Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы Экономикалық консультанттар кеңесінің кезекті отырысын өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Отырыста Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы әзірлеген “Мемлекеттік дағдарысқа қарсы шараларды талдау және бағалау – экономикалық саясат үшін әсерлері” деген тақырыптағы баяндама талқыланды. Аталмыш баяндамада жаһандық дағдарыстың Қазақстан экономикасына ықпалының негізгі факторлары мен деңгейлері көрініс тауып, ел экономикасын қолдауда мемлекет қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралардың тиімділігіне баға берілді.
Қоғамдық проблемаларды талдау орталығының директоры Меруерт Махмутова атап көрсеткендей, әлемдік экономика өсуінің тұрақтылығы мен ұзақтығы белгісіздіктермен сипатталады және дағдарыстың қайталану қатері әлі де сақталып отыр. Осыған байланысты сарапшылар қысқа және орта мерзімді экономикалық саясатқа түзетулер жасау жөнінен ұсыныстар енгізді.
Баяндаманы талқылауға экономика ғылымдарының докторы Арыстан Есентүгелов, “Атамекен” одағы төрағасының бірінші орынбасары Екатерина Никитинская, “Тұран” университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов, “Тройка Диалог Казахстан” директорлар кеңесінің төрағасы Асқар Елемесов, Natіonal Busіness журналының бас редакторы Арман Идрисов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова, Қаржы министрі Болат Жәмішев, Экономикалық даму және сауда министрлігінің жауапты хатшысы Дина Шаженова, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин және басқалар қатысты.