08 Ақпан, 2014

Адалдан жаралған азамат

810 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
04-02-31Жүрегі жайсаң жан, ақжүрек азамат, өнер мен заңның тізгінін қатар ұстай білген талантты тұлға – Төрегелді Асқарұлы Қыстаубаевтың дүниеден озғанына бір жыл болыпты. Өмір барда өлім бар дегенмен, қапияда, мезгілсіз келген ажалдың соққысы тым ауыр. Амал қанша, асыл ініні қимастықпен еске алып күрсінеміз де, жарқын бейнесін жанымызға медеу, көңілімізге сүйеу етеміз. Қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген әдемі теңеу бар. Әдетте біз оны жезтаңдай әнші, күміс саусақ күйші, сазгер сияқты өнер адамдарына қарата айтамыз. Алайда, атақты жыршы Алмас Алматов бұл сегіз қырдың сырын «тектілік, бекзаттық, жомарттық, ілімпаздық, мәрттік, батырлық, сақилық, байлық» деп таратыпты. Сөз жоқ, бұл қасиеттер кемде-кем адамның бойына дарыса керек. Мен сонау 1994 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып қызмет атқарып жүргенімде танысып, таныстығым сыйластыққа және қимастыққа айналған марқұм Төрегелді бауырымды сегіз қырлының бірі және бірегейі деп бөліп айтар едім. Өйткені, оның жалтақтау мен жалпақтаудан ада турашылдығы, тәуекелшілдігі тектілігінен туындайтын. Ширек ғасыр театр сахнасында жүріп, өнермен өзегі бір болып кеткен ол елуді еңсерген жігіт ағасы кезінде жас шақта ойға алған мақсатты орындау үшін мүлде бейтаныс, беймәлім ортаға ешкімге жалынбай, ешкімге қолқа салмай бір тәуекелге сеніп келді. Кешегі халық әртісі, елдің алақанында жүрген өнерпаз облыстың соттар әкімшісінде кадр бөлімінің қызметкері болып бәрін қайтадан, басынан бастауға арланған жоқ. Жігерсіз адамның қолынан бұл келе ме?! Бұл – ішкі қуаты мол, өзгенің пікіріне жалтақтамайтын турашыл адамның ісі. Енді бекзаттық дегенге келсек, сот саласына қатардағы қызметкер болып келгенмен, Төрегелді алғашқы күннен кез келген судьямен, басшымен тең сөйлесіп, еркін пікір алысатын. Өзінің өмірден көргендігі мен көңілге түйгендігі мен дүниетанымының кеңдігімен кісіні мойындататын. Кішірейгенге кішірейіп, шалқайғанға салқындықпен қарайтын. Ал оның қолындағысы мен көңіліндегісін басқамен бөліскісі келіп тұратын жан жомарттығы өз алдына бір әңгіме. Алда-жалда біреудің басына іс түсе қалса, көмек керек болса соның қасынан бірінші болып Төрегелді табылатын. Талай жолдас-жорасының ауру-сырқауына, қайғы-қазасына жаны ауырып, қолындағы барымен, қолында жоқ болса жанымен, зыр жүгірген қызметімен қолдау көрсетіп бір тыным таппайтын. Төрегелді қазақтың танымал бір тұлғасы, халық әртісі, режиссер Райымбек Сейітметовті ұлағатын көрген ұстазым деп қатты қастерлейтін және отбасымен жақын араласатын. Рекең қызметтен қағажу көріп, Алматыдан Түркістанға қоныс аударып, ол жерде жаңа театр ашқан тұста Төрегелді оның артынан Петропавлдан қанша рет арнайы іздеп барып, қасында болып, көңілін демдеді. Ал Рекең қатты науқастанған кезде күн құрғатпай халін сұрап, ылғи іздеушісі болды. Мен ол кезде Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы, Төрегелді Петропавл қалалық сотының судьясы қызметін атқаратынбыз. Рекең қайтыс болған кезде Төрегелдінің қабырғасы қайысып қайғырғанын көзім көріп, қазаның шаруаларын реттестіруге шамам келгенше көмектесіп, жаназаға үлгеріп баруына мүмкіндік жасағанымда шексіз алғысын айтып, көңілі қатты босап еді. Кейіннен Рекеңнің дүниеден озғанына бір жыл өткен тұста еске алу шараларын да тыным таппай жүріп өткізді. Төрегелдінің жақсы қасиеттерінің бірі – оқып-үйренуден, ізденуден жалықпайтындығы еді. Соның бір айғағы сонау 1981 жылы, театр­да жүр­­­­­­генде-ақ Қазақ ұлттық универ­си­теті­нің заң факультетін сырттай оқып бітір­гені. Яғни, ол заңгерлік кәсіпке кездей­соқ келе