Білім • 03 Қазан, 2021

Оқу орындарында оқыс оқиға болмасын десек...

584 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жақында Ресейдің Пермь университетінде орын алған, одан төрт ай бұрын Татарстан астанасы Қазандағы мектепте болған қайғылы жағдайлар білім беру нысандарындағы қауіпсіздікті күшейтудің маңызды екенін көрсетті. Бұл оқиғаға бейжай қарамаған елімізде балалар үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз етудің кешенді іс-шаралары қолға алынып, террористік тұрғыдан осал оқу орындарының қорғалуына баса мән беріліп жатыр.

Оқу орындарында  оқыс оқиға болмасын десек...

Жаһандану заманында көрші ел түгілі, әлемнің кез келген тұсында бол­ған оқиғадан сабақ алған маңызды. Өйт­кені қайбір елдегі қандай да жағдай болсын, елімізде қайталану ықтималдығын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан терроризм сияқты қылмысқа қарсы күрес адамзатқа ортақ мәселе ретінде қарас­тырылады. Бұл ретте білім беру нысан­дарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жіті назарда болғаны жөн.

Ресейдегі қайғылы оқиғадан кейін еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақ­шасында жазба қалдырып, оқу орын­дарының әрбір басшысы балаларды қорғау мәселесіне басымдық беруі тиіс екенін айтты.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім беру ұйым­да­ры­ның қауіпсіздігін қам­та­ма­сыз ету қажеттілігін атап өтті. Бұл мәселе Үкімет отырысында егжей-тегжейлі қаралып, әкімдіктерге тапсырма берілді. Сондай-ақ ЖОО басшылығына оқу корпустары мен жатақханаларда қауіпсіздікті күшейту керектігі айтылды», деді ми­нистр.

Сонымен қатар ол бұл тапсыр­ма­лар­дың жаб­дықтарды түгендеу, жедел бас­қару орталығына бейнекамера­лар­ды қосуды қамтамасыз ету, ЖОО-ға кіру режімін күшейту және төтенше жағдай туындаған кезде қабылданатын іс-қимылдар бойынша сабақтар өткізу екенін көлденең тартты. «Қазіргі уа­қыт­та министрлік басқа мем­лекеттік органдармен бірлесіп бі­лім беру объек­тілерінің терроризмге қарсы қор­ғалуын ұйымдастыру бойынша құжат әзірледі. Осы нормативті-құ­қық­тық актіні талқылау барысында
2 мың­нан аса сұрақ пен ұсыныс келіп түсті. Бұл құжат кейбір азаматтарды алаңдататынын білеміз. Олар дабыл батырмаларын, бейнебақылау жү­йе­сін, турникеттерді орнатуға және төтенше жағдайдағы оқу-жаттығулар өткізуге қарсы екендігін жазды. Мен бұл ережелердің балаларға қауіп төн­дір­­мейтінін, керісінше олардың қа­уіп­­сіздігін қамтамасыз етуге және мұ­н­дай жағдайлардың алдын алуға ба­­ғыт­талғанын мәлімдеймін», деді А.Аймағамбетов.

Сондай-ақ ведомство басшысы әрбір білім беру ұйымында барлық қа­уіп­сіздік шарасы қабылдануы қажет екенін, әкімдіктер бұл мәселені кешенді шешу үшін қосымша қаражат бөліп жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, бейнебақылау камерасын, күзет сигналы мен дабыл батырмасын орнату, жедел басқару орталығына бейнекамераларды қосу, өткізу режімін ұйым­дастыру және қауіпсіздік жүйе­сінің басқа да элементтері қарас­тырылмақ. Қызметкерлер мен оқу­шы­лар техникалық шаралардан бөлек, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алогоритмін білу қажет. Бұған қоса бі­лім беру ұйымдарында тәрбие жұ­мы­сын күшейту де басты назарда болады.

Жалпы қазіргі таңда елімізде балалар үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету жөнінде бірқатар іс-шара жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Үкіметтің 2021 жыл­дың 6 мамырындағы №305 қау­лы­сымен террористік тұрғыдан осал (ТТО) объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қо­йы­­латын талаптар бекітілді. Жергі­лік­ті атқарушы органдардың ішкі істер органдарымен келісуі арқылы білім беру ұйымдарының терроризмге қарсы қорғалу паспортын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда ТТО объектілерге бі­лім алушылар мен персоналдың нақ­ты саны жүз және одан көп білім беру ұйымдары жататынын атап өткен жөн.

