05 Мамыр, 2010

ЖАҢА “ГРАУНД ЗЕРО”

589 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Басқа басылымдардан Осыдан бірнеше апта бұрын Қазақстанда болған кезімде мен жарылыс эпицентрінде сананы сауықтырған сезімді бастан кешірдім. Бұл Кеңес Одағы 1947-1989 жылдар аралығында 456 ядролық бомба жарған қасіреті әлемге әйгілі Семей сынақ полигоны болатын. Салмағы сана сансы­ра­тар бетон плиталарынан басқа бұл ұшы-қиырсыз жапан далада кезінде қуаты адам шошырлық жары­лыс­тар жасалғанынан ештеңе де хабар бере алмайтындай. Со­ған қарамастан, оңдаған жылдар бойы Семей поли­гоны Құрама Штаттардағы осы тектес полигондар сияқ­ты біздің планета­мыз­дағы өмірге қатер төндірген “қырғи-қабақ соғыс” эпи­центрі болып келді. Оның қасіреті бізге “мұра” ретінде қалып отырса, олар: уланған өзендер мен көлдер, рак пен туабітті кемтарлыққа душар балалар. Бүгінде Семей үміттердің қуатты символына айналған. 1991 жылдың 29 тамызында, тәуелсіздікке қол жеткізіле салысымен, Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев полигонды жауып, ядролық қарудың көзін жойды. Бұл біздің ядролық қарудан тыс әлем құру жө­ніндегі арманымыздың шы­найы жүзеге аса бастауына алғышарт жасады. Қазір біздің ұрпақта­ры­мыз алғаш рет болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік алды. Мен Семейде болған күні Президент Барак Обама АҚШ-тың ядролық сая­са­тын қайта қарайтыны тура­лы жариялады. Құрама Штат­­тар өзінің үлгісімен дү­ниені рухтандырып, ядро­лық қа­рулардың жаңа түр­лерін да­мытудан бас тартты. Сондай-ақ Таратпау туралы шартқа сәйкес тажал қаруын бірінші болып қолдан­бай­тын болды. Екі күн өткен соң Президент Обама мен Ресей Федерациясының Пре­­зи­денті Д.Медведев Яд­ро­лық қаруды қысқарту ту­ра­лы жаңа шартқа қол қойды. Бұл үдеріс бүкіл әлем бойынша күш ала түсуде. Көп жағдайда көзқарастары қарама-қайшы болып келген үкіметтер мен азаматтық қоғамдар ортақ іс үшін жұмыс істей бастады. Ядролық қауіпсіздік ту­ралы жақында ғана Вашин­гтон­да болып өткен жаһан­дық саммитте әлемнің 47 мемлекетінің басшылары яд­ро­лық қару мен материал­дарды қауіпсіз жағдайда сақ­тау үшін қажеттінің бәрін жасауға уағдаласты. Олар­дың ортақ та өткір алаң­дау­шылығы нақты жағдайды сезінгендерін айғақтайды. Ядролық терроризм – бұл Голливудтың фантазиясы емес. Бұл – әбден орын алуы ықтимал қатер. Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­на осындай күш-жігердің ортасында болу бұйырған. Жақында ғана БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы ядролық қару­сыздану мен қауіпсіздік ту­ра­лы арнайы пікірталас өт­кізді. Мұның өзі 2008 жыл­дың аяғында мен ұсынған, сондай-ақ өткен жылдың қыркүйегінде ұйым­дас­ты­рылған Қауіпсіздік Кеңесі­нің тарихи саммитінде қа­ралған ядролық іс-қимыл жоспарының заңды жалғасы іспетті болды. Дүйсенбі күні бүкіл әлемнен келген жоғары лауазым иелері БҰҰ-да бас қосып, Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шарт (ЯҚТШ) бойынша кезекті шолу мәслихатын өткізеді. Олардың осыдан бес жыл бұ­рын өткізген соңғы