07 Ақпан, 2014

Өндірісті өрістету қашанда өзекті

260 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің қатысуымен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-тың кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Онда өткен жылдағы жұмыс қорытындылары жарияланып, осы жылға арналған міндеттер қаралды. Өткен жылда Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің күш-қуаты индус­трияландыру бағдарламасын жүзеге асыруға және экономикалық даму қарқынын сақтауға бағытталды. Барлық негізгі бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді. Энергия үнемдеу жөніндегі бағдарлама қабылданды, геология және жер қойнауын пайдалану саласында реформа басталды, 10 заң жобасы әзірленді дейді министрлік мәліметтері. Премьер-Министрдің орын­басары – Индустрия және жаңа технологиялар ми­нистрі Әсет Исекешев не­гізінен алғанда өткен жыл бү­кіл өнеркәсіп үшін оңай болмағанын атап өтті. Десе де, өнеркәсіптік өндірістің оң динамикасы сақталған. Мәселен, өсу   2,3 пайызды құрап, оның ішінде тау-кен өндіретін өнеркәсіп  –  3,1 пайыз, өңдейтін өнеркәсіп  1,6 пайызға ұлғайды. Министр келтірген дәйектерге сүйенсек, машина жасау саласы  114,6 пайызға артып, өндіріс көлемі 850 млрд. теңгеден асқан, оған қоса 38 мыңға жуық жеңіл автокөлік, 922 автобус  шығарылған. Ал ағымдағы жылы қазақстандық автокөлік өнеркәсібі 60 мың автокөлік шығаруды жоспарлап отыр екен. Құрылыс индустриясындағы өндіріс бір жылдың ішінде 11,8 пайызға ұлғайған. Ішкі нарықта отандық құрылыс материалдарының үлесі 72 пайызға жеткен. Цемент, шатыр, жылу сақтайтын материалдарды, пластмассадан жасалатын құбырларды және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру көлемдері көбейген. Өткен жылы электр энергиясы саласы да барынша қарқын алды. Мәселен, 2013 жылы 91,9 млрд. кВт. сағат  электр энергиясы өндіріліпті. Ал индустриялық бағдарламаға электр энергетикасының 14 жобасы енгізілген, оның 8-і аяқталған. Индустрияландыру бағдарлама­лары аясындағы жобаларға тоқталар болсақ, бұл бағытта жалпы сомасы 2,4 трлн. теңгені құрайтын 651 жоба іске қосылыпты. 67 мың тұрақты жұмыс орны құрылып, 52,4 мың адам жұмысқа орналастырылған. Ал нақты  өткен жылы жалпы сомасы 400 млрд. теңгені құрайтын 137 жоба пайдалануға беріліп, 11 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылған. Соңғы жылдары елімізде бұрын-соңды шығарылмаған жаңа өнімнің тізілімі кеңейтілгенін де атап өткен жөн. Мысалы, 2013 жылы отын тарататын колонкалар, құбыр арматурасы, изоляциялық плиталар, жарық диодты шамдар, көзілдіріктер үшін линзалар шығарыла бастады. Фармацевтикалық зауыттар медициналық мақсаттағы бұйымдардың жаңа түрлерін, дәрі-дәрмектерді, инъекциялық және инфузиялық ерітінділерді өндіруде. Карта жобалары өндірген өнімнің экспорты 2010-2012 жылдарында 100 млрд. теңгені құраған. Мұнымен қоса, ағымдағы жылы Индустрияландыру картасының 150-ге тарта жобасы іске қосылмақ, 16 мың тұрақты жұмыс орны ашылады деп көзделуде. Ә.Исекешев сонымен қатар, 2014 жылы республикалық Индустрия­лан­дыру картасына енген 6 жобаның құрылысы басталатынын жеткізді. Оның айтуынша, салынатын жоба­лардың ішінде «Еурохим» минералды тыңайтқыштар кешенін өндіру бойынша зауыт, глейпфосфат өндірісі, табақ шыны өндіру бойынша зауыт құрылысы, КЕГОК компаниясының және басқаларының «Екібастұз – Семей – Өскемен» кернеуі 500 Кв болатын желілер құрылысы бар. Тағы бір айта кетер ақпарат, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін алға жылжыту мақсатында 2013 жылы елімізде және шетелде 14 бизнес-форум өткізіліпті. Жалпы сомасы 1,5 млрд. АҚШ долларына ынтымақтастық туралы 40-қа тарта екіжақты құжатқа қол қойылған. Осы уақытта шетелдік инвесторлардың қатысуымен, мұнай-газ саласының жобаларын қоса алғанда, жалпы сомасы 97,3 млрд. АҚШ долларын құрайтын 300 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Алқалы жиын барысында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі АҚ-тың басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев «Бәйтерек» компаниясының өткен жылғы таза табысы 40 млрд. теңге көлемінде болжанып отырғанын хабарлады. Оның хабарлауынша, холдинг құрамында жалпы активтері 3 млрд. АҚШ долларына тең 10 компания бар. Олар Индустриялық-инновациялық даму, «Қолжетімді тұрғын үй» және «Бизнестің жол картасы» сынды үш мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға атсалысуда. Алқа мәжілісінің қорытындысында Премьер-Министр С.Ахметов сөз сөйлеп, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында алға қойған міндеттерге жету жолында бұл министрліктің айрықша рөлін айта отырып, инвестиция тарту мәселелеріне, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау шараларына, энергия тиімділігін енгізуге және өнімдерімізді экспортқа шығаруға басымдық берілетінін атап өтті. Осыған орай инвестициялар тартуға қолайлы жағдайлар туғызу бойынша қосымша ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Сонымен бірге, Үкімет басшысы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне өндіруші секторды одан әрі дамыту шеңберінде 1 шілдеге дейін тау-кен кодексі тұжырымдамасын дайындауды тапсырды. Премьер-Министр сондай-ақ еркін экономикалық аймақтарды дамытудағы шектеулерді алуға бағытталған заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелерін қарауға, сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақтар бірегей операторын құру мәселелерін пысықтауға нұсқау берді. Мұның сыртында, «Кеден одағының тереңдетілген интеграциялық процестері шеңберінде және ДСҰ-ға өту кезінде экономикалық қауіпсіздікті қорғау үшін техникалық реттеу маңызды тетік болып табылады», деген С.Ахметов Кеден одағының реттеушілік әсер ету бағасы есепке алынған стандарттары мен техникалық регламенттерін дайындау мен енгізу қажеттігіне де баса назар аударды. «Бәйтерек» холдингі қызметі мәселелеріне қатысты, Премьер-Министр жобаларды несиелеудің қолданыстағы тетіктерін талдауды және оны жетілдіру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар