Қазақстан • 01 Қазан, 2021

45 мыңнан астам қарт арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылған

654 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде 45 мыңнан астам қартқа мемлекет тарапынан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

45 мыңнан астам қарт арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылған

Министрлік хабарлағандай, бүгінгі таңда 45 мыңнан астам қарт АӘҚ-мен (арнаулы әлеуметтік қызмет) қамтылған. Қарттарға арналған қызметтер қатарында 45 стационарлық үлгідегі ұйымда (медициналық-әлеуметтік мекемелер) және 43 жартылай стационарда (күндіз болу бөлімшелері және оңалту орталықтары) ем алу жатады.

Сондай-ақ, еліміз бойынша 357 әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 136 үкіметтік емес ұйым қазақстандық ата-әжелерді өз қамқорлығына алған.

«Әлеуметтік қызмет көрсету мекемелері 8 қызмет түрін ұсынады. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық және әлеуметтік-медициналық қызмет түрі бар. Әлеуметтік қызметкерлер аптасына кемінде 2 рет көмек алатын қарттардың үйіне барып тұрады. Біздің мамандар егде жастағы азаматтардың жағдайын біліп, оларға қол ұшын созады. Сонымен қатар Үкімет тарапынан көрсетілетін көмектерді ұсынып, қызмет көрсетеді», деп түсіндірді Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов.