07 Ақпан, 2014

Тіл – Мәңгілік Елдің алтын арқауы

390 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Nur Otan “Miras” 2 «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер жан-жақты талқыға түсті. Аталған қоғамдық кеңестің негізгі мақсаты – халқымыздың рухани-мәдени мұрасын сақ­тап, осы салалардағы өзекті деген мәселелерді шешудегі тетік­терді қарастыру. Мәдениет пен өнерді дамыту саласындағы мем­лекеттік саясатты жүргізу кезінде «Нұр Отан» партиясының, мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғамның келісілген іс-әрекеттерін қамтамасыз ету. Мәжіліс депутаты Мә­у­лен Әшім­­баев басқаратын ке­ңес­­ке Әкім Тарази, Мырзатай Жол­дас­беков, Қуаныш Сұлтанов, Нұр­­­лан Ора­залин, Сауыт­бек Абдрах­манов, Бекбо­лат Тілеухан, Тұң­ғыш­бай Жаман­құлов сияқты өзге де бел­гілі мәде­ниет және өнер қай­рат­керлері мү­ше болып отыр. Кеңес отырысында алдымен сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек барлық ұлттардың өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, қазақ тілі мен мәдениетін және дәстүрін дамыту партияның стратегиялық басымдығы екенін, сондай-ақ, идеологиясының негізгі бағ­дары болып табылатынын атап көрсетті. Сондықтан да төл мәде­ниетіміздің жауһарлары: айтыс­тың, қазақша күрестің, бүркітшілер фестивалінің және көкпардың ұйымдастырылуына мақсатты түрде мұрындық болып, оларды өз қанаттарының астына ала бастады. Партия Төрағасының бірінші орынбасары бұл ретте «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының түп негізі – мемлекеттік тілдің өркендеуі де бұдан былай партияның жіті қадағалауында болатынын баса айтты. «Нұр Отанның» Саяси бюро кеңесінің отырысында мемлекеттік тілді дамыту мәселелеріне байланысты Елбасы берген тапсырмаларды орындау жайы жан-жақты талқыға да түскен. Үкіметте өт­кен арнайы жиын барысында қазақша білім алатын студенттер мен оқушылардың арасалмағы артқандығы, әйтсе де құзыретті органдардың берілген тапсырмаларды дер уақытында орындамауы, қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмау және өз арамызда жалтақтық психология әлі де барлығы нақты көрсетіліпті. Әсіресе, тиісті мемлекеттік орган­дарға ащы сын айтылғаны да назардан тыс қалған жоқ. Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда қазақ орта мектептерінде оқитын өзге ұлт өкілдері балаларының саны 35 мыңнан асқан. «Бұл дегеніңіз, солардың ата-аналарының, туыс­­тарының ұлт болашағы жасам­паздығына сенімі кәміл екенін білдіреді және Елбасы сая­саты жемісінің нақты көрінісі», деді Бауыржан Қыдырғалиұлы. Ол осы орайда мемлекеттік тілді дамыту ісіне интеллектуалдық қолдау көрсетіп, партиялық бақы­лауды күшейту мақсатында қоғамдық ұйымдар мен тиісті ғалымдарды, мемлекеттік орган­дардың бірінші басшыларын қатыстыра отырып, әр екі-үш ай сайын «Мирас» алаңында талқылау өткізуді ұсынды. Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов «Мәңгілік Ел» ұлт­тық идея екенін айта келіп, сана тәрбиесіне дұрыстап көңіл бөлінбей келе жатқанына назар аударды. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді дамытуға ешқандай кедергі жоқ. Әйтсе де балаға, оны тәр­биелеп отырған ата-анасына «сен мемлекеттік тілде сөйлесуің керек» деп ықпал ететін күш табылмай отыр. Жас ұрпақтың тілін реттеу үшін оқулықтарды жөнге келтіру, балаларға тән тілді қалыптастыру мәселесі шешімін таппай келеді. Оқулықтарды оқушы түгіл педагогтар түсіне бермейді, сондықтан кеңестің осы мәселеге ықпалы маңызды. Бұдан кейін сөз алған Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл мәдениетте нелерді басты мәселе етіп көтеру жа­йын сөз етті. Мәңгілік Ел бола алатынымызды дәлелдеу керек болса, қазақ мәде­ниеті адамзатқа таны­луы керек дегенді баса айтты. Сон­дықтан да «Қазақфильм» ком­паниясына ерекше назар ауда­ру керек. Қазақ тарихын, соның ішінде тұлғаларын серияларға шығаратын уақыт жетті. Сондай-ақ, депутат қазақ классикалық әдебиетін әлемнің белді тілдеріне аудару мәселесін шешу қажеттігін ортаға салды. Тарихты зерттеуді өзге елдердің тарихшыларына сүйеніп, зерттеу орынсыз екенін алға тартты. Сол үшін ғылыми-зерттеу орталығын салу мәселесі көтерілгелі біраз болды, алайда, шешімін таппай келеді. «Мирас» қоғамдық кеңесінің маңызына ерекше тоқталған Сенат депутаты Нұрлан Оразалин «тарихты тану арқылы ұлтты тану, ұлтты тану арқылы соның мәңгілігін қамтамасыз ету» деген сөз Елбасының аузымен айтылғандығын ортаға салды. Еуразия кеңістігінде пайда болған жаңа Астананың ең үлкен қақпасы «Мәңгілік Елдің» қақпасына кіріп келе жатырсыз деген концепция осыдан біраз бұрын материалдық құндылық ретінде өмірге келгендігі де ерекше аталды. Сонымен бірге, сенатор «Аударма» баспасы арқылы қазақтың классикалық әдебиетін ағылшын, француз және орыс тілдеріне аудару мәселесін кө­теріп, оған қаржы қарастыруды және тәржімалау мәселесін дамытуды ұсынды. Белгілі қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан қазақ тілінің шешімі намыста жатқандығын, ал талап бар жерде шешілмейтін мәселе болмайтынын нақты мысалмен жеткізді. Білім жүйесіне қатты шүйліккен қоғам қайраткері ресейлік рубль­ге торай сатып алатын есеп­тік мысалдарды алға тартып, оқу­­лықтардағы олқылықтарға қынжылысын жеткізе отырып, осы мәселенің шешіміне ықпал етуді партия басшылығынан сұрады. Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов елімізде қазіргі таңда 54 театрдың барлығын ортаға салды. Алайда, сол өнер ордаларындағы қойылымдардың тақырыбы, эстетикалық талға­мы, интеллектуалдық өрісі, тақы­рыптары және басқаларымен айналысып жатқан ешкім жоқ. Әсіресе, орыс театрлары Ресейдің қойылымдарын қойып келеді және де актерлер мен режиссерлер де сол жақтан келіп жататын көрінеді. Олай болса Қазақстан мемлекетінің проблемаларын өнер тілімен, патриоттық сезім­мен жеткізуді орыс театрларына сіңіру мәселесі өткір айтылды. Елімізде небәрі тоғыз қуыршақ театры бар екені алға тартылды және оның өзінің алтауы орыс тілінде екен. Отырыста, сондай-ақ, Сенат депутаты Ақан Бижанов, Қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева, жазушы-драматург Сұл­танәлі Балға­баев, «Егемен Қазақстан» рес­публикалық газеті акционерлік қоғамының президенті Сауыт­бек Абдрахманов өз ойларын орта­ға салды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ
Соңғы жаңалықтар