08 Ақпан, 2014

Дәуір дарындары

404 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматыда әдебиет пен өнер қайраткерлеріне Президенттік стипендиясы және жас таланттарға Мемлекеттік стипендиялар табысталды

BEK_0189

Кеше Алматыға Елбасының арнайы тапсырмасы бойынша Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев пен Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед келіп, дәстүрлі түрде беріліп келе жатқан Президенттік стипендиясы мен мәдениет саласындағы Мемлекеттік стипендияларды тапсырды. Әдебиет пен өнер майталмандарына көрсетілу үстіндегі осынау ықыласқа биыл – жиырма жыл! Сонымен, кеше Алматы қа­ласындағы Достық үйінде әдебиет пен өнер қайраткерлеріне 2013 жылдың Президенттік стипендия­сы мен мәдениет саласындағы Мемлекеттік стипендияны табыс­тау рәсімі болып өтті. Президенттік және Мемлекет­тік стипендиялардың иелеріне арналған Елбасының құттықтау сөзін Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев жеткізді. Елбасының құттықтауында: «Мен биылғы Қазақстан халқына Жолдауымда қоғамның мәдени дамуына баса назар аудардым. Атап айтқанда, мәдени саланың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырдым. Сондай-ақ, Мәңгілік Ел алғаш рет Ұлттық идея ретінде паш етілді. Біз Мәңгілік Ел болу үшін тіл, руханият, дәстүр және басқа да ұлттық құндылықтарымызды сақтап, дамытуымыз керек», делінген. Сонымен, стипендиялар Қазақ­стан Республикасының құрметті атақтары мен мемле­кеттік наградаларына ие болған шығармашыл қызметкерлерді, сондай-ақ, мә­дениетті сақтап, дамытуға ұм­тылған дарынды жас­тарды да мемлекеттік тұрғыда қолдау мақсатында жыл сайын беріледі. Осылайша биыл да 100 әде­биет және өнер қайраткеріне сыйақы берілді. Президенттік стипендияға ие болғандар қата­рында Бибігүл Төлегенова, Асан­әлі Әшімов, Юрий Померанцев, Анатолий Молодов сынды көп­теген көрнекті өнер қайрат­кер­лері, Әбіш Кекілбаев, Марфуға Айтхожина, Мұзафар Әлімбаев, Шерхан Мұртаза сынды әдебиет­тің тұлғалары бар. Мемлекеттік стипендия ал­ған­дар арасында Берік Айтжа­нов,­ Нүркен Әшіров, Әмір Би­сен­ғалиев, Мәдина Баспаева, Таир­ Гатауов, Әлия Досбатырова болды. Мемлекеттің назарына­ ілігіп, алғыс айтып жатқан игі­ жақ­сыларға Мәдениет және ақпа­рат министрі Мұхтар Құл-Мұхам­мед Сочиге аттанып кеткен Пре­зиденттің атынан алғысын жеткізіп: – Елбасына сіздердің атта­ры­ңыздан да алғыс айтуға рұқ­сат етіңіздер. Өйткені, ел дамуының ең қиын кезеңінде, осыдан тура жиырма жыл бұрын, жалақының да, зейнетақы мен стипендияның да уақытында тө­ленбей жатқан тұсында, Қа­зақстанның әр шалғайындағы үлкен кәсіпорындардың жұмысы тоқтап тұрғанда, Президентіміз ұлттық интеллигенцияның қаймағын жинап, бір жағынан рухани сеп болсын деп осы стипендияны тағайындаған болатын. Содан бері жиырма жыл өтіпті. Одан кейін халықтың әл-ауқаты мен тұрмысы әлденеше өсіп, ол жылдармен салыстырғанда Қазақстанның күш-қуаты көбейсе де бұл стипендия әлі күнге дейін беріліп келеді, – деді. Елбасы ел зиялыларымен осы жылдар арасында кездесіп жүргенде көлемі жағынан стипендия барлық мәселені шешіп бермесе де, бұл қаржылық қол­дау – Мемлекет басшысының әдебиет пен мәдениеттің айтулы өкілдеріне көрсеткен ықыласы, болашағынан кемел үміт күттір­ген талантты жастарға деген қолдауы екені айтылып-ақ келеді. Сондықтан да Алматының мәдени өміріндегі осынау дәстүрлі шара – даралардың дидарласуы, жастарға айтылар ақылгөй аманаты да болса керек. Мәдениет және ақпарат ми­нистрі атқарылған және