Астанада өзінің атындағы көшенің бас жағында зәулім үйлердің ортасындағы алаңқайда екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновке ескерткіш орнады. Елорда Ақмолаға көшіп келген алғашқы жылдары осы көшенің бойында, батырдың көзі тірі шағында біраз уақыт тұрғаным бар.
Жұрт аяғы басыла Тәкеңді көруге бардым. Шынымды айтсам, ескерткіш бірден ұнады. Жан-жағын зәулім үйлер қоршаған, күре жолға таяу алаңқайда, төңкерілген көк аспанның астында, цилиндр тәрізді биік тұғырда тұлғасы күнге шағылысып, соғыс кезіндегі әскери ұшқыш кейпіндегі жас жігіт аяғын алшаң басып, болашаққа сеніммен қарайды. Оның дембелше, шиыршық атқан тұлғасына галифе шалбары да, етігі мен өңірі сәл ашылған күртешесі құйып қойғандай жарасып, қажет болса осы қазір ұшағын ұршықша иіріп, көк әлеміне жолбарыстай атылатын бұла күші атойлап тұрғандай. Мүсінші Тәкеңнің сымбатты, қайратты, жастыққа тән тентек, жаужүрек бейнесін дәл бейнелепті. Қазақтың ұлан-байтақ даласын, міне, осындай батыр оғландары қорғамаса бүгін оның тәуелсіз, азат шағын көрер ме едік?!
Мен ескерткіштің іргесіндегі орындыққа тізе бүктім.
Талғат Бигелдиновтің қадірлі есімін қашан, кімнен естідік деген сұраққа соғыс жылдары дүниеге келген біздің ұрпақ жауап бере алмас еді. Құлағымызға дала желімен кірді ме, әлде майдан даласында опат болған ардақтысын жоқтаған ана зары жеткізді ме?! Жыртық киім, аш құрсақ күндерде соғыстан қайтқан мүгедек әке, ағаларымыздың көздері оттай жайнап айтқан ерлік әңгімелерінен ұқтық па, әйтеуір, ес білгелі Бауыржан, Талғат, Мәлік сияқты хас батырлар санамызға сіңген еді. Біз ойнағанда да соларға ұқсап бағатынбыз.
Ал осы батырлардың көзін көрдіңіз бе деген сұраққа әркім өзінше жауап берері анық.
Мен Тәкеңді тұңғыш рет жетпісінші жылдары Қазақ телевизиясының Алматыдағы ескі ғимаратында көрген едім.
Студияда Жеңіс күніне арналған әскери-патриоттық телехабарға дайындық жүріп жатты. Орта Азия әскери округінің қолбасшылары мен офицерлері, соғыс ардагерлері, оларды құттықтауға келген пионерлер... Жарқ-жұрқ еткен ордендер, қызылды-жасыл гүлдер, шат-шадыман күлкі телевизия ғимаратының ішін кернеп кеткен. Бір кезде ұзындығы есік пен төрдей ЗИМ маркалы қара машина ауладағы кіреберіс баспалдаққа жанасалай тоқтады. Ішінен алып денелі әскери адам шықты. Бұл – Орта Азия әскери округінің қолбасшысы, кейіннен КСРО-ның қорғаныс министрі болған армия генералы Дмитрий Язов еді. Аты аңызға айналған, әсіресе, бойы екі метрден астам, жауырыны қақпадай, ер мұрынды адам екен. Алып ЗИМ-ге сыймай алдыңғы орындығын алып тастап, жайдақ жерге отырғанның өзінде төбесі тіреліп қалатын көрінеді. Генералды бойы бұлдырықтай, қолды-аяққа тұрмайтын журналист, хабар жүргізушісі В.Толчинский мен студия басшылары қарсы алды. Ол кезде қазақша сөйлейтін әскери адамдар тапшы болғандықтан мұндай хабар көбіне орысша жүргізілетін де В.Толчинскийдің тасы өрге домалап тұрған. Журналистің сөзі округке де, комиссариатқа да өтімді еді. Алда-жалда ол жаққа ісі түскендер соған айтатын. Обалы кәне, В.Толчинский көп бәлсінбей, бірден қолұшын беруші еді. Сондай жағдай менің де басымнан өтті. Кенже інімді әскерге шақырып, парызын өтеуге Германияға жіберетін болды. Аттанардан бір күн бұрын ауылдан кәрі анам келіп, кенжесінің жағдайын естіген сәтте жылап қоя берді.
– Әкең Шәріп германның қолынан қаза тапқаны аз ба? Енді оның жерін күзетуге ініңді матап беріп отырсың. Немене, әскери борышын өтеуге ұлан-байтақ қазақ жері жетпей ме?! Бармайды менің балам, германыңа! - деді шешем. – Жібермеймін!
– Оны бізден сұрамайды ғой. Басқа да қазақ жігіттері кетіп барады, солардан кем бе? Барса ел көреді, жер көреді. Ертең таңертең жолға шығады. Жарты-ақ күн қалды. Бұл әскери тәртіп. Менің қолымнан не келеді?!
– Келеді. Келтіресің! Қонаевқа бар, айт! Мен айтты де! Он бала өсірген «Ардақты ана» айтты де!
Анам «сөз бітті» дегендей теріс қарап, бүк түсіп жатып қалды. Бұл кісінің мінезі өзіме аян, алған бетінен қайтпайды. Тығырыққа тіреліп, кімге сабағат саларымды білмей, ойым сан саққа шарқ ұрды. Ол кезде Қазақ телевизиясында Изя Эйнохович Фидель бастаған Бендицкий, Толчинский, Велитченко, Немирский, Головинский, т.б. тәрізді «орыс», «украин» жігіттері көп істейтін. Солардың бірінің қолынан келмесе, әскери комиссариатқа қазақ жігіттерінің сөзі өте қоймайтыны әлімсақтан белгілі. Шарқ ұрып іздеп, Толчинскийді таптым. Бізден он-он бес жастай үлкендігі бар адам еді.
– Ағатай, осылай да осылай, қолұшыңды бер! – деймін ғой. Ол ойланып, әлденені салмақтап сәл отырды да көп бәлсінбей:
– Жарайды, бауырым. Жақсы көретін жігітім едің, айтқаның болады. Інің кешке үйіңе қайтады. Ал мен оның орнына өз еркімен баратын басқа адам іздеуім керек, –
деп телефонның құлағын бұрай бастады.
Айтқанындай, інім түнде үйге қонып, үш күннен соң әскерлік борышын өтеуге Отар бекетіне жүріп кетті.
...Міне, сол Толчинский кезекті қонағымен дәлізде ұшыраса кетті. Қасындағы полковник шеніндегі дембелше келген орта жастағы қазақтың омырауындағы сан түрлі орден, медальдары жарқ-жұрқ етіп, қозғалған сайын сыңғыр қағады. Жанына келгенде көрдім: сол жақ өңірінің жоғары жағында екі алтын жұлдыз қатарласып сәуле шашады.
– Ассалаумағалейкум, аға! – дедім кенеттен қос қолымды ұсынып.
– Әліксалам! Полковник кілт тоқтап, «кімсің?» дегендей бетіме таңырқай қарады.
– Бұл біздің болашағынан үміт күттіріп жүрген талантты жас журналисіміз, - деді Толчинский маған көпшік қойып.
– Ал Талғат ағаңды танитын шығарсың?!
Мен тұңғыш көріп тұрсам да басымды изедім.
Екеуі прожекторлары жарқыраған үлкен студияға кіргенде ондағы әскерилер мен соғыс ардагерлері орындарынан тік тұрып, батырды қарсы алды. Алып денелі Д.Язов қолтоқпақтай ғана Тәкеңді айқара құшақтап, ежелгі таныстарша құлағына әлденені сыбырлап, күлдіріп жатты.
Тәкеңді одан кейін де сыртынан талай көрдім.
