Аймақтар • 05 Қазан, 2021

Алматыда сот орындаушысын сабап тастады

778 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда жеке сот орындаушысы Әділ Ермеков соққыға жығылды. Бұл іске бокстан әлем чемпионы Жанқош Тұраровтың да қатысы бар, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда сот орындаушысын сабап тастады

Әлеуметтік желілерде сот орындаушысы лауазымдық міндеттерін орындау кезінде соққыға жығылғаны бейнеленген видео тарады.

Жеке сот орындаушылар палатасының мәліметінше, сот орындаушысы А.А.Ермековке шабуыл Алматының Бостандық ауданындағы нысанды бұзу кезінде жасалған.

3 қыркүйекте үй иесіне атқарушылық іс жүргізу қозғалғаны туралы хабарлама жіберіліп, 4 қазан күні сот орындаушысы Әділ Ермеков екі полиция қызметкерімен бірге өз жұмысын орындау үшін оқиға орнына келген. Алайда айналадағы адамдар оған қысым жасай бастаған. Алдымен сот орындаушысын тұншықтыруға тырысып, кейін қабырғасы мен өкпе тұсынан ұрған.

 

«Сот орындаушысы ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау туралы арыз жазды, алайда полиция қызметкерлері қылмыскерді ұстауға толықтай әрекет етпей, арызды қабылдаудан бас тартты», делінген жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасының мәлімдемесінде.

Жеке сот орындаушысын ұрған ер адам мұнымен тоқтамай бокстан әлем чемпионы Жанқош Тұраровты «көмекке» шақырған. Оқиға орнына келген боксшы сот орындаушысынан полицияға түсірген арызын алуды талап еткен. Талаптарды орындамаған жағдайда күш қолданатынын да айтқан.

Нәтижесінде сот орындаушысы өз жұмысын орындай алмады.

Алматы қаласының жеке сот орындаушылар палатасының мәліметінше, Әділ Ермеков дәрігерлерге жүгінген. Қазіргі уақытта ол жұмыста емес.

Алматы полициясы үй иесін полиция басқармасына жеткізгенін хабарлады.

«Сот орындаушысы үй иесіне арыз жазды, соның негізінде тиісті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады», делінген хабарламада.