Сұхбат • 30 Қыркүйек, 2021

Кез келген қойылымда ұлттық ерекшелігіміз көрініп тұруы керек

626 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Жаһанды уысында ұстаған пандемия салдарынан небір айтулы оқиғалар өз дәрежесінде өтпей қалды. Соның бірі – Алматы даңғылдарында дүркіреп өтуі жоспарланған Қазақ мемлекеттік циркінің жартығасырлық тойы еді. Қазақ мемлекеттік циркінің директоры, мәдениеттанушы ғалым Бақыт БӨКЕБАЕВПЕН цирк өнерінің табыстарымен бірге, осы жанр­дың жолын бөгеген мәселелер төңірегінде әңгімелескен едік.

Кез келген қойылымда ұлттық ерекшелігіміз көрініп тұруы керек

Бақыт Әбдіғалиұлы, ри­то­ри­калық сауал болса да сұ­ра­йын, қазаққа цирк өнері керек пе өзі?

– Кейде бұл сұрақты мен де өзіме қоямын. Қауіп-қатері мол цирк өнерінің қазаққа қан­шалықты қатысы бар деп ойлай­тындар әрине, жоқ емес. Цирк өнер ме, әлде кәсіп пе деп сұрақ қоятындар да табылады. Ұлан-ғайыр даламызда небір самдағай өнерпаздар болған және бүгін де бар. Қазақ ер­тегілерінен бас­тау алатын түйе палуандар мен желаяқтар, құ­ралайды көз­ге атқан мергендер, ат сауырында шауып келе жатып көз ілес­пес жылдамдықпен адам сен­бес өнерлерімен елді таң­ғал­дырған шабандоздардың бәрі де бүгінде цирк трюктеріне айналып, арнайы бағдарламаларға ен­гізіліп, қолданыста жүр. Әлем­ге әйгілі Қажымұқан палуан­ның да трюктері осы цирк бағ­дар­ла­масына арнайы нөмір болып енген.

Тоқсаныншы жылдары цирк ғимараты жекеменшікке өтіп кетіп, кейін көп әлекпен мемлекетке әрең қайтарылған-ды. Сол тұста талай цирк май­тал­­­­маны шетел асып кеткенін көр­дік. Қалыптасып қалған мек­­­теп­тің үзілуі, іркілісі әлі де бай­­­қалатын сияқты?

– Қазақстанның «Мәдениет туралы» Заңында цирк туралы заң да, құжат та болмағандықтан, 2014-2016 жылдары Қазақ мемлекеттік цир­кі жекешеленіп кетуге аз қал­ды. Еліміздің «Мәдениет туралы» Заңына сәйкес ескерткіштер мен ғи­мараттар жекешеленбеуі керек. Келешекте де циркке қатысты нақ­ты заң болмаса, бұл мәселе қайта көтерілуі бек мүмкін. Ең өкі­ніштісі, цирк мәдени ойын-сауық кешені деп танылғандықтан, еш­­қандай заңда арнайы цирк деген бап пен тармақтың жоқ­ты­­ғынан көптеген мәселелер әлі ше­­шімін таппай келе жатыр. Тоқ­­­саныншы жылдары цирк ғи­ма­раты жекешелендіріліп, сол кез­дегі циркті иемденіп кеткен іс­керлерге бұл өнердің құны бес тиын болғандықтан, қаншама мықты цирк өнерінің майталмандары шетел асып кетті. Әрине, кәсіпкерге цирктің ішінен базар ашып жіберсе де бәрібір, тек пайда тапса болғаны.

Осыдан тоғыз жыл бұрын солтүстіктегі көршілеріміз «Цирк өнерін 2020 жылға дейін да­­мыту жөнінде» тұжырымдама қа­былдапты.

– Бізге де Ресей сияқты цирк өнері туралы арнайы заң мен құ­жат болмаса – ешқашан қазақ цир­кінің болашағы жайлы анық еш­теңе айта алмаймыз. Қазақ цир­кінің әртістері әлемді аралап, гастрольдік сапарлар мен ха­лық­аралық фестивальдарға қа­тысып, биік деңгейлерін көрсетіп жүр, тек көрсетіп қана қоймай жүл­делі орындарды ұдайы ием­деніп келеді. Бірақ жеңіспен жеткен цирк әртісінің жетістіктері өз елімізде аса бір қошеметке бө­леніп, ақпарат құралдарын шулатып жатқанын көрмейсіз, соған қарным ашады.