1984 жылдың күзі болатын. Талғат Бигелдинов КСРО әдеби қорының Қазақстан бөлімшесіне қарасты жазушылардың шығармашылық үйіне директор болып тағайындалды. Ол кезде мен Қазақстан Орталық партия комитетінде әдебиет секторын басқаратынмын. Қызмет бабына орай Жазушылар одағындағы жаңалық маған тез жететін. Одақтың бірінші басшысы Олжас Сүлейменов конференц-залға жазушыларды жинап алып:
– Шығармашылық үйіне директор құтаймай қойды. Бірінің көзі ұнамайды, екіншісінің сөзі ұнамайды деп түртпектеп сыйдырмай жүрсіңдер. Сендерді басқаруға бір жұлдызы бар батырдың да шамасы жетпейтінін білген соң Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Жақыпбекұлына қолқа салып, директор болуға көндірдім. Міне, Тәкең алдарыңда отыр. Енді көшіміз түзелетін шығар, - дейді.
Жазушылар ақкөңіл халық қой, алақандары қызарғанша қол соғып, тіпті, кейбірі Тәкең туралы роман жазуға кірісіп кетеді.
Алғашқы екі-үш ай тыныш өтті. Тәкең ет қызуымен талай істің басын қайырыпты. Ауланы абаттандырып, қараусыз қалған алма бағын суарып, коқыр-соқырдан тазартып, ішіне жазушылар демалатын орындықтар қойғызып, гүл егіпті. Содан соң өзінің таудағы бал арасын ұясымен көшіріп әкеп, бақтың бір бұрышына орнатады. Тәкеңнің екі түрлі құштар ісі, яғни хоббиі болатын. Бірі – автомашина, екіншісі – бал арасын өсіру. Қырық жыл бойы кішкентай ғана сүйкімді жәндіктің бабын тауып, баласындай қорғаштап, әрқайсысының ұшатын өрісін де біліп отыратын. Бал арасы тазалықты сүйеді. Тәкең кейбір жазушылардың бейсауат еркін жүрісіне тыйым салып, ара ұясы тұрған маңайға жолатпайды. Бір кезде бүкіл елдегі автомашина әуесқойлары кеңесінің орталығына төраға болған ағамыз демалыс аймағын машина газы қалай ластайтынын жақсы білгендіктен шығармашылық үйіне өз көлігімен келіп, жазу жазып жатқандарға да шектеу қойыпты. Соның бірі – ақсақал жазушы Сафуан Шәймерденов – келген сайын көлігін шығармашылық үйінің ауласына қояды екен. Бұған Тәкең шыдасын ба?! Екеуінің арасында қатқыл әңгіме болып, бұл дау Олжасқа жетіп тоқтапты.
Көп ұзамай, бақтың ішінде қиял үстінде жүріп, аралардың ұясы тұрған бұрышқа байқамай өтіп кеткен жас жазушыны Тәкеңнің сүйіктілері жабыла талап, мұның соңы үлкен айқайға ұласады. Қайткенмен де екі мәрте батырдың абыройы мен Олжастың ерекше қолдауы бар, әлгі араға таланған байғұстың көңілін тауып, дауды басыпты.
Сол кездері, кімнен шыққанын білмеймін, жоғарыдан шығармашылық үйіне бір орыс қызын жұмысқа орналастыруды сектор меңгерушісі ретінде маған тапсырды. Барсам Олжас та сонда екен, Тәкең екеуі де істің мән-жайын біліп отыр.
– Ә, мына қыз ба? – деді Олжас қабылдау бөлмесінде тосып отырған аққұба өңді, сары шашты, сұлу бойжеткенге қарап.
– Ничего, талғамы – аққұбалар екен ғой, – деп әлдекімді меңзеді.
Ал Тәкең болса шүйіліп:
– Айтқаным – айтқан! Қазір жұмысқа алам. Ал қолынан іс келмесе немесе жұмыстан кешігіп бұлғақтаса, кімнің шікірасы болса да шығарып жіберем, - деді қызарыңқы көздерімен сүзе қарап...
Бірнеше ай өтті. Дау-дамайы таусылмайтын Жазушылар одағы тып-тыныш. Шамасы қаламгерлердің көпшілігі демалыста жүрсе керек. Күзге қарай бір арыз сап ете түсті. Авторы беймәлім, тор көзді дәптердің бетіне оқушы қолымен жазылған кәдімгі домалақ арыз. ЦК-да істейтін жігіттер күн сайын мұндай арыздың он-он бесін қолдарынан өткізетіндіктен оның сырын жақсы біледі.
Бұл – әлі төселіп болмаған, жазғанына өзі де сенбейтін, арызқойлыққа жаңа қадам басқан, бірақ осы бетінен тыйылмаса түбінде адамшылықтан арсыздыққа тез-ақ ауысып кететін адамның тірлігі. Ал нағыз арызқой – ол домалақ арыздан өсіп, биіктеп, әділетшіл көрініп, атын тайсалмай жазатын, қаламы төселген, орысшаны да тәп-тәуір игеріп алған, бір сөзі шындық болса, соған тоқсан тоғыз өтірікті қосып, тігісін жатқызып жіберетін майталман. Осы тірлікті кәсіпке айналдырған, маңайындағылардың бәріне күдікпен, ызамен, өшпенділікпен қарайтын, ешқандай уәжге тоқтамайтын, жақсыны көрсе қызыл шүберекке шабатын қызыл көз бұқа тәрізді сұрқылтайлар ол кезде әр мекемеден табылатын. Осындайға тыйым салады деген ЦК-ның өзі «халықтың ішкі сырын білудің төте жолы» деген уәжбен ондай «жаптым жала, жақтым күйенің» авторының сыры ашылып жатса да көп күстәналамай, жылы жауып қоя салатын...
Сондай жүзден жүйрік шыққан бір арызқой «Өнер» баспасында да істеді. Кейіннен мен осы мекемеге директор болып тағайындалған күні-ақ жұрттан оның атын естідім. Шіркіннің әкесін де көріп, сөйлескен адамым еді, тәп-тәуір ғалым болатын. Сталиннің заманында қуғын-сүргінді көп көргендіктен бе, мына баласы іштен туғаннан секемшіл, кінәмшіл, пәлеқор болып өсіпті. Мен баспаға келген кезде ол осы мекемеден жазылған бірнеше арыздың авторы екен. «Бұл пәлеге көп жоламаңыз. Бетіне қарағанның үстінен арыз жазады» деп жанашыр азаматтар ескерткен соң, «бәлелі жерге бармағанды сұқпа, тырнағы қалар ішінде» деген мақалды көкейге түйіп, онымен, тіпті тілдескем де жоқ. Әрқайсымыз өз шаруамызбен жүріп жаттық. Екі-үш апта өтті ме, өтпеді ме бір қауесет жетті. Жаңағы Қ... деген мықтымыз: «Бұл Оразалин Мағауинмен дос көрінеді. Ал Мағауин менің әкемді жаратпауға тиіс, өйткені зерттейтін тақырыптары ұқсас. Сондықтан жаңа директордан жақсылық күту бекер. Бұрынырақ қимылдау керек» депті-мыс. Бұл хабарға да мән бермей күлдім де қойдым. Бірақ бекер күліппін. Қызметке кіріскен алғашқы айдың соңын ала етектей арыз ЦК-ға жетті. Бұл басы екен. Алғашқыда кінәні директорға жапса, келе-келе бас редактор мен оның орынбасарлары, бөлім бастықтары қосылды. Ол аз десеңіз, көршіліс баспаның қыздары да келесі арызында кінәлі болып шықты. Олар лифтіге мінер жерде тұрған Қ...-ны байқамай, өзара сықылықтап күлсе керек. Неге күледі? Кімге күледі?! Осылайша, Қ... арызының ауқымы кеңи берді. Бірер жылдың көлемінде сансыз арыздағы кейіпкерлерінің саны 20-30 адамға жетті. «Баспа үйіндегі» кітап шығарып жатқан бейтарап жұрт оны көрсе қашқақтап, бетіне қарамайды, тіпті жандарына таяп келсе-ақ сөзден тыйылып, теріс айналады. Бұдан артық дұшпандық бола ма?! Арыз жазып, тағы бір бейкүнә байғұсты шырылдатады. Ақыры, елдің бәрі қажып, жалақор екеніне ЦК-ның да көзі жеткен соң, соттың шешімімен ол жұмыстан кетті. Сол күнгі жұрттың қуанышын айтсаңшы. Бірақ Қ... оған көнсін бе, енді мемлекеттің үстінен халықаралық ұйымдарға арыз түсіріп жатты. Бұл кезде мен басқа қызметке ауысып кеттім де, пәледен құтылғаныма қуандым. Қазір үйдегі мұрағатымда сол бір сұрқылтай жазған бір топ арыздың көшірмесі сақтаулы тұр. Бетін ашып, қарағым келмейді. Әлдебір пасықтық пен сасық иіс шығатын сияқты, жүрегім айниды. Бірақ тастай алмаймын. Ондай пәлеқорлар өміршең келеді ғой. Кім білсін, тағы да бас көтерсе керек болып қалар...