Биыл маусым айының соңында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елімізде террористтік тұрғыдан осал са­на­тына жатқызылған 8,8 мыңнан аса білім беру нысаны бар екенін мә­лім­де­ген еді. Олардың саны осы жыл­дың сәуір айында Үкіметтің тиісті қау­лысының қабылдануымен 2,3 мыңға артты.

«Қазандағы қайғылы оқиғаларды ескере отырып, Қазақстанның оқу орын­дарында барлық жалпы білім бере­тін мектептерге жоспардан тыс тек­серу жүргізілді, бірқатар кем­ші­лік аны­қ­талды. Мектептер 100% бей­не­ба­қылау камераларымен қамтамасыз етілген. Бірақ оның жартысына жуығы стандартқа сәйкес келмейді. Жұмыс іс­темейтін, тоққа қосылмаған және дұ­рыс орнатылмаған камералар бар. Осындай кемшіліктер Қарағанды облысында көп тіркелген. 505 мектептің 84%-ында тиісті бейнекамера орнатыл­ма­ған. Түркістан облысындағы 889 мектептің 69,7%-ында бейнекамералар техникалық параметр­ге сай емес. Мектепке кіретін және шығатын есікте, әр қабатта, аулада камералар тұруы керек. Одан бөлек Жедел басқару орталығына камералардың біразы қосылмаған. Еліміз бойынша тек
1 085 мектеп қосылған. Мұндай проб­лемалар Шымкент, Алматы, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында бар. Жергілікті жерлерде мектептерді шұғыл дыбыстық және сигналдық хабарлау жүйелерімен жабдықтау мәселелері де толық шешілмеген. Олар әр үшінші мектепте ғана бар. Мұндай жүйелер қауіпті немесе дағдарыстық жағдайлар туындаған кезде, балаларды эвакуациялау немесе ішкі бөлмелерге бөгде адамдардың кіруіне тосқауыл қою үшін дереу дабыл беру қажет болған кезде керек. Алматы, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарындағы мектептер сигнал беру жүйелерімен жабдықталмаған. Барлық жерде «дабыл түймелерін» енгізу қажет. Олар белгілі бір жерде болуы керек. Бұл кез келген қауіп-қатер немесе төтенше жағдайлар туындаған кезде күзет ұйымдарының орталықтандырылған бақылау пульттеріне жедел дабыл сигналын беруге мүмкіндік береді. Алайда мұндай «дабыл түймелері» мектептердің 9,3%-ында ғана бар», деді Е.Тұрғымбаев.

Білім және ғылым министрлігі Бала­лар­дың құқықтарын қорғау коми­те­тінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев Үкіметтің жоғарыда аталған қаулысын іс­ке асыру үшін ТТО объектілердің тер­ро­ризмге қарсы қорғалуын ұйым­­дас­тыру жөніндегі нұсқаулық әзір­лен­генін айтты.

«Нұсқаулық бекітілгеннен кейін террористтік тұрғыдан осал ведом­ство­лық объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі жол картасы әзірленеді. Оқу жылы ішінде педагог қызметкерлер мен оқушыларды төтенше жағдайлар қауіпсіздігін, тер­ро­ристтік қатерді қамтамасыз ету қа­ғи­­даларына оқыту және білім беру ұйымдарында штаттан тыс жағдайларға ден қою бойынша жыл сайынғы оқу-жат­тығулар ұйымдастырылады. «Бі­лім туралы» Заңы аясында білім бе­ру ұйымдарында және олардың аумақ­та­рында пайдалануға тыйым салынған және енгізуге шектелген заттар мен заттардың тізбесі бекітілді. Көрсетілген норма қауіпсіз және жайлы оқу ортасын құруға мүмкіндік береді, кәмелетке толмағандардың заңға бағынушылық мінез-құлқын қалыптастыруға, құқық бұзушылық фактілерін немесе қоғамға қарсы іс-әрекеттерді анықтауға және жолын кесуге, сондай-ақ балалардың денсаулығына зиян келтірудің алдын алу­ға жәрдем көрсетеді. Сонымен қатар Үкімет жанындағы кәмелетке тол­мағандардың істері және олардың құ­қықтарын қорғау жөніндегі ведомст­воаралық комиссияның 29 оты­ры­сының қорытындысы бойынша қа­зіргі уақытта ішкі істер органдарымен бірлесіп білім беру ұйымдарының ТТО объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойы­ла­тын талаптарға сәйкестігіне тексеру жүр­гізілуде», деді Балалардың құқық­та­рын қорғау комитетінің төрағасы.