салған жоқ. Әу баста-ақ осыны мақсат еткен екен. Білімге деген ұмты­лыс пен мақсатқа жетсем деген құл­шыныс ілімпаздықты біл­дір­се керек. Сахнада талай тағдырлы тұлғаларды сомдап, адамдардың психологиясына тереңдеп бойлап, өнер саласындағы ең жоғары атаққа жетіп, атағының көлеңкесінде саялап отыруға болатын шақта тыңнан түрен салып судьялық қызметке келуі оның батырлығын танытса керек. Және оның батырлығы көзсіз емес, ақыл қорытуынан өткен батырлық. Себебі, жақсы мен жаманды анық айырып, обал-сауапты айқын ажыратып, талай ойды таразылап барып осындай жауапты істі атқара алатынына көзі жеткен кезде судья болуға бел буды. Ол сотқа үлкен өмір дайындығынан өтіп келді. Сахнада Амангелді батыр, Әмір Темір сияқты тарихи зор тұлғалардың бейнесін сомдаған актер, Мұхтар Әуезовтің шығармасы бойынша «Қорғансыздың күні» спектаклін қойған режиссер, әуелі Оңтүстік Қазақстан облысының, кейіннен Астананың қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласқан ұлтжанды азамат жаңа жұмысын бірден үйіріп әкетті. Судья қызметінің көрсеткіші қараған істерінің сапасымен өлшенеді десек, судья болып тағайындалып, сот төрелігін жүзеге асырған жеті жыл ішінде Төрегелдінің бірде-бір шешімі бұзылып немесе өзгертілмегені көп жайды аңғартады. «Жақсы адамның өкпесі шәйі орамал кепкенше» дейді қазақ. Төрегелдінің адамдардың кемшілігіне, мінез таршылығына кешіріммен, кеңдікпен қарайтын мәрттігі бір басқа еді. Қызмет бабында, тіршілікте аяғынан шалған кейбір адамдарға кектенбей, керісінше, аңқылдай күліп, арқасынан қағып ұялтатын. Сотта көп жыл қызмет істеген саңлақ судьялардан ақыл-кеңес сұрап, үйренетін де, кейінгі жастарға заңгер мамандығының шеңберінде қалып қоймай көп оқуға, әр саладан хабардар болуға кеңес беретін. Өзі жазу-сызуға бейім болғандықтан, баспасөз беттерінде сот ісінің өзекті мәселелері жөнінде мақалаларын жиі жариялап, теледидардан тұщымды әңгімелер айтатын. Оның көп әріптестерінен артық­шылығы мен ерекшелігі – қазақ тілінің мәйегін әбден меңгергендігі еді. Онсыз да шұрайлы қазақ тілін одан әрі шырайландырып, құнарландырып сөйлегенде еріксіз сүйсінетінбіз. Сонымен қатар, Төрегелді ана тілінің қадірі, ата салты мен дәстүрінің қасиеті туралы көп толғанатын. Дала өркениеті, билердің сөзі жайында тамсанып әңгімелейтін. Судьялар дайындайтын арнайы магистратурада ұлттық шешендікке негізделген сөйлеу техникасы, логикалық ойлау, ой қорыту, тіл ұстарту жөніндегі сабақтар жүргізілсе деген орынды пікірді жиі айтатын. Көптеген судьяларымыздың тілге шорқақтығына, қазіргі кезде қазақ тілінің «шұбарланып» кеткеніне қатты қынжылушы еді. Өкінішке қарай, қазір рухани байлықтан гөрі дүниеауи байлықтың бағасы артып тұрған кез ғой. Бұрын­дары көзі ашық адамдар кітап жинаса, қазір дүние-мүлік, көлік жинайды. Бұл жағынан келгенде Төрегелді қанағатшыл, сақи жан еді. Бар тілеуі балаларын оқыту, бар тапқанын солардың өсіп-өркендеуіне жұмсау, олардың жақсы азамат болғанын көру болды. Оның басты байлығы балалары, немерелері, жары, достары мен бауыр-туыстары және жан-дүниесі еді. Адалдан жаралған аңқылдақ азамат бір отбасының баласынан қалың жұрттың баласына, ел ағасына айналып, мәңгілік сапарына сый-құрметпен аттанды. Атамыз қазақта: «Жылқыда да жыл­қы бар – қазанаты бір бөлек, жігіт­те де жігіт бар – азаматы бір бөлек» деген сөз бар. Фәни өмірде адалдық­тан айнымаған азамат бақи дүниеде ұмыт болмасы анық. Артында жақсы атын шығаратын жары, тәрбиелі балала­ры, жөн көрген келіндері, алтын асық­тай немерелері барда Төрегелді бауы­рым­ның ғұмыры мәңгілік деп ойлаймын.  Бекет ТҰРҒАРАЕВ,  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымдарының докторы, профессор. ПЕТРОПАВЛ.
Соңғы жаңалықтар