05 Мамыр, 2010

АЙҚЫН МАҚСАТ, АНЫҚ ЖОЛ

731 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басты бағыты болып қалыптасқан Қазақтың арғы-бергі тарихын қарап отырсақ, ел бастаған ханы мен қостаған бұқарасының сан тарау өмір жолдарынан өткендігі жөнінде мол мағлұмат ала аламыз. Дегенмен, сол сан тарау жолда ұлттық қасиетімізді ұлықтап, жеке шаңырақ көтеріп, қазақ деген халықты сақтап қалу тек дана басшылардың ғана қолынан келгені сөзсіз. Арғысын айтпағанда, қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандардан бері қарай ел тұтқасын ұстаған даналарымыздың білімі мен білігі, жауына бас имес қасиеті, саясаткерлігі өте жоғары болғандығы аян. Сол ел бастаған хандар мен билердің алып жүрген жүгін артық-кемсіз арқалау бүгінгі күні Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың иығына түсіп отыр. Абыроймен атқарылып келе жатқан бұл қызметте бүгінгі күні басқа ешкімді елестету мүмкін емес. Нұрсұлтан Әбішұлының “Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану та­рихы. Қазақ тек бірігу, бірлесу жолында келе жатқан халық” деуінде үлкен мән жа­тыр. Өйткені, татулық пен бірлікті наси­хат­тап қана қоймай, соның үлгісі болып келе жатқан Қазақстан – әлем тыныштығының тілекшісі. Тәуелсіз еліміздің өркениетті даму жолындағы ұлан-ғайыр ізденістері мен ұлы істері іргемізді бекітіп, керегемізді кеңейте түсуде. Табалдырығымыз тастай бе­рік, маңдайшамыз көтеріңкі. Осының ар­қасында әр күнімізді бағалайтын салауатты өмірге жеттік. Қалың елі барын базарлап, бағы мен бақытын бөлісіп жататын Қазақ­станның тіккен байрағы мен көтерген ша­ңы­рағы әлем елдері арасында жамандықтан аман-есен келе жатыр. Неге десеңіз, қазақ­тың бағына туған Нұрағаңдай нар тұлға өмірдің небір жауапты кезеңдерінен елімізді биік дәрежеде алып өтіп келеді. Жоғары тапқырлықпен, жүз ойланып, мың толғанып ақыл-ойын салмақтап, парасат сүзгісінен өткізе отырып қабылданған, Ел­басы қол қойған әрбір құжат – Қазақстан болашағына жасалған қадам. Сол қаламның ұшында тұрған ел тағдыры, бүкіл ел атынан шешім қабылдау қаншалықты жауапты екенін барлығымыз да сезінеміз. Нәтижесін де көзбен көріп отырмыз. Еліміздің еңсесі көтеріліп, белі бекіп, бұғанасы қатқан өсу жылдары да оңайлыққа түскен жоқ. Қожа Ахмет Ясауидің бір сөзі бар: “Ди­қан болсаң, қолыңа кетпен ал да халқыңа нан бер, ғалым болсаң, қолыңа қалам ал да халқыңа мән бер”. Оған шығыс данасы Әл-Харизидің “сөз бар болғаны гүл ғана, ал іс – сол гүлден түйнеген жеміс” деген сөзін қосыңыз. Ғұламалар ойының астарлы түйіні халқыңды жеткіз, еліңе қызмет қыл, бағын аш дегенге саяды. Қазақстанның қазіргі жағдайына, халықаралық қауым­дас­тық­тағы орнына, экономикадағы, рефор­малық өзгерістердегі жетістіктеріне үңілсек, сөз жоқ, Елбасының парасатты істерінің жемістері көрініс береді. Президенттің көтеріп жүрген жүгі ең ауыр жүк. Мен Елбасымызды 1980 жыл­дар­дың басынан бері білемін. Ол кезде Жаңа­өзен қалалық пария комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарып жүргенмін. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Компар­тия­сы Орталық Комитетінің өндіріс жөніндегі хатшысы болатын. Содан бері Елбасымыз­бен көптеген жиындарда кездесіп жүрдім. Кейінірек, 1984 жылы Мұнайлы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы ре­тінде біз Бозашыдағы Қаламқас, Қара­жан­бас кеніштерінде Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге келген (ол кезде Н.Ә.Назарбаев – Ми­нистрлер Кабинетінің төрағасы) одақ­тық дәрежедегі 7 министрді қабылдадық. Деле­гация құрамында КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетінің басшысы Байбаков та бар. Сол жолы Бозашының болашақтағы даму мәселелері қаралды. Кездесуден есім­де қалғаны, Нұрсұлтан Әбішұлы осы Боза­шыны игеруге ел азаматтары, әсіресе жер­гі­лікті ел азаматтары, тұрғындар қалай ара­ласады, жастардан қалай мықты мамандар жасап шығаруға болады, міне, осы мәсе­ле­лерге қатты маңыз бере отырып, қада­ға­ла­ған болатын. Өйткені, бастапқыда Боза­шыға жұмысшы мамандар Краснодардан, Ресейдің басқа да аймақтарынан ұшақпен әкелінді. Осы жағдайды көрген Нұрсұлтан Әбішұлы сол жолы маған өз жастарымызды іске тартуға, олардан жұмысшы маман даярлау қажеттігін баса айтқаны әлі есімде. Елбасының осы тапсырмасының маңызы күні бүгінге дейін өзекті. Білікті қазақ­стандық мамандар дайындау жолындағы “Болашақ” бағдарламасынан бастап жыл сайын көтеріліп жатқан интеллектуалды мектептер орталығы мен заманға сай университеттердің ашылуы осының дәлелі. Сол жолы Нұрсұлтан Әбішұлы жергі­лікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайына, баса назар аударып, қатты көңіл бөлді. Әсі­ресе, денсаулық сақтау саласы мен ауы­сым­дық жұмыста істейтін мұнайшылардың тағамдық құрамы қандай, қарапайым жұ­мыс­шыға тиісті жағдайлар жасалған ба, т.б. Бір қарағанда елеусіз көрінетін мәселе сол кездің өзінде Елбасы назарында болып еді. Бұл ел болашағын әуел бастан ойлайтын азаматтың ісі екендігіне қандай дау бар?! Тағдырдың жазуымен бұйырған Мәс­кеудегі КОКП ОК аппаратындағы қызмет мен үшін үлкен бір мектеп болды. Орталық Комитетте бұдан бұрын ұлт республи­ка­лары­нан болған өкілдер өте сирек, саусақ­пен санарлықтай. Әсіресе, Орталық Азия­дан. Орталық Комитеттегі Сібір мен Қиыр Шығыс секторының жауапты ұйымдас­ты­рушысы қызметін атқара жүріп, сыншыл ортаның сынына шыдап, қазақ атына кір келтірмеуге тырысып-ақ бақтым. Бұл кез Қазақстанда Г.Колбин бірінші хатшы боп тұрған шақ. Өзге республикалардың бірінші басшылары Мәскеудегі жерлестерімен тонның ішкі бауындай болуға тырысатын. Ал Г.Колбиннен ондай ниеттестік байқа­ма­дық. Бұл жағдайды орыс жолдастарым да сырттай аңғарып жүреді екен. Бір күні солар құпиялап қана Колбиннің күні біткенін айтып қойды. Ол хабарды өзім де естігенмін. Бірақ ішіме бүгіп жүрген едім. – Орнына кім болады екен? – дедім ақырын сыр тарту мақсатымен. – Нұрсұлтан Әбішұлы! Басқа кім болмақ енді?! – деді олар. Орталық Комитеттегі жастар жағы сол кездің өзінде-ақ Нұрсұлтан Назарбаевты құрметтеп, қадірлейтін. Колбинді кездейсоқ біреу деп бағалайтындықтарын жасырмай айтып та қалатын. Көп ұзамай жаңалық расқа шықты. Осылайша Нұрсұлтан Әбішұлын бас хатшыдан шыға берген сәтте оны күтіп тұр­ған тілектес жігіттердің арасынан табы­лып, Елбасымыздың ел тұтқасын қолға алған алғашқы күндерінің куәсі болдым... Ақ түйенің қарны жарылды. Қазақстан басшылығына Н.Ә.