07 Ақпан, 2014

Намысқа қайрақ «Жас тұлпар»

631 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
жайлы жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында болып өтті BEK_0052 Осыдан жарты ғасыр бұрын Мәскеу шаһарында оқитын студент қазақ жастары құрған «Жас тұлпар» ұйымының дабысы көп жерлерге жеткені, дүбірі көп құлақтарға шалынғаны мәлім. Осынау қозғалыс Алаш арыс­тарының идеясын жалғас­тырып, ұлттық рухтың оянуына түрткі болғандығы жайында қазір әділ бағаланып, орынды айтылып та жүр. Ұлтын сүйген сол бір жас толқынның, жаңа толқынның серпілісі мүлгіген сананы селт еткізіп, азаттық жолындағы рух күресіне жаңа тыныс бергені анық. Ұйымның басында Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан, Алтай Қадыржанов сияқты білімді, өргек те сергек қазақ жастары тұрды. Ұлттық мүдде, болашақ ұрпақ, тіл мен діл тұрғысындағы ой-арман Мәскеу, Ленинград және басқа Ресей қалаларында оқитын қазақ жастарының басын біріктірді. Олар өздерінің кім екенін, ұлт тарихын, шыққан тегін, қазақтың  қоғамда алар орнын білгісі келді. Сайып келгенде, сол жылдарда ұлт санасын ояту орайында жастұлпарлықтар атқарған жұмыс ұшан-теңіз. Бүгінгі тәуелсіздік биігінен қарағанда, «Жас тұлпар» қозғалысы» қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің үлкен бір белесі деп қарастырған орынды болмақ. Олардың үлгісі­мен Қазақстанның көп аймағында жасырын үйірмелер, ұйымдар құрылған. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне шыққан қазақ жастары жастұлпарлық намыскер де күрескер рухтан қуат алған. «Жас тұлпар» тарихқа айналса да, оның бүгінгі әрі келешек ұрпаққа берер үлгісі мол. Өткен жылдың қарашасында осынау қозғалыстың 50 жылдығы аталып өтілді. Енді, мінеки, ХХ ғасырдың 60-70-жылдарындағы қазақ жастарының күресі туралы «Жас тұлпардың» дүбірі» атты салиқалы кітап жарық көріп отыр. Оның авторы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия  ұлттық университетінің ұстазы Әміржан Әлпейісовтің дерек­терді саралап, сұрыптап, арғы-бергі тарихты байланыстыра жи­нақтап, байыпты ой қорытып, жақсы кітап жазып шыққандығы байқалады. Ең әуелі, кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізуге неге өнер акаде­миясының акт залы таңдалғанының басын ашып алайық. Бұрын бұл ғимарат Қазақ университетінің бас корпусы болғаны белгілі.  1966 жылы 5 ақпанда «Жас тұл­пардың» серкелері Жазушылар одағында жиын өткізеді. Онда біраз пікірталас туғанға ұқсайды. Партияның Орталық  Комитеті де жақын. «Жастұлпарлықтар» келесі күні, яғни 6 ақпанда жиынды жалғастыруға келсе, Жазушылар одағының есігі жабық. Кіргізбеуге нұсқау берілген. Сол кезде жа­қын жердегі университеттің әде­биет бірлестігінің жетекшісі, жас аспирант ғалым Мырзатай Жолдасбеков оларды өз оқу орда­сының акт залына бастап алып келеді. Жиын жалғасып, өткір ой-пікірлер, жаңаша ұстанымдар айтылады, күрескер рух лаулайды. Түннің бір уағына дейін созылған жиын ән-күйге ұласып, «Менің Қазақстанымды» айтумен аяқталады. Олай болса, елу жылдан кейін жарық көріп, сол тарихты баяндаған «Жас тұлпардың» дүбірі» кіта­бының тұсауын кесуге кешегі 6 ақпан мен дәл сол Акт  залы таң­далып алынуының мәнісі де сол екен. Тәуелсіздікті аңсаған мәскеулік жастардың қозғалысы Алматының да озық ойлы азаматтарының жүрегін тулатып, құлшындырғанға ұқсайды. Нұрғиса Тілендиев дереу «Жас тұлпар» әнін тудырған. Шәмші Қалдаяқов, Асқар Сүлей­менов, Мұқағали Мақатаев, Төле­ген Тоқбергенов және басқа­лар тілектестігін білдірген. Осы тарихты тұсаукесер рәсімінде автор Әміржан Әлпейісов, Мұрат Әуезов, Мырзатай Жолдасбеков, жазушы Дулат Исабеков әдемі өрнектеп айтып берді. Бір қызығы, сол кездегі «Лениншіл жастың»  редакторы Шерхан Мұртаза жас журналист, бесінші курс студенті Д.Исабековке осы жиыннан бір бет мақала жазуды тапсырады. Мақала жазылады. Шерағаң қол қойып нөмірге жіберуге қина­лады. Мақаланы республика ком­сомолының  бірінші хатшысы Өз­бекәлі Жәнібековке «оқытып ал» деп Дукеңді тағы жұмсайды. Сөйт­се Өзағаң да ұзақ ойланғаннан кейін материалдың шекесіне: «Ду­май, Шерхан! Думаю, в этом нет на­добности» деп сілтеме жазып сақтандырады. Сөйтіп, мақала шықпай қалады. Өзағаңның өйтуінің де сыры бар. Өйткені, «Жас тұлпардың» іс-әре­кеті, тірлігі Алматыда да біраз адам­дарға ұнамайды. Бұларға КГБ да назар аударады. Республика деңгейіндегі партия дөкейлерінің бірі Мұрат Әуезовке: «Вот ты какой! Идеологияда не ақыларың бар сендердің?!» деп үстел соққаны және бар. «Жастұлпарлықтарды» одан арғы қудалаудан Дінмұхамед Қонаевтың ақылман байыптылығы ғана құтқарып қалған көрінеді. Жаңа кітаптың тұсауын кесу құрметін Мырзатай Жолдасбеков пен Мұрат Әуезов  еншіледі. Лентасы қиылған жеті кітап өнер академиясына сыйға тартылды. Жазушы Софы Сматаев 1961 жылы Мәскеуде ұлы жазушы Мұх­тар Әуезовтің жастарға айтқан өсиетін үлкен толғаныспен баян етті. «Жастұлпарлық» рухпен ашаршылық жайлы алғашқы романды жазған қаламгер Смағұл Елубай «Алаштың» үзілген жібін жалғаған бұл қозғалысты ешқашан ұмытпауға, қастерлеуге шақырды. Тұншыққан намыстың осылай аталуы, «Жас тұлпар» мен Желтоқсан мысалдары қазақтың пассионар ұлт екенін дәлелдейтіні туралы ой-толғам да көпшілік көңілінен шыққандай. «Жас тұлпар» рухында шы­ң­­­­­далған қазақ жастарынан ұлт мә­­дениетіне, қазақ қоғамының ал­ғы легіне тамаша қайраткерлер шоғыры қосылды. Олардың бәрі әр саладағы белгілі тұлғалар, үл­кен азаматтар. «Жас тұлпар» та­­ри­­хы ұрпаққа өнеге. Ал осы та­рих­ты баяндаған, ұлттық рух­ты ас­қақтатқан кітаптың құн­ды­лы­ғында сөз жоқ. Тұсаукесер рәсімі «жастұлпарлықтардың», елі мен жерін сүйетіндердің мерекесіне айналды. Шын мәні­сінде ине шаншар жер жоқ, лық толы зал әйгілі әнші, жастұлпаршы Сара Ты­ныш­тығұловаға қосылып «Ме­нің Қазақстанымды» шыр­қады. Со­ның ішінде сіздің тілшіңіз де бар еді. АЛМАТЫ. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген  Юрий БЕККЕР.