Шетелдік көрермендер тән­­ті болған цирк әртістері өз елі­­мізде неге танылмай, неге өнер­­лері дұрыс бағаланбай отыр?

– Оның бірнеше себебі бар. Ол, біріншіден, жоғарыда айтып өткендей, цирк өнері мемлекеттің толыққанды қолдауына өтуі керек. Екіншіден, Қазақстанда Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды мен Шымкент қалаларында ғана стационарлық цирк бар. Сол айналдырған төрт цирктің арасында гастрольдік байланыс жоқ.

Цирктер жергілікті әкім­ші­­ліктерге бағынышты болған соң, әр цирк өз алдына күн ке­­шіп жүр. Ал цирк өнеріне бейім­делмеген сахнада өнер көр­­сету машақаттарынан бас­қа, кө­рермендердің де әртістердің де өміріне қауіп төндіреді. Әртістер өз нөмірлері мен трюктерін то­лыққанды көр­сете алмайды, ал таңданыс пен тама­шадан тұ­ратын киелі өнерді толыққанды көрерменге көрсетпеу – қиянат. Сондықтан цирктер жер­гілікті әкімшіліктерге емес, минис­тр­лікке қарасты болса, сол ми­нистр­лік театрлар сынды гас­трольдік конвейерлер жасап отырса, цирк өнерінің деңгейі кө­теріле түсер еді. Қазіргі кезде ай­налдырған төрт цирк бір-бірінен бейхабар, басқа циркте не боп жатқанын білмейміз.

Қазақстан цирктерінің бір-біріне гастрольдік сапарларға шық­пайтынын білетін ресейлік цирк компаниялары бірінен кейін бірі гастрольге келіп, әр қалада айлап тұрып, тіпті тозығы жеткен жа­дау-жүдеу шапитосын құрып алып та, қыруар табыс тауып кетіп жатыр. Цирк өнері үшін гастрольдік сапар өте маңызды. Себебі, цирк­тік бір қойылымды дайындап қоюдың өзі біраз уақыт алады, ол қойылғаннан кейін небәрі бір-ақ ай және демалыс күндері көрерменге көрсетіледі, сонда небәрі 10-12-ақ рет қана көрсетілген соң қойы­лымды тоқ­­татуға мәжбүр. Өйткені қан­дай мықты қойылым болса да бір қаладағы көрермендер екі қай­талап келмейтіні анық.

Қазақ циркін конвейерге қосу туралы екі рет «Росгосцирк» бас­шыларымен меморандумға қол қойып келіскенбіз. Алайда олардың фес­тивальдары мен жиналыстарына бармағандықтан, көзқарасы мен көңілі онша мәз болмай, кейінгі кезде әңгімелерін ашық ай­та бастады. Сондықтан біз тіпті Қазақ­стан, одан әрі Орталық Азия бо­йынша гастрольдік конвейер ұйым­дастырып, бір жолға қойып алсақ, бұл баға жетпес табыс болар еді. Қазақ циркі аталған конвейерге іліксе, үлкен пайдасы тиер еді. Келешекте қайткенде де бұ­ған қол жеткізу керек, өз қаза­ның­да қайнай бергеннен түк те шықпайды.

Цирк өнеріне мамандар даярлауда шешілмей келе жат­қан екі мәселе туралы айтып жүрсіз?

– Ж.Елебеков атындағы Рес­­пуб­ликалық эстрада және цирк коллед­жінде болашақ цирк әртіс­терін даярлау бөлімі біз­дің Қазақ мемлекеттік циркі­нің ғимаратында өтеді. Соның ішіндегі ең бір бас­ты және тек бізде ғана емес бү­кіл цирк әле­мінде түйіні түп­кі­лікті ше­шілмей келе жатқан екі мәселе бар. Бі­ріншіден, цирк реквизиттерін дайын­дайтын арнайы мамандар мен станоктардың жоқ­тығы цирк әртістерін да­йындауға көп кесірін тигізіп отыр. Сондықтан бүкіл Орталық Азиядағы цирк өнерімен айналысатындар не Ресейге, не Қытайға барып айлап жүріп ке­ректі реквизиттері мен басқа да саймандарын жасайтын мамандар мен зауыттарды іздейді. Ал енді сіз керегіңізді іздеп тапсаңыз, сол тапқан дүние­ңізді жеткізуіңіздің өзі бір үлкен машақат. Ол жақ­тан сатып ала салу еліміздің мем­лекеттік сатып алу заңына сай келмейді. Соның кесірінен соң­ғы отыз жыл­да цирк манежіне тө­сейтін кілем де сатып ала алмай отырмыз. Жадау, жүдеу, жыртық, то­зып кеткен цирк кілемінде өнер көр­сетуге мәжбүрміз. Цирк мане­жіне кез келген кілем жарамайды. Қатаң талап етілетін өз сапасы бар. Цирктің талабына сай тө­се­ніш кілем тек Беларусь пен Украинада дайындалады, ал оны са­тып алу біздің мемлекеттік сатып алу заңымен үйлеспейді. Қа­зақ­станның мемлекеттік сатып алу заңы­на осы мәселе бойын­ша келе­шекте өзгерістер енсе, жұ­мысқа жан бітер еді, бұл және цирк­те ғана емес, театрларда да бар ма­ша­қаттар.

Екінші мәселе – әлемдік цирк­тер­дің бәрінде дерлік шешімін тап­пай келе жатқан клоундар даяр­лау мәселесі. Цирктегі нәзік те құ­былыс пен иірімдерді толық қамты­ған өте ауыр жанр бұл – клоунада. «Клоун» латынша­дан аударғанда «қарапайым адам» деген мағына береді. XVII ғасырдың басында Лондонда дү­­ниеге келген бұл жанр көрер­мен­нің көңілін көтеруде жеңіл көрін­генімен, сол бір реприза немесе бір нөмір­ді шығару үшін әртістің қаншама тер төгіп, қаншама шығармашылық ізде­ніске түсетінін көпшілік біле бер­мейді. Қандай керемет цирк қойылымы болса да клоундық қойы­лым өз деңгейінде болмаса бағдарламаның сапасы түсіп кетеді. Өкінішке қарай, тек қа­зақ­стандық клоунада емес, қазір бар­лық елдерде бұл жанр тоқы­рап тұр. Себебі, клоундар даяр­лайтын нағыз мамандар жоқ. Кезінде қазақстандық клоун бол­ған бір-екі адам сабақ беріп, шә­кірт тәрбие­лесек деген оймен тал­пыныс­тар жасап көрген, бірақ өзде­рінің авторлық жұмысы мен идея­сы және арнайы білімі болма­ғандықтан істері алға баспады.

Клоун дайындамақ болған­дардың өздері басқаларды қай­талап жүргендіктен, не оқытып, не жаңалық енгізе қойсын, қайталау цирк әлемінде бірден көрініп тұра­ды. Басқа амал жоқ болған соң клоун­дарға басқалардың репризаларын қолдануға рұқсат беріп отырған жайымыз бар. Әр клоунның өзіне жеке нөмір жа­сауы үлкен табыс деп айтуға болады. Бұрын әр клоунның қойылымына арнайы сценарист, режиссер, драматургтер тартылып, көркемдік кеңес­тен өтіп, өтпегені қайта түзе­туге кетіп, сахнаға сақадай сай болғанда ғана шығатын, ал бү­гінгі клоун­дар өздері сценарист, өз­дері ре­жиссер, өздері музыка редак­торы болып, өз білгендерімен шы­ға берген соң олқылықтар мен кемшіліктер көп болатыны бел­­гілі және көрерменді де баурай алмайды. Негізі клоундыққа та­би­ғатынан бейім адамдар болады. Бұл – оның психологиялық ішкі түйсігі, адам өзінің қателігіне өзі күле білуі мен соны мойындай білуі. Клоундар да жанрға бөлінеді – музыкалы, енді бірі спорт, енді бірі күнделікті қара­пайым адам кейпінде, әркім өз жанрына сай реприза мен нөмірлер ойлап тауып, өмір сабағын көрсете білу – нағыз шеберлік.

Қазіргі таңда ресейлік клоу­на­да әлемдік деңгейде жоғары баға­ланып, алғашқы ондыққа к­і­ретін атаулы клоундар бар. Бү­кіл Еуропа сол клоундармен үл­кен келісімшарттар жасап, елді цирк­тік қойылымдарға тартып, қыруар табыс тауып отыр. Ондай таланттарды бізге де әкелуге бо­лады, бірақ олардың гонорары өте қымбат, әр қойылымға шық­қаны 25-30 мың еуроны құрайды. Біл­мейтін адам соншама неге қым­бат, не көрсете қояды деуі мүм­кін. Біріншіден, ол керемет жар­нама, жақсы клоун келген кезде бүкіл ел дүрлігіп циркке келе­ді. Көрерменді рахатқа бөлеп, ішек-сілесін қатыра күлдіре отырып адамға ой салатын тамаша нө­мір­лерді көрген соң ол адам апта бойы, тіпті ай бойы бір керемет кө­ңіл күйде жүреді. Дегенмен бұл мәселені шешу жолдары бар. Ар­­найы маманды Украина немесе Рес­ейден шақыртып 5-6 шә­кірт оқы­­тып алсақ, келешекте Қазақ­стан­­ның клоундық мектебі пайда болар еді, ең бастысы мектеп керек.

Ең өкініштісі, бүгінгі таңда жас­тар арасында жаңа stand up сти­лінің пайда болып, осы клоун­дық мансапты сөз түріне аудару ар­қылы өте бір анайы жанр пайда болды.

Қазір ел ішінде осы жанрды насихаттаудың қарапайым жолы қандай?

– Цирк әртістерінің еңбектері ақталу үшін гастрольдік сапар­лар­ға жиі шығып тұруы керек. Ал елдегі стационарлық төрт-ақ цирк аздық етеді. Қазақ мем­ле­­кет­тік циркі үшін «Шапито» цир­­кін қолға алу да күттірмейтін мәселе. Неге? «Шапитоның» қо­йы­лым­дарымен еліміздің түк­пір-түк­піріндегі қалалар мен аудан­­дарға барып, цирк өнерін ха­лыққа насихаттаудың рөлі зор болар еді. Балалар жас кезінен бір өнерге тәнті болып қызығып өс­песе, көрмеген дүниесін қа­лай қиялдайды? Бастапқыда балалар үшін цирк таңсық болары сөзсіз.Себебі, ат үстіндегі ауда­рыспақ, қыз қуу, көкпар, бәйге мен палуан күрестерінің бәрі де – цирк өнерінің бастауы еке­ні айқын. Біз оны кейінгі екі-үш жылда Сақ қорғандарында ұйым­дас­тырылып жүрген «Ұлы дала» фестивалі, Наурыз мерекесі мен цирк қойы­лымдарындағы ат ойын­дарын көр­­ген балалардың қатты қы­зы­ғып, еліктегендерінен байқадық.

Әрине, бұл мәселелердің шешілуі қаржыландыруға келіп тіреледі. Және цирк өнерінің дамуына министрліктен бастап жер­гілікті әкімдіктерге дейін атсалысуы ауадай қажет. Онсыз елімізде цирк өнері толыққанды дами алмайды. Еуропа, Қытай, тіпті Аме­рика мен Канада, Мексикаңыз бен Африкаңызда осы цирктің коммерциялық бағдарламалары арқылы өздері де пайда тауып, ортақ қазынаға да қаражат құйып отырғанын айта кеткен жөн.

Бұл өзі қателесуді кешір­мейтін өнер. Көрермендерінің көз алдында жантәсілім болған өнер­паздар бар. Жалпы, цирк майталмандары жұмыссыз қал­са, өзін өзі асырай ала ма?

– Жанкешті өнерге қызмет ете­тін цирк әртістерінің айлық­та­ры мардымсыз екенін жасырмау керек. Сананы тұрмыс билеп тұрса, өнердің өсуі туралы қандай әңгіме айтуға болады. Олардың қо­сымша жұмысқа тұра алмайтыны тағы бар.

