Соңғы жылдары қыс қаһарына мінгенде Өзбекстан жағы Оңтүстікті көгілдір отыннан қысуды әдетке айналдырып бара жатқан сияқты. Апта басында көрші ел Оңтүстік Қазақстан облысына беретін газ көлемін азайтты. Бұрын сағатына 430 мың текше метр газ келсе, осы аптада оның қысымы 120 мыңға дейін төмендеді. Әрине, көршілер мұның себебін техникалық ақаумен байланыстыруда. Ақау реттелгенше «Бейнеу» қорындағы көгілдір отын көлемі арттырылып, Сарыағаштағы газ қоры іске қосылды. Бірақ, бәрібір облыс орталығының бірнеше шағын аудандары кешегі күнге дейін газға қол жеткізе алмады.
Құбырдағы қысымның төмендеуіне байланысты бірқатар шымкенттік кәсіпорындарға газ беруге шектеу қойылды. Бұл – «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі мен облыс әкімдігінің тұтынушы халықты көгілдір отынсыз қалдырмау мақсатында өзара келісімшарт түзу негізінде қабылданған шешім. Сонымен бірге, облыс орталығының тұрғындарын жылусыз қалдырмау үшін «Энергоорталық-3» қазандығы қосымша қордан отын алуға көшті.
«Біздің қазандыққа газ дәл қазір сағатына 30 мың текше метрден келіп тұр. Бұл біздің күнделікті пайдаланып жүрген отынымыздың жартысы ғана. Ал жартысын мазут жағып қамтамасыз етіп отырмыз. Әйтсе де, жылу беру мәселесінде ешқандай кінәрат болған жоқ. Қаланы жылумен одан әрі де қамтамасыз ете береміз», дейді «Энергоорталық-3» АҚ бас директорының орынбасары Жарқынбек Әлімбетов.
Кеше «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Өзбекстан тарапынан келетін газдың біртіндеп қалыпқа келе бастағанын хабарлады. Ақаудың орын алуына қатты аяз себеп болған көрінеді. Жалпы, газ мәселесінен туындаған бұл келеңсіздік апта соңына дейін ретке келеді дейді мамандар. Әйтсе де, Шымкент қаласының маңындағы «Қайтпас», «Самал» және басқа да бірнеше шағын аудандарға газ берілгенімен, көгілдір отын қысымы әлі де төмен күйінде. Сондықтан үйін жылытпақ түгілі бір шәйнек шай қайнатып іше алмай отырған халық әлі әрі-сәрі күй кешуде. Тіпті, облыстағы тілшілер қосынына Сарыағаштың кейбір шипажайларында ем алып жатқан адамдар телефон шалып, мұнда да жылу мен жарықтың болмауынан демалушылардың әбігерге түсіп жатқанын айтып шағымданды. Міне, қысқа тас-түйін дайын болса да, «өзгеге қарағанның күні құрысын» дегендей, көрші елде болған ақаудан ел әп-сәтте мүсәпір боп қалды. «Апат айтып келмейді» деген, ресми орындар «ақаудың салдарынан жағдай осылай болды» деген ақпарат таратқаннан кейін, әрине, сенуге мәжбүрміз. Әйтсе де, ел «бұл – жыл сайын қайталанатын «жыр», өз-ағамдар Оңтүстікті қалай және қай уақытта «қысып» қою керек екенін жақсы біледі» деген әңгімесінде бір шындық бар сияқты ма, қалай өзі...
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.