07 Ақпан, 2014

Украина үшін күрес әлі бітпейді

350 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дүбірге толы дүние

Жексенбіде Мюнхенде қауіпсіздік жөнінде халықаралық конференция өз жұмысын аяқтады. Онда Украинадағы жағдай туралы да әңгіме болды. Басқалардан бұрын жұртшылық назары соған ауғаны да анық. Дубир-1Сол конференциядағы пікірлерге қарап-ақ Украина үшін күрес екі майданда: елдің өз ішінде және оның сыртында жүріп жатқанын айқын аңғарасың. Сол екі майданда да жағдай бұлыңғыр. Мынау жеңеді деп ешкім айта алмайды. Бір анық нәрсе: сол күрестен украин халқы зардап шегетіні даусыз. Бір қоғам екіге жарылып, төбелесіп жатқанда, одан сол қоғамның өзі зардап шегетінін дәлелдеудің де қажеті жоқ. Саясатшылар ортасында демо­кратияның да оңып тұрғаны шамалы, бірақ әзірге дейін адамзат одан жөндіні ойлап таба алған жоқ, деген сөз бар. Азшылық көпшілікке бағынуға тиіс. Сондай-ақ, сол азшылық әртүрлі жолдармен өз пікірлерін білдіруге құқылы – бұл демократияның талаптары десек, Украинадағы, оның жүрегі дерлік Киевтегі біразға созылып келе жатқан текетіресті, бұзу-қирату, өртеу, бір-біріне тас ату, мекемелер үйлеріне басып кіру сияқты әрекеттерді есі дұрыс адам демократияға жатқыза қоймас, та­ғылыққа жақын іс. Соларды ұйым­дастырып жүргендер ел билігін ұстаса, елдің тағдыры не болады деген де ой келеді. Қазіргі биліктегілердің әреке­тін де түсіну қиын. Елдің дәл бүгінгі жағдайға душар болуына оның кінәлі екені даусыз және елді осынау жағдайдан алып шыға алмауынан да оның дәрменсіздігін аңғарасың. Тұрақты бір бағытты ұстай алмай, сан құбылған Виктор Януковичтің билігі елді тұрақтылық жолына түсіретініне көңіл сенбейді. Сырттай қарағанда, оның оппозицияны келісімге шақырып, оларға үкімет басшылығын ұсынуы жағымды құбылыстай көрінер. Шын мәнінде қазіргі қалыптасқан жағдайда оның оң нәтиже беруі екіталай. Ішкі, сыртқы күрестің бір-біріне ықпалы күшті. Елдегі жағдайдың ушығуына Мәскеу мен Брюссель бірдей «үлес қосып» жатыр. Украи­наны өз ықпалында қалдыру үшін олардың ашық түрде салиқалы дип­ломатияға сыя қоймайтын әре­кеттері Украи­наға ауыр тиіп отыр. Екі жақ та бұл елге қомақты эко­номикалық көмек беруге уәде етіп, жеме-жемге келгенде, саяси жағдайға байланысты одан бас тартуы Украинаны тұйыққа тіреді. Күні кеше үйіп-төгіп уәде берген Мәскеу соңғы күндері көрші елден келген тауарларды кеденнен өткіз­бей, жұртты қаңтардың аязына қаң­таруы соның бір көрінісі. Сырттағылар Мюнхенде тіл табыспады. Бір-бірін айыптауды мақсат тұтты. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керридің Украина өзінің кіммен болатынын – бүкіл әлеммен бе, жоқ бір елмен ғана болатынын анықтауы керек деген сөзі Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа ұнамады, бұлар қазіргі билікті қолда дейді. Ал ЕО мен АҚШ-тың ықыласын өздеріне аудару үшін сол Мюнхенге барған оппозиция көсемдері Кличко, Яценюк, Тягнибоктар Украинаның қазіргі билігін отставкаға жіберуді, Януковичке қарсы санкция қол­дануды талап етті. Бұл енді ел мүд­десін ойлайтындардың әрекеті емес. Мюнхендегі конференцияда парасатты сөзді абыз саясаткер Збигнев Бжезинский айтты: «Еуроодақ пен Ресей келіссөзге баруы керек. ЕО мен РФ Украинаның Еуропамен кірігуінен Ресейдің экономикасына қауіпсіз болатын жол тапсын. Егер Украина билігі мен оппозиция қалыптасқан саяси дағдарыстан шығу жолын таппаса, бұл ЕО үшін де, Ресей үшін де апат», – деді АҚШ президентінің экс-кеңесшісі. Қатаң ескерту. Украинадағы жағдай басқаларға да сабақ. Саяси ойынның жетегінде кету кез келген елге қауіпті. Жұрт­ты одан сақтандыру, саяси желік­пелердің арандатушылық әре­кет­теріне жол бермеу кез келген билікке де, қоғамға да сын.