Бүгінгі таңда Қазақ мемле­кеттік циркінің штатында 110 әртіс бар. Ж.Елебеков атындағы рес­­публи­калық эстрада-цирк колледжі­нің студенттері көз алдымызда дайын­далып жүрген соң, жылда цирк бөлімі бойынша оқу бітіретін 8-9 бала­ның ішінен қабілеттілерін жұмысқа алып оты­рамыз.

Негізі цирк әртісінің өнердегі жолы келте болады. Себебі, күш-қайрат пен самдағайлықты, жыл­дамдық пен тапқырлықты талап ететін өнер саласын ұзақ жылдар бойы сапта тұрып ұстап жүру мүм­кін емес. Сондықтан еліміздегі Шым­кент пен Нұр-Сұлтан циркіне де жас әртістер қажет, бірақ бұлар­ды да мазалайтын бірінші сұрақ  – айлық табысы мен үй мәселесі.

Цирк әртістері қатерлі болса да сол азғантай айлыққа еңбек ете беруден басқа амалдары жоқ. Ең бастысы, әртістеріміздің әлеуеті өте мықты, соны білетін шетелдік ком­паниялар халықаралық фести­вальдарға шақырып, одан әрі өздеріне жұмысқа алып кетіп жатады. Оларды жібермей, қиянат жасауға тағы болмайды. Күші бар кезде барып жақсы қаражат та­уы­п, өздерінің тұрмыс жағдайын ше­шіп алулары керек. Өйткені қазір уақытты жіберіп алса үй-күйі жоқ болып, жасы келгенде далада қалуы мүмкін.

Балет әртістері сияқты цирк әртістерінің зейнет жасын шешу мәселесі де көп жылдан бері ай­тылып келеді.

– Әдетте, күнде жаттығып, ұр­шықтай иіріліп жүрген соң цирк әртістерінің жас көрінетіні белгілі. Кезінде мықты өнер көрсеткен мамандарымыздың жасы келсе де зейнетке шыға алмай жүргендері қаншама. Кеше керек болған әртісті бүгін далаға лақтырып тас­­тай алмайсыз. Сондықтан олар қа­зіргі кезде жастарды өнер­ге бау­лып жүр. Қаншама қиын­шы­лықтарға қарамастан, өзде­рін цирк сахнасында ұстап жүр­ген цирк әртістерін кәсіби тұрғыда бағалап, қажетті көңіл ауда­рыл­мағандықтан әлі күнге дейін цирк­те істейтін әйелдер – 58, ал ер адамдар 63 жаста зейнеткерлікке шығуы өзгеріссіз қалған.

Жоқ жерден жаңа заң талап етіп отырған жоқпыз әрине, біз­дің елімізде, қауіпті және зиянды өн­дірісте жұмыс істейтіндерге же­ңілдіктер қарастырылған. Цирк өне­рінде де өте қауіпті жағдайлар көп болады. Жастайынан өнер десе, ішкен асын жерге қоятын цирк әртістері 40-45 жаста күш-қуа­тын сарқып бітері сөзсіз. Себебі, табиғаттың да заңы солай ғой, енді олардың кете қала­тын зейнетақысы жоқ, жасы кел­меген, оларды далаға тас­тай ал­майтыныңыз тағы бар. Ұжым­ды жаңа буынмен толық­тырайын десеңіз, штат орны санаулы болғандықтан, бір адам да ала алмайсыз. Бұл мәсе­ле Ресейде өте оңтайлы шешіл­ген. Бұрын 20 жылдық ең­бек өті­лімен зейнеткерлікке шы­ғатын болса, кейінгі кезде бұл мәселе қайта қаралып, ресейлік цирк әртістері 15 жылдық еңбек үле­сімен зейнеткерлікке шыға бе­реді екен. Әрине, жасы келген адам­ның акробаттық трюктермен кө­рерменге таңдай қақтыру да оңайға түспейді, тіпті кейде мүм­кін де емес. Енді әдемілік пен сам­дағайлықты көруге келген көрер­меннің алдында да эстетикалық жағынан олқы боп тұратыны сөзсіз. Жанын шүберекке түйіп, ка­нат­тың үстінде кетіп бара жат­қан алпыстағы шал мен кемпірді кө­руге кім құштар дейсіз?

Синтезделген цирк спектакльдарын ұйымдастыруға ұмтылып жатқандарыңыздан хабардар едік?

