Кеше Ұлттық ғарыш агенттігінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен кеңейтілген алқа отырысы өтті. Басқосуда аталған ведомствоның өткен жылғы қызметінің қорытындылары мен биылғы міндеттері туралы негізгі баяндаманы агенттік төрағасы Талғат Мұсабаев жасады.
«Мемлекет басшысы өзінің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында отандық ғарыштық саланы құрудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлді. Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясында ғарыш саласын дамыту жөнінде берілген тапсырмаларын орындай отырып, есеп беру кезеңінде Қазғарыш стратегиялық жоспарының «Ғарыш инфрақұрылымын құру және дамыту» және «Ғарыш қызметінің ғылыми және ғылыми-технологиялық базасын дамыту» сынды екі негізгі бағыты бойынша бірқатар ғарыштық жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру жұмыстарын жалғастырды», деді Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев.
«KazSat» байланыс және хабар тарату ғарыштық жүйесін құру аясында үш жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда «KazSat-2» қалыпты жұмыс істеп тұрса, оның жүктемесі 63 пайыздан асқан. Спутниктің ресурсын Қазақстанның 11 байланыс операторы пайдаланып, 2 млрд. теңгеден астам сомада қызмет көрсетілген. «KazSat-3» спутнигін құру мен ұшыру жобасы бойынша жұмыстар «Академик М.Ф.Рештенёв атындағы ақпараттық спутниктік жүйелер» ресейлік жетекші ғарыш компаниясымен жасалған келісімшарт аясында жүргізілуде.
2013 жылы «KazSat-3» спутнигін жалпы құрастыру мен сынау жұмыстары аяқталған. «KazSat-3» ғарыш аппаратын «Байқоңыр» ғарыш айлағынан 2014 жылдың 30 сәуіріне дейін ұшыру жоспарланып отыр. «KazSat» спутниктерін басқару бойынша резервті жерүсті кешенін құру жұмыстары аяқталып, ол өткен жылғы маусым айында іске қосылған.
Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі жобасы шеңберінде өткен жылы теңіз локальды дифференциалды стансасы құрастырылып, тұрақты пайдалануға берілген. Дифференциалды түзету және мониторинг орталығы іске қосылып, ол тәжірибелік пайдаланудан өткізілген. Дифференциалды стансаларда 50 отандық тәжірибе жасалып, олар Қазақстан аумағы бойынша орналастырылған.
Тағы бір аса маңызды жоба «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құрастыруы болса, Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің деңгейінде «Бәйтерек» кешенін «Зенит» зымырантасығышы негізінде құру жобасын жүзеге асыру бойынша бірлескен іс-шаралар жоспары мақұлданған. Сонымен қатар, 2014-2016 жылдарға арналған «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану бойынша «Жол картасына» қол қойылған.
Қазақстан ғалымдары ғарыштық зерттеулерге әлемдік деңгейде үлес қосатын бірқатар ірі ғылыми нәтижелерге қол жеткізген. Алғаш рет ғарыштық техника мен технологиялардың отандық үлгілері құрастырылған.
Баяндамасы соңында агенттік төрағасы Т.Мұсабаев Елбасының алға қойған стратегиялық мақсаттарының маңызын атап өтті. Оған қол жеткізу үшін еңбек өнімділігі мен жұмыс сапасын едәуір арттыру қажет екенін де назардан тыс қалдырмады. «2014 жыл біз үшін өте маңызды әрі күрделі болмақ. Мәселен, тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет бір жылда 3 ғарыштық аппарат, яғни бір байланыс жасанды серігі мен жерді қашықтықтан зондтаудың екі аппараты ұшырылатын болады», деді ол.
Алқа отырысын қорытындылаған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның әлемдегі ең озық 30 ел қатарына кіру мақсаты аясында ведомствоның жұмысы өте маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, елдің ғарыш қызметін дамыту жөнінде Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру бойынша Қазғарышқа нақты тапсырмалар берді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».