Аймақтар • 01 Қазан, 2021

Тельман Сауранбеков тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

701 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тельман Сауранбеков тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тельман Сауранбеков тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

Бедерлі жылдар белесінде мемлекет өміріндегі маңызды құрылымдарда жауапты қызметтер атқарған ғибратты ғұмыр иесінің қайраткерлік жолы кейінгілер үшін өлмес өнеге. Алматыдағы Қонаев пен Құрманғазы көшелерінің қиылысында орын тепкен бұл үйде Тельман Еркінбекұлының ғылым мен қоғамдық қызметтегі ең бір жемісті жылдары өткен. Мемориалды тақтаның ашылу рәсіміне зиялы қауым өкілдері, марқұмның туыстары мен жақындары қатысты.

«Халыққа адал қызмет етіп, көптің алғысына бөлену  шын бақыт. Тельман Еркінбекұлы саналы ғұмырын, бар қажыр-қайратын ел игілігіне жұмсаған жан еді. Ол жұртшылықтың есінде қай биікке шықса да қарапайым қалыбынан жаңылмаған дегдар азамат ретінде сақталып қалды. Азаматтықтың айнасына айналған ағаның ақжарқын көңілі, атқарған еңбегі көз алдымызда. Ол халықшыл адам болатын. Алматы оның өмірінің бір бөлшегі болды десек қателеспейміз. Кешегі кеңес кезінде Алматыны басқарып, қаланың қарыштап дамуына көп еңбек сіңірді. Өмірінің тең жарымы өткен үйде бейнесі жарқырап, есімі қашалып тұрғаны қандай жақсы», дейді қоғам қайраткері Ержанбек  Нұрбеков.

Іс-шараға жиналғандар Тельман Еркінбекұлының жастарды кәсіби шеберлікке, адамгершілік құндылықтарға баулығанын, өзі қызмет атқарған қай салада да абырой биігінен көрініп, қайраткерліктің жарқын үлгісі бола білгенін ілтипатпен еске алды. Мемлекеттік қызметтен бөлек ұлт тарихы, ұрпақ тәрбиесіне қатысты кез келген мәселенің ортасынан табылған халқының адал перзенті ел жадынан өшпейтінін жеткізді.

Тельман Сауранбеков  (1941-2020)   Жамбыл облысы, Жуалы ауданында өмірге келген. Қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарих факультетін бітірген (1962). Еңбек жолындағы қадамын аудандық Пионерлер үйінің әдіскері, пионер лагерінің тәрбиешісі болып бастады. 1962 – 65 жылдары Алматы қаласы Совет ауданы комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1969 – 72 жылдары Алматы қаласы комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1972–76 жылдары БЛКЖО Орталық комитетінің жауапты ұйымдастырушысы, 1976–84 жылдары Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің хатшысы, 1984 – 86 жылдары Алматы қаласы партия комитетінің хатшысы, 1986 – 90 жылдары Қазақстан Компартиясы ОК-ның шетелдермен байланыс жөніндегі бөлімінің меңгерушісі, КСРО Министрлер кеңесінің Қазақ КСР-і бойынша дін істері жөніндегі өкілетті өкілі, 1990 – 95 жылдары ҚР Президент аппараты мен Министрлер Кабинетінің хат және азаматтарды қабылдау бөлімінің меңгерушісі, 1995 – 97 жылдары ҚР Үкімет жанындағы дін істері жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары, 1997 жылдан ҚР Парламентінің Сенат Аппаратының жалпы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің (11-шақырылған) депутаты болып сайланды. «Құрмет Белгісі» орденінің иегері.

Соңғы жаңалықтар