Гагауздардың Еуропаға қарағысы жоқ

Молдавияның Гагауз автономиясында жексенбі күні референдум өтті. Автономия басшылығы дауыс беру арқылы халықтың Еуроодақпен немесе Кеден одағымен кірігуге көзқарасын анықтады. Дубир-2Бұл шағын ғана әкімшілік құры­лымдағы халықтың көзқа­расын айқындауға арналған шараның жаңғырығы тым қатты болды. Молдавия соты оны өткізуге рұқсат бермейтін үкім шығарса, енді сол өткен референдумның өзін заңсыз санап отыр. Осыған орай автономия атынан Ұлттық жиналыс төрағасы Дмитрий Кон­с­тантинов Еуропалық сотқа шағым­данатынын мәлімдеді. Бұл арқылы гагауздар референдумды өткізбеу жөніндегі сот шешімін де бұзбақ. Сөйтсе де, референдум өтті. Оның нәтижесі туралы мүдделі жақтар кеңінен сөз етіп жатыр. Мүдделі дегенде, оны жақтаған­дарды да, қарсыларды да айтқан жөн. Қарсылар – ең алдымен сол Молдавияның басшылығы. Өз аумағындағы құрылымдардың бөліну жөніндегі әрекеттерін, әрине, олар жақтырмайды. Ал жақтайтындар дегенде, бұл елдің бөлшектеніп, әлсірегенін, күйзел­генін қалайтындар іште де бар, сыртта да бар. Референдумда біраз мәселе дауысқа қойылды. Еуропамен кірі­гуді жақтағандар 2,77 пайыз ғана болса, қарсылар – 97,22 па­йыз. Ал Кеден одағына кіруді дауыс бергендердің 98,47 пайы­зы жақтаса, қарсылар небәрі 1,5 пайыз болған. Бұл жерде өзі­нің бас мемлекетімен тіл табыса алмай отырған құрылымды, шешім­дерің осындай екен деп, өзде­ріне қабылдай салатын Кеден одағы да, Еуроодақ та жоқ екені екінші мәселе. Бұл жайында әңгіме болғанда жоға­рыдағы цифрлар ауызға алын­ғанымен, референдумның мәні бұдан тереңірек. Константи­нов атап көрсеткеніндей, референ­думға қатысқандардың 94 пайызы Молдованың мәртебесі өзгер­­ген жағдайда Гагаузия автономиясы өзін өзі айқындауға құқықтығына дауыс берген. Әңгі­ме Молдавияның Румынияға қосылуы жайында болып отыр. Солай болған жағдайда Гагаузия олармен бірге кетпей, қалып қою­ды қалайды. Біраздан бері ауызға ілініп, Мол­давияға қарсы әрекеттерге арқау болып жүрген Гагаузия автономия­сында бар-жоғы 155 мың халық тұрады. Тұрғындарының негізі – гагауздар 82 пайыз. Право­славие  дініндегі түркі тілді осынау шағын халық өзінің жойылып кетпеуі үшін белсенді күресіп келеді. Ке­зінде репрессияға ұшы­рап, біразы басқа жаққа да аударылған. Мол­давия аумағында автономия бері­луі олардың сақ­талып қалуына жағдай жасаса да, енді ішкі-сыртқы күштердің араласуымен, тіпті арандатуымен десе де болар, саяси күрес­­тің нысанына айналуы осынау халыққа жақсылық әкелетініне күмәнмен қарайсың. Әрине, үлкен де, кіші де халықтардың тәуелсіздік үшін күресі қасиетті, барынша құп­тайтын іс-қимыл. Тек ол үшінші бір жақтың мүддесі үшін пайдаланылмаса екен дейсің. Гагауздар Кеден одағына кіргі­сі келеді екен делік. Сонда басқа бір елдің нысанын келе ғой деп, қабылдайтын кім бар екен? Уәде беріп, арандатып жүрген кім? Кеден одағы қақпасы жоқ, қалағандар кіре салатын ашық-шашық жатқан дүние ме? Сол Кеден одағының бір мүшесі – біздің еліміз. Басқалар біздің еліміздің бұған көзқарасы қандай екенін сұрады ма екен? Ойға көп сұрақ оралады. Жауап іздейсің. Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар