Басқа басылымдардан
Осыдан бірнеше апта бұрын Қазақстанда болған кезімде мен жарылыс эпицентрінде сананы сауықтырған сезімді бастан кешірдім. Бұл Кеңес Одағы 1947-1989 жылдар аралығында 456 ядролық бомба жарған қасіреті әлемге әйгілі Семей сынақ полигоны болатын.
Салмағы сана сансыратар бетон плиталарынан басқа бұл ұшы-қиырсыз жапан далада кезінде қуаты адам шошырлық жарылыстар жасалғанынан ештеңе де хабар бере алмайтындай. Соған қарамастан, оңдаған жылдар бойы Семей полигоны Құрама Штаттардағы осы тектес полигондар сияқты біздің планетамыздағы өмірге қатер төндірген “қырғи-қабақ соғыс” эпицентрі болып келді. Оның қасіреті бізге “мұра” ретінде қалып отырса, олар: уланған өзендер мен көлдер, рак пен туабітті кемтарлыққа душар балалар.
Бүгінде Семей үміттердің қуатты символына айналған. 1991 жылдың 29 тамызында, тәуелсіздікке қол жеткізіле салысымен, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев полигонды жауып, ядролық қарудың көзін жойды. Бұл біздің ядролық қарудан тыс әлем құру жөніндегі арманымыздың шынайы жүзеге аса бастауына алғышарт жасады.
Қазір біздің ұрпақтарымыз алғаш рет болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік алды. Мен Семейде болған күні Президент Барак Обама АҚШ-тың ядролық саясатын қайта қарайтыны туралы жариялады. Құрама Штаттар өзінің үлгісімен дүниені рухтандырып, ядролық қарулардың жаңа түрлерін дамытудан бас тартты. Сондай-ақ Таратпау туралы шартқа сәйкес тажал қаруын бірінші болып қолданбайтын болды. Екі күн өткен соң Президент Обама мен Ресей Федерациясының Президенті Д.Медведев Ядролық қаруды қысқарту туралы жаңа шартқа қол қойды.
Бұл үдеріс бүкіл әлем бойынша күш ала түсуде. Көп жағдайда көзқарастары қарама-қайшы болып келген үкіметтер мен азаматтық қоғамдар ортақ іс үшін жұмыс істей бастады.
Ядролық қауіпсіздік туралы жақында ғана Вашингтонда болып өткен жаһандық саммитте әлемнің 47 мемлекетінің басшылары ядролық қару мен материалдарды қауіпсіз жағдайда сақтау үшін қажеттінің бәрін жасауға уағдаласты. Олардың ортақ та өткір алаңдаушылығы нақты жағдайды сезінгендерін айғақтайды. Ядролық терроризм – бұл Голливудтың фантазиясы емес. Бұл – әбден орын алуы ықтимал қатер.
Біріккен Ұлттар Ұйымына осындай күш-жігердің ортасында болу бұйырған. Жақында ғана БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы ядролық қарусыздану мен қауіпсіздік туралы арнайы пікірталас өткізді. Мұның өзі 2008 жылдың аяғында мен ұсынған, сондай-ақ өткен жылдың қыркүйегінде ұйымдастырылған Қауіпсіздік Кеңесінің тарихи саммитінде қаралған ядролық іс-қимыл жоспарының заңды жалғасы іспетті болды.
Дүйсенбі күні бүкіл әлемнен келген жоғары лауазым иелері БҰҰ-да бас қосып, Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шарт (ЯҚТШ) бойынша кезекті шолу мәслихатын өткізеді. Олардың осыдан бес жыл бұрын өткізген соңғы кездесулері ештеңеге қол жеткізбегені белгілі. Осы жолы, керісінше, біз көптеген мәселелер бойынша оң өзгерістерді бақылай алатын боламыз.
Біз өзіміздің үміттерімізде ақиқаттан тысқары қалмағанымыз жөн. Бірақ, сондай-ақ, біз прогреске қол жеткізу мүмкіндігінен айырылып қалмауға тиіспіз. Бұл Таяу Шығыста ядролық қарудан тыс аймақ құру, сонымен қатар, ядролық энергетиканы бейбіт мақсатта пайдалануды қоса алғанда, таратпау туралы міндеттемелерге сәйкес жүзеге асырылуы қажет шаралар болып табылады.
Алға көз сала отырып мен үстіміздегі жылы Ядролық терроризм актілерімен күрес жөніндегі халықаралық конвенцияның жүзеге асырылу барысына шолу жасау үшін БҰҰ-ның мәслихатын өткізуді ұсындым. Біз бұл кездесуді министрлер деңгейінде Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың орындалуына қозғау салу мақсатында ұйымдастыратын боламыз. Қазіргі кезде мен әлем елдері басшыларын ыдырайтын материалдар туралы келісім бойынша келіссөздерді бастауға шақырдым. Қазан айында Бас Ассамблея түрлі ядролық мәселелер бойынша 50-ден астам қарар қарайтын болады. Біздің мақсатымыз – ертең үлкен серпінділікке әкеле алатын қадамдар үшін бүгін көптеген кішкентай қадамдар жасау.
Бұл жұмыстардың барлығы өз кезегінде БҰҰ-ға мүше елдердің қоғамдық пікірталас қалыптастыратын басымдықтарын көрсетеді. Бәрі де ядролық қарудың сұрапыл қаупін мойындайды. Біз мұндай қауіп осындай қару қанша уақыт сақталып тұратын болса, соншалықты уақытқа созылатынын түсінеміз. Планетамыздың болашағының өзі қарусызданудан басқа балама жол жоқ екенін айғақтап беріп отыр. Ал мұның жаһандық ынтымақтастықсыз жүзеге аспайтыны тағы мәлім жәйт.
Мұндай ынтымақтастықты Біріккен Ұлттар Ұйымының аясынан басқа қай жерден табуға болады? Екі жақты және өңірлік келіссөздер көп нәрсе беруі ықтимал, бірақ жаһандық ауқымдағы ұзақ мерзімді және жемісті ынтымақтастық үлкен күш-жігерді талап етеді. Қарусыздану жөніндегі Женева мәслихатымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымы дәл осындай келіссөздер алаңы болып табылады.
БҰҰ – мемлекеттер арасындағы, сонымен қатар, тұтастай әлемдік қоғамдастық бойынша белгілі бір мәселелерді талқылап, келісімге қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірден-бір жалпыға танылған арена. Ұйым келісімдерді ғана емес, сонымен бірге, олардың орындалуы жөніндегі ақпараттарды да сақтайды. Ол – Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен тығыз ынтымақтастықтағы тәуелсіз сараптаулардың көзі.
Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымы жаңа эпицентрде – яғни, қорқыныш тудыратын емес, керісінше, үміт отын жағатын жаһандық қарусызданудың “эпицентрінде” болып табылады. Және де біздермен біргелердің, біздің ядролық қарусыз әлем жолындағы ұстанымдарымызды бөлісетіндердің эпицентрі ретінде қарастырылады. Егер адамзатқа қандай да бір кезде өзгерістер үшін уақыт қажет болса, өткеннің салиқалы іс-қимыл шараларымен қатар, сол уақыт бүгін туып отыр.
Пан Ги МУН, БҰҰ Бас хатшысы.