Үкімет • 05 Қазан, 2021

2025 жылға дейін Маңғыстау облысында 2,1 трлн теңгеге даму жобалары жүзеге асырылады

209 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Маңғыстау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қаралды, деп жазады Egemen.kz.

2025 жылға дейін Маңғыстау облысында 2,1 трлн теңгеге даму жобалары жүзеге асырылады

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баяндама жасады.

Үкімет басшысы Маңғыстау облысының даму әлеуеті жоғары өңір екенін атап өтті. Маминнің айтуынша, 2,1 трлн теңгеге жоспардың 214 шарасын іске асыру облыстың дамуына жаңа серпін береді. Негізгі капиталға инвестиция екі есе ұлғаяды және 2025 жылы 1,2 трлн теңгені құрайды. Өңір экономикасы 32%-ға өседі.

Премьер-Министр өңірдің таяу жылдардағы негізгі міндеті мұнай-газ секторын, өңдеу өнеркәсібін, туризмді, көлік пен логистиканы және т.б. дамыту екенін атап өтті.

Маңғыстау облысында әлеуметтік, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бойынша жобалар іске асырылады. Қабылданған шаралар есебінен өңір халқы толықтай сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

«Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай 60 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құруды, өнеркәсіп көлемінің 27%-ға өсуін, халықтың нақты табысын 40%-ға өсіруге және жалпы өңір тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз етеді»,  деді А. Мамин.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек қатынастарын реттеу және кәсіпорындарда еңбекақы мен еңбек жағдайында сәйкессіздікке жол бермеу мәселелерін ерекше бақылау тапсырылды.

Үкімет басшысы Маңғыстау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының бекітілген кешенді жоспарының уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.