– Ұлттық мәдени мұра негі­зінде және хореграфиялық өнер түрлерімен синтезделген цирк өнері туралы сөз айтылса, елдің бәрі аңызға айналған канадалық «Дю Солей» циркін еске алады. Бірақ әйгілі Дю Солейдің өзінде ұжымы мен әртістері жоқ, ондай штатта әртістер болмаған соң әрине, жануарлары да болмайды. Олар әр қойылымға жан-жақтан дайын нөмірлерімен әртістерді, спортшыларды келісімшарт бо­йынша белгілі бір уақытқа ша­қырып, тек шоулар дайындап көрсетеді. Ал біздің цирк­терде шығармашылық ұжым, әртіс­термен бірге ат, түйе, жолбарыс пен иттер, аю, жылан, ешкі сын­ды жан-жануарларымыз бар және оларды өзіміз дайындаймыз. Жар­нама деген керемет күш, сол «Дю Солей» циркін көру үшін кем дегенде бір ай бұрын билет сатып алынады. Билеттерінің құны да қымбат, тіпті 1000-3000 АҚШ дол­ларына дейін жетеді. Жарнама жақсы болған соң қымбаттығына қарамастан, билеттері де тез сатылады. Себебі олардың кереметтігі қаражатты аямай, жаңа технологияларды пайдалана отырып, елді таңдандыру үшін небір сценарис­тер мен керемет режиссерлерді шақырып, дара шоулар жасай білуінде. Әрине, мұның бәріне қыруар қаражат керек, және ол өз шығынын он есе ақтайды. Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі болып жатқан кезде осы «Дю Солей» циркі келгенін көрген болар­­сыздар, сонда адам таң қалып, құлап түсердей ештеңе бола қойған жоқ, олардың тек сол тех­никалық мүмкіншіліктерді жақ­­сы пайдаланғаны, лентамен жүр­ген темір аттары ғана есімізде қалды.

Ендігі жерде бізге де өзі­мізді етене таныту үшін ұлт­тық ерекше­ліктеріміз бен салт-дәс­түрімізді цирк тілінде сөй­лете білуіміз керек. Бүгінгі таңда ат үстіндегі ойын­дар мен трюк­тердің барлығы цирк қойы­лым­­дарының ең бір негізгі нөмір­леріне айналды. Ат үстінде өнер көрсету – екінің бірі­нің қолы­нан келе бермейтін ауыр өнер. Сондықтан біз бұны ата-бабамыздан қанмен берілген төл өнер деп қана қоймай, ат үстінде өнер көрсететін жастар­ды тәрбиелеумен айналысып келеміз. Бүгінгі таңда аттың құла­­­ғында ұршықтай үйірі­летін әр­тістеріміз әлем бо­йын­­ша үлкен сұранысқа ие. Небір шетелдік кинокомпания­лар кас­кадерларымызға үлкен қызығушылық танытып, ұдайы шақырып жүр. Ат үстінде өнер көрсету акробатиканың бір түрі есебінде үйретіліп отырады. Сон­дықтан да бұл жанрда өнер көр­сететін жігіттерді даярлайтын мық­­ты мектеп қалыптасты деп айтуы­мызға болады. Кез келген мемлекетке барсаңыз, олардың ұлт­тық колориті бірден байқалып тұрады. Біздерге де кез келген қойы­лымдар мен бағдар­ла­ма­ларда өзіміздің ұлттық бояу­ы­мыз байқалып тұруы қажет. Оны көрерменге әдемі жеткізе білу, режиссерлік шешімдердің маңызы аса зор. Біздің Қазақ мемлекеттік циркіне 50 жыл тол­ды. Осы орайда Қазақ мемле­кеттік циркі мерейтойлық үлкен халық­аралық фестивальға да­йын­дық жасап, жоспарлап қойған ұлтымыздың «Ертөстік» ер­те­гісінің желісінде лазерлік шоу дайындап, көрерменге жеткізген едік, өкінішке қарай, әлемдік пан­демияның кесірінен ол жоспарымыз іске аспай қалды. Дегенмен келешекте де дайындалатын бағ­дарламалар мен қойылымдар то­лы­ғымен ұлттық нақышта болуы керек...

Әңгімеңізге рахмет.