Сондай-ақ Е.Иманғалиев қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жергілікті атқарушы органдар Мамандандырылған күзет қызметін енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ТТО объектілеріне жататын білім беру ұйымдарын қорғауға лицензиясы бар жеке күзет ұйымдарына ғана рұқсат етіледі. «Күзет қызметі тура­­­­­лы» заңға сәйкес күзет қызметтерін көрсетуді жеке күзет ұйымдары жүзеге асырады. Күзетуді жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке күзет ұйымдары үшін біліктілік талаптары заңнамалық түрде қатаңдатылды. Сонымен қатар жеке күзет ұйымының күзетшісі лауазымына 19 жасқа толған және күзетшiнiң арнайы даярлығынан өткен азаматтар қабылданады. Жеке күзет ұйымында күзетші лауазымын атқаратын қызмет­кер­лер мамандандырылған оқу орта­лы­ғын­да даярлау және біліктілігін 

арттырып отырады. Төтенше жағдай кезінде шұғыл әрекет ету үшін күзетші лауазымының біліктілік талаптары, оның ішінде радио байланыстың және қызметтік қару саласында жұмыс тәжірибесінің болу міндеттілігі жоғарыда аталған қолданыстағы заңнамада айқындалған.

Жалпы Пермь университетінде бол­ған қайғылы оқиға еліміздегі жоғары оқу орындарының қауіпсіздігін қайта пысықтауына ықпал етті. Мысалы, елор­дадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің бас­па­сөз қызметі оқу орнында қауіп­сіздік шараларына баса мән берілетінін хабарлады.

Бізге берілген мәлімет бойынша, ЕҰУ-дің Кешенді қауіпсіздік және бақылау қызметінде 109 адам жұмыс істейді. Басшы және оның орынбасарынан бөлек 62 бақылаушы, 5 аға бақылаушы, 38 бақылаушы-вахтер және штаттық кесте бойынша бір-бірден оператор, аға оператор, видео оператор бар. Қауіпсіздік қызметінің бейнебақылау қызметкерлері бейнебақылау камераларын ұдайы қадағалап отырады. Барлық оқу ғимаратында рұқсатнама тексеру сапасын арттыру үшін қосымша
2 бақылаушы қызметкерден қойылған. Түнгі уақытта студенттік үйлердің ауласы 2 кезекшілік ауысыммен бақылауға алынады. Сондай-ақ университеттің Азаматтық қорғаныс және еңбекті қор­ғау қызметімен бірлесе төтенше жағ­дай бойынша оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Күзет қызметі учаскелік полиция инспекторымен әкімшілік құқық бұзудың алдын алу шаралары бойынша жиі жұмыс жүргізіп, университет аумағына кіретін барлық авто­көлік бақылау бекеті арқылы жібері­леді және тексерістен өткізіледі.

Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Ішкі қауіп­сіз­дік қызметінің хабарлауынша, оқу орнының ғимараттарының терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай үлгіге сәйкес пас­порт жасақталған, терроризмге және экстре­мизмге қарсы әрекет етудің не­гіз­гі іс-шаралар жоспары бекітілген.

«Биыл университетте Атырау облысы Полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы уә­кілінің қатысуымен лаңкестікке қар­сы қорғанысты ұйымдастыру мәсе­­ле­лері бойынша теориялық сабақ өткізілді. Университеттің оқытушы-қызметкерлері, студенттер және келу­ші­лер үшін 2 бақылау-өткізу беке­ті қарастырылған. Бекеттер турникеттер мен бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Оқу орны аумағында барлығы 297 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 230-ы ғимарат ішінде, ал 67-сі сыртында орнатылған. Ғимарат сыртындағы 23 бейнебақылау камерасы Атырау облысы Ішкі істер департаментінің «Сергек» бейнебақылау жүйесіне қосыл­ған», делінген университет хабар­ламасында.

Білім ошақтарында қадағалау жұ­мыстарын күшейтумен қатар пси­хо­логиялық жұмыстарға да мән берген жөн. Өйткені әлгі қайғылы оқиға болған университетке қатер өз ортасынан келді. Өзі оқитын оқу ордасында оқ жаудырған студент мұндай әрекетке барардан бұрын ойын жасырмай әлеуметтік желіге жазған да екен. Бірақ мұнысы сандырақ саналып, дер кезінде назарға алынбаған. Сондықтан бұл жағдайдан да сабақ алу қажет. Яғни әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіліп, психологиялық жұмыстарға ден қою керек. Жан-жақты қамтамасыз етілген қауіпсіздік қандай да қатердің алдын алады деп сенеміз.