Аймақтар • 03 Қазан, 2021

Жамбылдағы жарылыста жоғалып кеткен әскери әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр

607 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында тамыздың аяғында Тараз маңындағы жарылыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен әскери Бауыржан Дәуітбаевты іздеу жұмыстары әлі де жүріп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Жамбылдағы жарылыста жоғалып кеткен әскери әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр

Іздестіру жұмыстарына 500-ден аса адам тартылды, олардың ішінде Жамбыл облысы полиция департаментінің, ТЖ департаментінің қызметкерлері, ҚР Ұлттық ұланының 5513 және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 91678 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, «Орманшылар» азаматтық персоналының өкілдері және туыстары бар. Олар үш топқа бөлінді.

Барлығы 50 техника жұмылдырылды. Арнайы тікұшақ та іске қосылған. Іздеу жасақтары таулы жерлерді де шолып жатыр. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 91678 әскери бөлімінің қызметшілері іздеуге атпен аттанды.
 
«Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен хабар-ошарсыз кеткен жауынгер Бауыржан Дәуітбаевты іздеу шаралары күшейтілді. Іздестіру жұмыстары бірден бірнеше бағытта жүргізіледі және бір сәтке де тоқтамайды», деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев.

Жоғалған әскеридің ағасы Марат Дәуітбаев та іздестіруге белсене қатысуда.

«Бірінші іздестіру тобымен бірге жақын маңдағы елді мекендердің аумақтарын әуеден шолып шықтық. Өкінішке қарай, іздеу шаралары нәтиже бермеді. Бірақ біз үміт үзбейміз және ағамызды табамыз деген сенімдеміз», деді ол.

Кіші сержант Бауыржан Дәуітбаев 26 тамызда кешке Тараз маңында әскери бөлімдегі қойма жарылысы кезінде жоғалып кетті. Ол қаза тапқандардың қатарында жоқ, төтенше жағдай орнында әскери қызметшінің мәйіті табылмады. Дәуітбаев - әлі табылмаған жалғыз адам.