...Жазушылар одағынан түскен домалақ арыз бен көрген акуланың «еңбектерімен» салыстырғанда баланың ермегі тәрізді, шамасы жазушы емес, көп қызметкердің біріне ұқсайды. Ойқыл-шойқыл сөйлемдерінде қате деген өріп жүр. Қысқаша мазмұны: жазушылыққа қатынасы жоқ Бигелдинов деген біреу директор болғалы шығармашылық үйі бұзақылардың ордасына айналды. Жақсы жазушыларға орын жетпей жатқанда Әкім Тарази деген директордың досы айлар бойы осында тұрады. Роман жазып жатыр дейді, кім білсін, тексерсе өтірік те болуы мүмкін. Директор екеуі әмпай-жәмпай. Бірігіп қыздарға қырғидай тиеді. Асханадағы күйеулері бар әйелдерді де бұзатын болды. Қылжақтап тыныштық бермейді. Мұндай бейбастыққа тыйым бола ма? Жоқ па? Шара қолданбасаңдар Мәскеуге жазамыз, – деп қоқан-лоқы көрсетіпті. Арызда жазылған сөздің шылғи өтірік екені күн сайын жағдайды біліп отырған маған анық болса да, тексеру – міндет. Алдымен Әкім ағамды шақырдым. Осылай да осылай, Әкім аға бұларыңыз қалай? – деймін ғой әзіл-шыны аралас. Ол шыр-шыр етіп, қалай ақталуды білмей әлекке түсті. «Сұлтеке-ау, шығармашылықтың тауқыметін өзің де білесің, күні бойы ақ қағазға үңіліп, ойдан қажып, түскі, кешкі тамаққа асханаға түскенде ғана жан-жағыңа қарап, күнде көріп жүрген қыз-келіншектерге бірер ауыз әзіл айтсам, айтқан шығармын. Ал әкелеріндей Тәкеңді қаралағаны, тіпті масқара ғой», – деді күйініп. Тәртіп бойынша осы сөздерін қағазға жазып берді. Ең қиыны Тәкеңмен сөйлесу еді. Ес білгелі ардақ тұтқан, мына шығармашылық үйін қайтсем көркейтемін деп жанын жалдап жүрген асыл ағамның көңіліне қаяу түсіріп алам ба деп алаңдаймын. Бірақ амал жоқ, ол кісімен бір ауыз тілдеспей, хатты жабуға болмайды.
Тәкең менің кабинетіме екпіндей басып, әдеттегіше аңқылдай күліп көңілді келді. Ойында ештеңе жоқ. Көзіміз үйренген алтын жұлдыздары жарқыраған әскери кителінің орнына шолақ жең көйлек пен қара-көк галифе шалбар киіпті. Қалтасынан көлдей орамалын шығарып, тершіген маңдайын сүртті. Қадірлі ағаны құрметпен қабылдап, столымның алдындағы орындыққа отырғыздым. Өзім қарсы бетке жайғастым. Ортамызды «Приставка» деп аталатын шағын стол бөліп тұрды. Әртүрлі әңгіменің басын шалып, біраз отырдық. «Батыр – аңғал» деген, Тәкеңнің тері басылып, көңілі жайғасқан сәтте «домалақ арызды» алдына ысырдым.
– Тәке, мына бір хат келген еді, соны оқып шығыңызшы, – дедім аса мән бермегенсіп.
Тәкең хатты оқыды. Жүзі сұрланып, төмен қарап отырды да кенет шалт қимылдап алдындағы столды жұдырығымен сарт еткізді. Столдың бір сирағының кінәраты бар еді, сәл қисайып барып түзелді. «Сволочи!» деді ол. «Үш жүз рет аспанда шайқасқанда фашистер өлтіре алмап еді, түбіме қызғаншақтардың қызыл иттері жететін шығар. Өмір бойы соңымнан қалмай-ақ қойды. Осындай домалақ арыздың қырсығынан көзімді жоймақ болып, Украинадағы шала жасалған ұшақтарды сынауға да жіберді, жауынгер достарым қаза тауып, мен тірі қалдым. Соған кінәлімін бе? Ал мына жер зерделі, ақылды жазушы адамдардың ортасы ғой десем...». Ол орнынан тұрып тағы да жуан жұдырығымен столды ұрып жіберді. Сол кезде бетіне көзім түсіп кетіп еді ызадан иегі дірілдеп, өңі тозған шүберектей бозғылт тартыпты. Кеудесін алақанымен басып, бүгіле берді. Жүрегінің түбінде жау оғының жарықшағы жатыр дейтін. Ота жасауға келмей, қызыл еттің арасында тұрып қалған. Қатты ренжіп, ашуланса қозғалып, бір шеті жүрекке қадалатын көрінеді. Сол есіме түскен мен батырдың ойын бөлейін деп:
–Ақсақал! – дедім сөзімді әзілге бұрып. – Сіздер жігітшілік жасап, қызығын көресіздер, ал мына пақырдың жазығы не? Бұл ЦК-ның столы емес пе? Қирап қалса қайтеміз?!
– Ах, – деді батыр, жоғары көтерген қолын қайта түсіріп. – ЦК-ның столы дейсің бе? – деді ол тағы қайталап. Сөйтті де қарқылдап тұрып күлді. Жаңағы долы ашуы басылған сияқты. Орнына қайта отырған кезде:
– Бұл қып-қызыл жала екенін түсініп отырмын аға, бірақ сіздің пікіріңізді білуім керек еді, – дедім.
– Не қылған пікір? – деді дауысы қайта қатайып. – Өтірік қой! Осындай жала жаныңа дақ салады. Ол қолындағы арызды умаждап, кабинеттің бұрышына қарай лақтырып жіберді.
– Қайда барсам да өмір бойы соңымнан осындай домалақ арыз қалмай қойды. Бұлт-бұлттың арасына тығылып жүріп ту сыртыңнан оқ ататын фашисттің су жүрек ұшқышы сияқты сұмырай, еркек болса бетпе-бет отырып, кінәсін айтпай ма!? Мен осыдан бір кесел келеді деп тұрғаным жоқ. Ар-ұятыма дақ түсе ме деймін. Қыздарым, немерелерім бар. Елге не айтам?! Жә, әңгімең бітті ме? – деді маған едірейе қарап. «Бітті» - дедім бұрышта умаждалып жатқан арызды столымның үстіне қойып.
– Не айтасың?
– Жала екені анық, жауып тастаймыз.
Тәкең орнынан ұшып тұрып, құшағын аша берді.
– Сөйтші қарағым! Ойпырмай, жаудан қайтпаған жүрегім жалақорлардан шайлығайын деді ме?!
Тәкең шығармашылық үйінде бір жылдай ғана қызмет істеді де басқа жаққа ауысып кетті.
...Сол Тәкеңнің мыстан құйылған тұлғасы туған елінің төрінде асқақтап тұр. Намыс пен оттан жаралған, ар-ұяттың сахабасы, ежелгі қазақ батырларының сарқыты, көргені көп Тәкең (Талғат Бигелдинов) сияқты адамдармен замандас болу қандай бақыт! Мен сол қадірлі ағаның атындағы көшемен тәуелсіз елімнің астанасында алшаң басып келемін.
Сұлтан ОРАЗАЛЫ