатыны да аян. Солай болған күннің өзінде де жоғарыда аталған дерек сүйінші сұрауға тұратындай жоғары көрсеткіш деуге келіңкіремейді. Дегенмен, бәріне уақыт төреші. Ал мұндай кідірістің басты себептері неде деген сауалға келсек, оның түп-төркіні айналым құралдары мен тапсырыстардың жетіспеушілігінен туындайды. Түйіп айтқанда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев атап көрсеткендей, инно­вациялық индустрияландыру трендін түзеу мен күшейте түсудің басты жолы  егемен еліміздің түкпір-түкпіріндегі кәсіпорындардың инновациялық белсенділігіне байланысты екені анық. Осындай белсенділіктің Орал өңіріндегі кейбір мысалдарын әңгімелеп беру арқылы тренд түзеуді одан әрі тереңдету сала жанашырларының төл міндеті болып қала береді дегіміз келеді. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.
Соңғы жаңалықтар