Арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған Тәуелсіз еліміздің тірегі – татулық, бірлік, өзара келісім. Біз – «бірлік бар жерде тірлік бар» деген текті бабалардың ұлағатын санаға сіңірген ұрпақпыз. Елбасының дәстүрлі Жолдауында айтылған негізгі ой, ортақ идея осыған саяды.
Жолдау және бірлік
Мәңгілік Ел идеясының астарына үңілсек, ол біздің дәстүріміз, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің қайта түлеп, жаңғыруы, дініміз бен тіліміздің өркендеуі. Президентіміз барша қазақстандықтарды осынау игі істі, ортақ мақсатты жұрт болып жұмылып жүзеге асыруға үндеді.
Шын мәнінде, Мәңгілік Ел идеясы – тереңнен толғанып, әріден ойланып қабылданған шешім. Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы халқымызға қанат бітіріп, жастарымыздың жігерін оятты. Елбасы біздің бағдарымыз – бірлік екенін осы Жолдауда тағы да шегелеп айтты. Ислам діні адамдар арасында алауыздыққа жол бермейді. Біздің әрбір жетістігіміз Алланың қалауымен Тәуелсіздігіміздің арқасында жүзеге асуда. Бұл – біздің бірлігіміздің жемісі.
Жолдау және қайырымдылық
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбетіне осы өмірді рухани құндылықтарды байытуға, адамдар арасында мейірімділікті жаюға, кешірім жолын ұстанып, ғұмырымызды ізгілікке арнауды өсиет еткен. Елбасы бір сөзінде мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесін айтып өтті. Осы бағытта мешіт имамдары қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеді. Діни басқарма 2014 жылы үш бағыт бойынша жұмыстарға басымдық бермек. Бірінші – бірлігімізге сына түсіріп, бүлік шығарып жүрген діни ағымдардың әрекетіне тосқауыл қою. Екінші – уағыз-насихат жұмысын жандандыру. Үшінші – қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастыру. 2014 жылы барлық мешіттерде қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады.Жолдау және саламатты өмір
Баршаңызға белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы дәстүрлі Жолдауын «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп атады. Халқымызды бірлік пен ынтымаққа, өзара түсіністік пен келісімге, патриотизм мен білім алуға үндеген Жолдауда бірқатар мәселелер көтерілді. Жолдау – бағдарламалық құжат. Сондықтан онда айтылған әрбір сөздің мәні мен мазмұны терең. Ал Жолдауға қолдау білдіріп, оны орындау – баршаға ортақ игі іс. Президентіміз 90 минут баяндаған Жолдаудың саламатты өмір салтын қалыптастыруға қатысты айтылған бастамаларға тоқталуды жөн көріп отырмын. Елбасы биылғы Жолдауда: «Саламатты өмір салтының орнығуы, медицинаның дамуы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттырады. Қазақстан медициналық туризмнің жетекші еуразиялық орталықтарының біріне айналады. Озық және бәсекеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін құру аяқталады», деп атап өтті. Иә, Елбасы жастарға әрдайым спортпен шұғылдануды насихаттап келеді. Ол үшін ең алдымен өзі үлгі болып, шаңғы тебу мен теннис ойнаудың қыр-сырын сұхбаттарында жиі сөз етеді. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнінде отандық телеарналардан Елбасы жайлы көркем фильм көрсетілді. Елбасы жайлы түсірілген фильмде Президентіміздің спортты өзіне серік етіп, саламатты өмір салтын қалыптастыруға ең алдымен өзі бастамашыл болғаны баршаға аян. Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кестесі оның спортпен шұғылдануымен басталатыны көркем фильмде жария етілді. Президент бір сұхбатында: «Спорт адамға сергектік сыйлайды. Сергек адам жұмысты өндіріп істейді», деген болатын. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз үмбетіне, яғни сіз бен бізге суға жүзуді, атпен серуендеуді, күресуді, садақ атуды насихаттаған. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Әлсіз мұсылманнан күшті мұсылман қайырлы. Бірақ екеуінде де қайыр бар», деген. Хадистен түсінгеніміздей, күшті мұсылман әрқашан сергектік қасиетімен қоғамға оң әсері мен жақсы істерге үлесін көбірек қоса алады.Жолдау және отбасы құндылығы
Президентіміз биылғы Жолдауында отбасы құндылықтарын, адамдар арасындағы мейірім мен сүйіспеншілікті ерекше атап өтті. «Отан – отбасынан басталады», деген ұлағатты ұғым бар. Отбасында тыныштық пен татулық сақталса, онда Отанымыз көркейіп, ізгі ниетімізге жетеміз. Отбасы – отағасына аманат. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде әрбір адам өз ортасына, отбасына жауапты екенін айтқан. Ал қасиетті кітабымыз – Құранда: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар» (Рұм сүресі, 21-аят), деп баяндалған. Ислам діні отбасында, қоғамда, мемлекетте бірлік пен ынтымақ орнатуға үндейді.Жолдау және спорт
Елбасы Жолдауына мән беретін тағы бір жайт: ол – спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтану. Президент былай деді: «Денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту. Міндетті медициналық сақтандыру енгізу мәселесін зерттеген жөн. Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі – медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты. Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу – аурудың алдын алудың негізі». Жуырда Діни басқарма мен Алматы қаласы Орталық мешіті өкіл имамдар арасында футболдан жолдастық кездесу өткізді. Мұндағы мақсат – діндарлар арасында спортты насихаттау, саламатты өмір салтын қалыптастыру. Осындай іс-шаралар алдағы уақытта да жиі ұйымдастырыла береді деген сенімдеміз. Барша адам баласы жалғыз Жаратушының бар екенін мойындайды және Одан асқан Құдірет иесі жоқтығына күмән келтірмейді. Бәрімізге жер, дүние, аспан, ғаламшар ортақ. Ендеше, қысқа өмірде араздасып емес, ардақтасып, дұшпандасып емес, достасып, береке мен бірлікте ғұмыр кешкеніміз абзал. Өйткені, имандылық салтанат құрған қоғамда азғындық пен арсыздықтың қайсы түріне де орын қалмасы анық. Жаратушы Иеміз баршамызды жақсылықта, сауапты істерде, ел игілігі жолындағы жұмыстарда, берекелі басқосуларда жолықтырғай! Әмин! Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.