05 Мамыр, 2010

МАҚСАТ – АШЫҚ ҮНҚАТЫСУ

505 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше  Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мә­ди­на Жарбосынованың төрайым­ды­ғы­мен еліміздің сыртқы саясат ведом­ствосы жанындағы Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымының Адам өлшемдері жөніндегі консультативтік кеңесінің бірінші отырысы болып өтті. Консультативтік кеңестің басты мақсаты Қазақстан Республика­сы­ның 2010 жылдағы төрағалығы ба­рысында адам өлшемдері жөніндегі мәселелерді талқыға салу болып табылады. Осы жөнінде Ерекше тап­сырмалар жөніндегі елші, ЕҚЫҰ департаментінің директоры Сержан Әбдікәрімов былай деді: “Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде гуманитарлық, сондай-ақ біздің Ұйымымыздың барлық үш өлшем­де­рін теңдей толтыру шеңберінде өзінің әлеуетін толық пайдалануға ұм­тылатын болады”. Қоғамдық өмір­дің ерекше маңызды аспек­ті­лерін қамтығандықтан, гумани­тар­лық өлшемдер мәселелеріне үкімет­тік емес ұйымдар, азаматтық қоғам мен  жалпы қоғам тарапынан ай­тар­лықтай көңіл бөлінуде.  Кон­сультативтік кеңестің құрылуы еліміздің халықаралық сарапшылар қоғамдастығымен және азаматтық қоғам институттарымен ашық үнқатысуға үлкен маңыз беріп отырғандығын көрсетеді. Кеңес құрамына мемлекеттік органдар өкілдері, “Бас редак­тор­лар клубы” ҚҰ, “Әділ сөз” сөз бос­тандығын қорғау қоры, Алма­тыдағы Хельсинки комитеті, “Адам құқы үшін хартиясы” қоғамдық қоры сияқты қазақстандық үкімет­тік емес ұйымдар, сондай-ақ гума­нитарлық себет мәселелеріне ма­манданып жүрген Германия, Эсто­ния, Нидерланды, АҚШ, Ұлы­бри­та­нияның халықаралық сарап­шылары кірген. Кеңес мүшелерінің алдында жоспарланып қойылған гуманитарлық өлшемдерге арналған іс-шаралар өткізу және ЕҚЫҰ-дағы қазақстандық төрағалықтың басымдықтары мәселелерін талқы­лау міндеті  тұрды. Бірінші қосымша кеңес “Ген­дерлік тепе-теңдікті алға жылжыту мен саяси және қоғамдық өмірге әйелдердің қатысуы” деп аталады. Екінші қосымша кеңес “Азшылық ұлтқа жататын тұлғаларды оқыту: интеграция және теңдей мүм­кін­діктер”, сондай-ақ үшінші қосым­ша кеңес “Дін және ар-ұждан еркіндігі” деп бекітіліпті. Бұдан басқа “Сот жүйесі тәуелсіздігін нығайту және қоғамдастықтың сот әділдігіне қолжетімділігі” атты семинар өткізу жоспарланған екен. Гуманитарлық өлшемдер аумағын­да­ғы міндеттерді орындау жөніндегі кеңес өткізу де назардан тыс қал­маған. Әсіресе, Копенгаген құжа­ты­ның қабылдануына 20 жыл то­луына орай конференция мен Кемсітушілікті болдырмау және толеранттылық жөніндегі жоғары деңгейлі конференция өткізу басты міндеттердің біріне айналып отыр. Сонымен қатар Консульта­тивтік кеңес шеңберінде БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 2010 жылға арналған әмбебап мерзімдік шолуы барысында Қазақстан тарапына ұсынылған 26 ұсыныс, соның ішінде ұлттық баяндама да қаралатын болады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.