Саясат • 04 Қазан, 2021

ЕКПА Қазақстандағы демократиялық реформаларды қолдады

395 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

30 қыркүйекте, күзгі сессия жұмысының соңғы күні Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясында «Қазақстандағы саяси реформа оның азаматтарының қажеттіліктері мен ұмтылыстарына жауап береді» деген жазбаша декларация қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ЕКПА Қазақстандағы демократиялық реформаларды қолдады

Декларацияның авторлары Литва депутаты, ЕКПА вице-президенті Лайма Андрикиене бастаған 23 парламентшіден тұратын топ болды, оның құрамына Ассамблея Бюросының мүшелері, негізгі саяси топтардың басшылары, Германия, Ұлыбритания, Нидерланды, Испания, Италия, Литва, Польша, Финляндия сияқты елдердің депутаттары кірді.

ЕКПА-ның ресми сайтында мәтіні жарияланған құжатта еуропалық парламентшілер ел басшылығының өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы шешімін құптады. Бұл шешім ЕКПА құндылықтары мен қағидаларына сәйкес келетіні атап өтілді.

«Біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясының жалпы жарыссөзінде сөйлеген сөзін құптаймыз, онда ол мемлекеттің негізгі өмір сүру құқығын, адами қадір-қасиетін жүзеге асырудағы берік ұстанымын атап өтті», делінген декларацияда.

2019 жылғы 4 сәуірде Еуропа Кеңесінің Министрлер комитеті мақұлдаған «Қазақстанмен тату көршілік ынтымақтастық жөніндегі Еуропа Кеңесінің басымдықтары» төрт жылдық бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Еуропа Кеңесінің маңызды серіктесі болып табылатыны атап өтілді. ЕКПА-да қабылданған декларация Страсбургтегі ҚР Парламенті Сенаты делегациясымен кездесу барысында Еуропалық депутаттардың Қазақстандағы демократиялық реформалардың жоғары бағасын растады.