үсті­міздегі жылы атқарылатын ауқым­ды мәдени шаралардың жай-жапсарын да мәлімдеді. Министрден кейін сөз кезегі КСРО халық әртісі, КСРО Мем­лекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегеноваға берілді. Өнегелі өнер иесі алдымен Ақ Олимпиадаға Елбасымен бірге аттанып кеткен спорт саңлақтарына сәттілік тіледі. – Қазір баршамыз жарысқа кеткен спортшыларымызға жан­күйерміз. Бұл салада да жүзіміз жарқын болып, абыройымыз арта берсін, – деп батагөй сөз­бен әңгімесін бастаған Бибігүл Ахметқызы қаншама жұмысы қауырт болса да осынау бастама­ларға ұйытқы болып келе жатқан Елбасына, еліне амандық тіледі, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Бибігүл апамыз да осы жиырма жылда талай жақсылықтарға ретімен куә болып жүрсе де, азғана жылдардың өзінде өзімен үзеңгілес тұлғалардың келмеске кетіп қалғаны үшін де көңілінде қаяу бар екенін жасыра алмай, ендігі өнердегі жастарға мұнан да дәуірлі замандар тіледі. Дәтке – қуат! Тұлпардың орнын тай басып жатқан кезеңдер. Биыл Мемлекеттік стипендияға іліккендер арасында жұрттың көз алдында өсіп келе жатқан актерлердің, бекзат өнердің жұлдызын жаққан балет бишілерінің, арқалы ақындардың жаңа есімдері де табылады. Маңғыстаудың маң даласында кесек-кесек жырларымен, тас тес­кендей шумақтарымен танылған Рахат Қосбармақов сынды ақын солардың бірі. Ел үкілеп отырған осындай жастарды, халықаралық фестивальдерде ұлттық өнерді өз деңгейінде дәріптеп жүрген дарындардың бірқатарын министр аға буынға таныстырып шықты. Осыдан кейін Алматыдағы М.Ю.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының белді актері Владимир Толоконников сөз алып, осынау жылдарда отандық өнер қандай табысқа иек артса да оның негізінде өнер адамдарының ынтымағы мен ауызбіршілігі жатқанын жарқын мысалдармен дәлелдеді. Орыс драма театры осы жылдарда тиісті деңгейде өнер көрсетіп қана қоймай, ежелден көрші, ежелден туыс Қазақстан мен Ресей мәдениеттері арасына алтын көпір болғанын, тәуелсіздік жылдарында ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, ең заманауи сахналық техникалармен жабдықталғанын, ендігі жерде театр әлемнің ең айтулы ұжымдарын ұялмай қарсы алатын деңгейде екенін баяндады. Қазақтың ақын қызы Ақұш­тап Бақтыгереева да елжанды тілекпен сөз тиегін ағытты. Шы­ғармашылық айналасындағы әңгімелерді қозғап, тілдесудің тамаша мүмкіндігін тауып берген Мемлекет басшысына шынайы алғысын жеткізді. Астанадан Елбасының амана­тын арқалап келген министр Мұхтар Құл-Мұхаммед осы­дан кейін өзінің бұрынғы әріп­тесі – Қазақстанның бұрынғы мәде­ниет министрі Жексембек Ер­кімбековке сөз кезегін берді. Аталған саланың мәселесін бір кісідей білетін мәдениет қайраткері көптеген орнықты ұсыныстарын ортаға салды. Тек 2013 жылы отандық мәдениет саласында ауыз толтырып айтарлық бірқатар іс-шаралар, ауқымды оқиғалар болғанын атап өтті. «Астана Опера» театрының ашы­луы­нан да бөлек, Мұқан Төле­баевтың 100 жылдығы республика көлемінде ғана емес, елден тыс жерлерде кеңінен атап өтілгенін, Қазақстанның Қытай Халық Республикасында, Оңтүстік Корея мен Вьетнамда мәдени күндері табысты атқарылғанын атады. Қорыта келгенде, Президенттік және Мемлекеттік стипендияға лайық шығармашылық иелерінің бәрі де алдымен елдің амандығын тілеп, Мәңгілік Елдің өнеріне мәңгі қызмет етуге дайын екендіктерін білдірді. Жер барда, оның бетінде Қазақ деген ел барда өнер де өрістей бермек! Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.  
Соңғы жаңалықтар