Назар­баев­тың келуі бейне егемендіктің жыл құсын­дай болды да шықты. Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан басшы­лығына келуінің алдында таратылған Маң­ғыстау облысы қайта құрылды. Елбасының шақыртуымен мен облыста жаңа қызметке кірістім. Облыстың қайта ашылуы сол ке­зеңде үлкен серпіліспен пара-пар болатын. 80-ші жылдардың аяғына қарай КСРО халықтарының съездері болғандығы та­рихтан белгілі. Үш рет қатарынан өткен сол съездерге мен ұйымдастыру комитетінің мү­шесі ретінде қатыстым. Бұл маңызды жиындар Н.Ә.Назарбаевтың алмас қылыш­тай жарқылдап, көзге түскен сәттерінің бірі-тін. Өйткені, үлкен айтыс-тартыста оның байсалды ойы мен батыл шешімдері кім-кімді болмасын бейжай қалдырмай­тын. Айта кететін тағы бір жәйт – Мәс­кеудегілердің Н.Ә.Назарбаевты Одақтың Үкімет басшылығына құп көргендігі. Егер Кеңес Одағы таратылмаған жағдайда Нұр­сұлтан Әбішұлы Одақ Үкіметінің басшы­лы­ғына баратынын, бармайтынын кім білген, бірақ, сол лауазымға оның лайықты екендігі кәміл болатын. Ал оның бірден бір себебі, Нұрағаңның бойындағы шешім қа­былдау деңгейінің жоғарылығы, батылдығы мен білімділігі көптің көз алдында кө­рінуінде еді. КОКП тарап, абыр-сабыр басылған соң, Елбасы ұсынысымен сол кездегі рес­публикадағы жас мамандар тобымен АҚШ-тағы Массачусетс штатына оқуға аттандым. Бостон қаласындағы Массачусетс универ­ситетінде дәріс алдым. Бұл жылдар жаңа нарықтық салаға бейімделген қазақстандық кадрларды дайындаудың алғашқы қарлы­ғаштары секілді болатын. Осы жылда­рым­ды елге қызмет етуге қажетті білім мен білік жинақтаған жарқын кезеңім ретінде кө­ремін. Осы орайда тағы бір жақсы есте­лікті айтудың реті келіп тұр. Қазақстанның АҚШ-тағы елшісімен бірге АҚШ-тың 41-ші президенті үлкен Джордж Буштың қабылдауында болдық. Ол кез баласы, кіші Джордж Буш сайлауға түсіп жатқан кезең болатын. Уақытының тығыздығына қарамастан Джордж Буш бізді қабылдап, Елбасымызбен елдегі мем­лекеттік саясат туралы салиқалы әңгімелер айтқан еді. Асығып отырса да өзінің досы Н.Ә.Назарбаев туралы жылы лебіздерін ай­тып қана қоймай, оған қоса үлкен ілтипат білдіруі мені мақтаныш сезіміне бөледі. Алып держава саналатын АҚШ елінің бе­дел­ді басшысы Қазақстан турасында жа­ғымды ой білдіріп, құрметтеуі Н.Ә.Назар­баевтың халықаралық дәрежедегі беделі өте жоғары екендігінің, олармен достық қарым-қатынаста болғандығының бір ғана дәлелі. Әлем берекесі ең алдымен қауіпсіздікте, тыныштықта екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен, осы байлықты адамзат баласы жеткілікті түрде бағалай бермейді. Өйткені, дүниені жаулаған өзімшілдік пен эгоизм бұдан басым түсіп жатады. Көршілерімен сыйыспай, бір-бірінің мазасын алып, оның соңы үлкен дау-дамайға соғып жүрген жағ­дайлар да орын алуда. Екі ортада қара­пайым халық жапа шегеді. Осы орайда ежел­гі көршілеріміз, Шығысымыз бен Солтүстігімізді барынша қауіпсіздендіру мақ­сатында шекарамызды айқындап алуы­мыздың өзі неге тұрады?! Аюдай айбатты Ресеймен және аждаһадай айбарлы Қытаймен тең дәрежеде мемлекетаралық қарым-қатынас орнатып, қазақтың көк байрағын бүкіл дүниеге мойындату ата-бабаларымыздан армандап келе жатқан ұлы мұратымыз екендігін ешкім де жоққа шығара қоймас деп ойлаймын. Ел жүгін бір өзі арқалап жүрсе де еш мой­ымаған, қайта жаңа креативті ойлары­мен көптеген саясаткерлерді жолда қал­ды­ратын басшымызға қызыға да, қызғана да қарайтындар баршылық. Кейбір жағдай­ларда, әсіресе шет елдерге шыққанда бай­қаймын, сол елдердің Парламенттеріндегі әріптестеріміз Қазақстандағы саяси тұрақтылықты, экономикалық дамуды баса айтады, қызыға айтады. Қазақстан үшін ғана емес, әлемнің көп­теген елдеріндегі экономикалық тұрақты­лықты шайқалтып кеткен жылдары еліміз көп нәрседе ұтты, оған қоса сындарлы ке­зеңде ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекет ара­сы­нан қара үзіп шығып, беделді ұйымға төр­ағалық етуінің өзі үлкен жетістікті білдіреді. Мұндай абыройға жеткен де бар, жетпеген де бар екенін ұқсақ деймін. Әлемнің да­мыған елдерінің қатарына жетуі үшін елімізде индустриялық-инновациялық даму жо­лында 160 ірі жоба жүзеге аспақ. Ауыл шаруа­шылығы мен аграрлық сектор да даму алдында тұр. Азық-түлік өнімдерінің ба­сым көпшілігі сырттан келетінін ескер­сек, әлсіз тұсымызды нығайтуға көңіл бөлініп отырғандығы қуанта түседі. Еуразияның дәл кіндігінен, кешегі еркін көсілген атамекен Сарыарқаның тө­сінде дүниенің өркениетіне тән жақсы­лықтың бәрін бойына жиған әсем де көр­кем қала Астанамыз көз алдымызда өсіп келеді. Кешегі елеусіз провинциалдық қала­ның азғантай уақыт ішінде әлемнің әсем шаһарларының қатарынан орын алуы таң қалмасқа болмайтын жағдай. Солай болуы заңды да. Өйткені, Астана жобасы – бүгін­де іске асқан Елбасының ұлы жобалары ішіндегі сүбелісі. Қазір Астана тек астана­лықтардың емес, кең байтақ қазақ даласын мекендеген барша қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Бүгінгідей дүрбелеңге толы дүниеде төрткүл әлемнің тамыр соғысын тап басып, досы мен қасының қабағындағы кірбіңі мен ерніндегі емеурінін көңіл көзімен көріп, көрегендікпен көш бастау әсте де оңай емес. Оның үстіне айбынды мем­ле­кеттер арасында орналаса отырып, олардан оқ бойы озып шығу үлкен қажыр-қайратты қажет етеді. Қазір біз экономикалық даму жөнінен ТМД елдерінің алдына шықсақ, ол Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған сындарлы, сарабдал саясатының ар­қасы. Елдегі саяси тұрақтылық пен ын­тымақтастық еліміздің еркін дамуына жол ашып отыр. Ал мұның ар жағында Елба­сымыздың “Халқымды қалай аман сақтап, қалай бақуатты тұрмысқа жеткіземін? Қа­зақстанды қалай қабырғалы, қуатты мем­лекетке айналдырамын?” деген жан-жүрек­ке салмақ салар терең ойлары, қайсар қай­рат пен асқақ армандары жатқандығын ұғынар едік. Бар қазақты бір тудың астына бірікті­ріп, ұлан-ғайыр елдің іргесін бекіту біздің ата-бабаларымыздың арманы еді. Бұл да, Алла тағала сәтін салып, Нұрағаңның тұ­сын­да және басшылығымен жүзеге асып отыр. Ғасырларға жүк болар еліміз үшін аса маңызды мәселелерді шешуде Елбасы­мыз­дың жеке азаматтық абырой-беделінің жоғарылығы да үлкен рөл атқарды. Елді, ха­лықты үлкен іс, ұлы мақсатқа жұмыл­дыратын идея керек болса, Елбасының елді дамытудағы ойлары дәл соның өзі. Ал біз – ел бастаған Елбасының ұлы істерінің қостаушысымыз. Мақсатымыз – айқын, жолымыз – анық. Зейнолла АЛШЫМБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. АСТАНА.