07 Ақпан, 2014

Бірлескен кәсіпорынның берекесі көп

240 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
интеграция«ЕвразКаспианСталь» жаңғыру жолында Қостанайда «ЕвразКаспиан­Сталь» кәсіпорнын барлығы да біледі. Себебі, экономиканың, әлеуметтік саланың қарқынды дамуына байланысты құрылыс та жиі салынатын болды. Ал арматурасыз ірі құрылыстар бой көтермейді. Еліміздің өз аймағын айтпағанда, темір жентегін шығаратын әлемдегі ең ірі кен орнының бірі Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі Қостанайда бола тұра, облыс құрылысқа қажетті сомтемірді сырт­тан сатып алатын. «Кісідегінің кілті – аспанда» деген, сұра­ған сайын қымбаттата түседі. Алайда темірдің үстінде отыр­мыз дегенмен, істің нақты болуы айтуға ғана оңай екен. Темір кені мен сомтемірдің арасын жалғастыру орасан үлкен жұмыстардың үлесі екен. Нарықтың тамыршысы бола білгенде ғана дамудың жолы да арнасын тауып аққан судай ашыла түсетін көрінеді. Өткен жылдың 20 желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірде Қостанайда болат илек кәсіпорнының пайдалануға берілгеніне бүкіл ел куә болды. Зауыттың ұзындығы атшаптырым цехтары алыптың адымын, тұлғасын білдіргендей. – Кәсіпорын 300 адамды жұмыспен қамтиды. Жұмыс үрдісі күрделі кәсіпорынның құрылысы да оңай болған жоқ, онда инженерлік нұсқаулардың барлығы да қатаң сақталды. Ал жұмысшылар осы мамандық бойынша дайындықтан өтті, – дейді кәсіпорынның атқарушы директоры Сергей Сотников. Қостанай облысында үдемелі ин­дустриялық-инвестициялық бағ­дарлама шеңберінде өмірге жолдама алып, ел игілігіне жараған жобалар баршылық. Солардың ішіндегі бірегейі осы «ЕвразКаспианСталь» зауыты дер едік. Ол – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының да алғашқы бағытына қатысқан жобаның бірі. Бұл ұсақ сортты болат илек станы жылына 450 мың тонна құрылыс арматурасын өндіреді. Безымянный Қатар жатқан ел болғандықтан, өмірге керек-жарағымыз да ұқсас. Қашаннан қазақтың ауылымен деревнясы аралас жатқан Ресеймен шекараны бекітіп алсақ та, алыс-берістен, барыс-келістен кенде болып отырғанымыз жоқ. «Бармасаң, келмесең, жат боларсың» деген. Құрылыс шекараның бергі бетінде де, арғы бетінде де жүреді. Сапалы, арзан құрылыс материалы екі жаққа да керек. Сондықтан Ресейдің ЕВРАЗ кен-металлургиялық компаниясы мен қазақстандық Caspian Group холдингі осы алып зауытты салуды бірігіп қолға алды. «Қазақстанның Даму банкі» осы бірегей жобаны қаржыландыруға шешім жасаған болатын. Міне, 2011 жылы басталған іс үш жылға жетер-жетпес уақытта елдің игілігіне жарап үлгерді. Құрылыс материал­дарын өндіруде мойны озық Италия, Қытай, Украина, Ресейден құрал-жабдықтар әкелінді. – Қазір зауытта құралдарды, агрегаттарды іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Жобада көрсетілген 450 мың тонна көрсеткіш бірден жүзеге аспайтыны түсінікті болар. Үйрену, құрал-жабдықтардың жұмыс істеу қуатын меңгеру жұмыстары уақытты қажет етеді. Сондықтан биыл зауыт 150 мың тонна сомтемір шығарады. Келер жылдан бастап, толық қуаттылықта өнім беруге қол жеткізетін боламыз, – дейді зауыттың атқарушы директоры Сергей Николаевич. Өндірістің негізгі шикізаты «ЕвразХолдинг» компаниясына қарасты Новокузнецк Батыс-Сібір металлургиялық комбинатынан жеткізіледі. «ЕвразКаспианСталь» зауытында жақын уақытта ­«А-500 СП» класты сомтемірдің түрі шығарылатын болады. Озық технология арқылы болаттың пішінін бұлай өзгерту темір-бетон құрылымының мықтылығын 25 пайызға дейін өсіреді және темір-бетонның әр текше метріне 15 пайыз металл үнемдеуге мүмкіндік береді. Жақсы іс жалқы болмайды екен. Еліміздің индустрияландыру картасы шеңберінде Қостанайда 5 инвестициялық жоба таңдап алынған еді. Соның екеуі «ЕвразКаспианСталь» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің болат илек зауыты мен «БК Строй» құрылыс компаниясының темір-бетон өндіретін зауыты өткен жылы пайдалануға берілді. Қостанайда қоныс тойын көбейтіп отырған «БК Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі темір-бетон құрылымына салатын сомтемірді алыстан іздемейді, ол үшін Ресей аспайды, қасында, бір қалада тұрған «ЕвразКаспианСталь» зауытынан жеткізе қояды. Сонымен қатар, болат илек зауыты Қазақстанның құрылысқа ең қажетті материал жөніндегі ішкі нарығын қанағаттандырады. Ең бас­тысы, Қазақстанның құрылыс индустрия саласындағы Ресей және Украина импортына тәуелділігін төмендетуге көмектеседі. Мамандардың болжамы бойынша, қостанайлық сомтемірдің кемінде жартысы Ресей нарығы үшін экспортқа шығарылмақ. Қостанайда бой көтерген алыптың облыстағы әлеуметтік саланың көркеюіне мәуелі талдай көлеңкесі түсері тағы анық. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.
Соңғы жаңалықтар