Белград қаласында «Сербия» Республикалық сарайында Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі және Сербия Республикасында елшілік міндетті қоса атқарушы Нұрбах Рүстемов Сербия Республикасының Президенті Томислав Николичке Сенім грамотасын тапсырды, деп хабарлады ҚР СІМ-нің баспасөз қызметі.
Ресми салтанаттан кейін болған сұхбатта Сербия Президенті қазақстандық дипломатты тағайындауымен құттықтай отырып, кәсіби дипломатиялық салада табыстар тіледі. Бұл ретте, ол саяси үнқатысудың достық сипаттылығын ерекше атап, Қазақстан мен Сербия арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың жай-күйіне жоғары баға берді.
Сербия басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа ізгі тілектерін жолдап, Елбасын Белградқа ресми сапармен келуге шақырды.
Н.Рүстемов, өз кезегінде, Қазақстанның Сербия Республикасымен конструктивті және өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды жандандыруға дайын екенін жеткізді.
Сұхбат барысында, халықаралық проблематиканың негізгі аспектілері бойынша екі ел ұстанымдарының ұқсастығы айтылды. Сербия 2010 жылғы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын, сондай-ақ, еліміздің 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдауы берік достықтың нақты дәлелі болып табылады.