07 Ақпан, 2014

АТОМ жобасы ұсынылды

780 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жақында Нью-Йоркте БҰҰ қызметімен таныстыру жөніндегі комитет «Білім беру арқылы қауіпсіздікті қолдау» тақырыбында конференция ұйымдастырды. Конференция жұмысына 700-ден астам белсенділер, оқытушылар мен студенттер қатысты. Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі іс-шараға қатысушылардың назарына әлем жұртшылығы тарапынан қолдау тапқан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың АТОМ жобасы бастамасын ұсынды. Делегаттар Қазақстандағы кеңестік ядролық сынақтардың қайғылы тарихымен, ядролық қарусыздану үрдісіне еліміздің қосқан үлесімен, сондай-ақ, таратпау режімін күшейтуге және жаһандық ядролық қарусыздану саласындағы елеулі прогреске жетуге бағытталған дәйекті қадамдарымызбен танысты. Іс-шараны ұйымдастыру­шылардың бірі, Нью-Джерси университетінің профессоры Руфь Нильсеннің айтуынша, «АТОМ жобасы ядролық қару сынақтарын тоқтатуға, ядролық қарусыздану, ғаламдық ядролық арсеналдар, ядролық қару саясаты туралы кеңінен хабардар етуге мүмкіндік беретін маңызы зор жоба болып табылады». Конференция барысында қатысушылар әлем үкіметтеріне арналған Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне қол жеткізу және ядролық қарудан азат әлемге жетуге бағытталған жаңа маңызды қадам жасау үндеуін бекіткен АТОМ жобасының онлайн-петициясына қол қойды.

 «Егемен-ақпарат».

Соңғы жаңалықтар