Аймақтар • 01 Қазан, 2021

Педофилия бойынша айыпталған күдікті тергеушіге пара ұсынды

290 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оралда жас балаларды қорлаған күдікті тергеушіге пара беруге тырысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Педофилия бойынша айыпталған күдікті тергеушіге пара ұсынды

«Ер адам тергеушінің шотына телефон нөмірі бойынша ақша аударған, бірақ бұл туралы қауіпсіздік басқармасы  дереу хабарлады», деп жазады жергілікті БАҚ.

Орал қалалық сотында 52 жастағы ер адамға қатысты үкім шығарылған. Іс материалдары бойынша орта мектептің электригіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Оған жас балаларды азғындады деген айып тағылған. 

«Айыпталушы оның ісін жүргізген тергеушінің телефон нөмірін біліп, оған тергеудің нәтижесіне өзгеріс енгізу үшін банктегі шотына телефон нөмірі арқылы 50 мың теңге аударуға шешім қабылдаған. Тергеушінің өзі бұл жайлы бейхабар болғаны айтылады. Тергеуші пара алудан бас тартып, қауіпсіздік басқармасына жүгінді», делінген іс материалдарында.

Ер адам кінәсін толықтай мойындап, өкінетінін айтты.

«Сот үкімімен ол лауазымды адамға пара бергені үшін кінәлі деп танылды. Оған 562 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған шағым жасалуы мүмкін», делінген құжатта.

Жас балалардың азғындық фактісі бойынша полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық іс сотқа жіберілгенін хабарлады. Күдікті қамауда.