кез­десулері ештеңеге қол жет­кізбегені белгілі. Осы жолы, керісінше, біз көптеген мә­селелер бойынша оң өзге­рістерді бақылай алатын бо­ламыз. Біз өзіміздің үмітте­рімізде ақиқаттан тысқары қалмағанымыз жөн. Бірақ, сондай-ақ, біз прогреске қол жеткізу мүмкіндігінен айы­рылып қалмауға тиіспіз. Бұл Таяу Шығыста ядролық қа­рудан тыс аймақ құру, со­ны­мен қатар, ядролық энер­ге­тиканы бейбіт мақсатта пай­далануды қоса алғанда, та­рат­пау туралы міндет­те­ме­лерге сәйкес жүзеге асы­рылуы қажет шаралар болып табылады. Алға көз сала отырып мен үстіміздегі жылы Ядро­лық терроризм актілерімен күрес жөніндегі халық­ара­лық конвенцияның жүзеге асырылу барысына шолу жа­сау үшін БҰҰ-ның мәс­ли­хатын өткізуді ұсындым. Біз бұл кездесуді министрлер деңгейінде Ядролық сынақ­тар­ға жаппай тыйым салу туралы шарттың орын­да­луы­на қозғау салу мақсатында ұйымдастыратын боламыз. Қазіргі кезде мен әлем ел­дері басшыларын ыды­рай­тын материалдар туралы ке­лісім бойынша келіссөздерді бастауға шақырдым. Қазан айында Бас Ассамблея түрлі ядролық мәселелер бойын­ша 50-ден астам қарар қа­рай­тын болады. Біздің мақ­са­тымыз – ертең үлкен серпінділікке әкеле алатын қадамдар үшін бүгін көп­те­ген кішкентай қадамдар жасау. Бұл жұмыстардың бар­лығы өз кезегінде БҰҰ-ға мү­ше елдердің қоғамдық пікірталас қалыптастыратын басымдықтарын көрсетеді. Бәрі де ядролық қарудың сұрапыл қаупін мойын­дай­ды. Біз мұндай қауіп осын­дай қару қанша уақыт сақ­та­лып тұратын болса, сон­шалықты уақытқа созыла­ты­нын түсінеміз. Планетамыз­дың болашағының өзі қару­сызданудан басқа балама жол жоқ екенін айғақтап бе­ріп отыр. Ал мұның жа­һандық ынтымақтастықсыз жүзеге аспайтыны тағы мә­лім жәйт. Мұндай ынтымақ­тас­тықты Біріккен Ұлттар Ұйы­мының аясынан басқа қай жерден табуға болады? Екі жақты және өңірлік келіс­сөз­дер көп нәрсе беруі ық­ти­мал, бірақ жаһандық ауқым­дағы ұзақ мерзімді және жемісті ынтымақ­тас­тық үлкен күш-жігерді талап етеді. Қарусыздану жөніндегі Женева мәслихатымен қа­тар, Біріккен Ұлттар Ұйымы дәл осындай келіссөздер алаңы болып табылады. БҰҰ – мемлекеттер ара­сындағы, сонымен қатар, тұтастай әлемдік қоғам­дас­тық бойынша белгілі бір мә­селелерді талқылап, келі­сім­ге қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірден-бір жалпыға танылған арена. Ұйым ке­лі­сімдерді ғана емес, сонымен бірге, олардың орындалуы жөніндегі ақпараттарды да сақтайды. Ол – Атом энер­гиясы жөніндегі халықара­лық агенттікпен тығыз ынтымақтастықтағы тәуелсіз сараптаулардың көзі. Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымы жаңа эпицентрде – яғни, қорқыныш тудыратын емес, керісінше, үміт отын жағатын жаһандық қарусыз­да­нудың “эпицентрінде” болып табылады. Және де біздермен біргелердің, біздің ядролық қарусыз әлем жо­лын­дағы ұстаным­дары­мыз­ды бөлісетіндердің эпицентрі ретінде қарастырылады. Егер адамзатқа қандай да бір кез­де өзгерістер үшін уақыт қа­жет болса, өткеннің сали­қа­лы іс-қимыл шараларымен қатар, сол уақыт бүгін туып отыр. Пан Ги МУН, БҰҰ Бас хатшысы.