Елбасының биылғы кезекті Жолдауын тыңдағанда рухымыз көтеріліп, кеудемізде мақтаныш сезімі ұялады. Биылғы Жолдаудың маңызы зор. Себебі, Жолдау «Қазақстан-2050» Стратегиясының орындалуының негізгі жолдарын айқындап берді.
Қарап отырсақ, сонау 1997 жылдың қоңыр күзінен бастау алған Елбасы жолдаулары – тәуелсіз Қазақ елінің саяси өміріндегі аса маңызды тарихи құжаттар.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы жарияланғанда, қоғамда жеткен жетістіктерге қанағат тұтсақ, сонша биік мақсаттарды қойып не қажеті бар, оған жете аламыз ба деген сұрақтар туындады. Елбасының биылғы Жолдауында осы сұрақтарға жауап берілді. Жолдауда Елбасы мұндай мақсатқа жету оңай еместігін атап көрсетті. Дегенмен, еліміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен табыстары: дамудың негізінің қалануы, халқымыз әлеуетінің, еліміздің шикізатқа бай болуының, елде татулық пен тыныштық орнауының бұл мақсатқа жетуге мүмкіндік беретінін айтты.
Елімізді біріктіретін Мәңгілік Ел патриоттық жобасы – Стратегияны орындаудың басты түпқазығы. Ал бізді, жоғары оқу орны өкілдерін айрықша толғандырған отандық ғылым саласын жаңаша қаржыландыру мәселесі болды. Сондай-ақ, университет оқытушыларының жалақысы мен студенттерінің шәкіртақыларын көбейту, сөз жоқ, оларды материалдық және моральдық тұрғыдағы үлкен қолдау болмақ. Болашақ ғылым мен білімді дамытуға өз үлестерін қосатын үлгерімі жақсы студенттер мен оқушыларды қолдау мақсатында, Елбасы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап стипендиялар мөлшерін 25 пайызға өсіруді Үкіметке тапсырғаны – студенттердің білім мен ғылымға деген ынта-ықыласын, құлшынысын оятып, болашақта ғылымда жетістіктерге жетуге ұмтылдырары сөзсіз.
Жалпы, биылғы Жолдауда қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Ол үшін әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуды қолға алу басты міндеттердің бірі болып бекітілді. Бұл – халық үшін аса маңызды. Сондай-ақ, бұл жолғы Жолдауда да халықтың қолайлы және жайлы өмір сүруі үшін қалалық инфрақұрылымдарды заманауи үлгілерге сәйкес жаңғырту, жол, көлік және медицина саласын ілгері дамытуға да назар аударылған.
Президент Жолдауындағы гуманизмнің және әлеуметтендірудің ерекше бір көрінісі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу. Елбасы олардың мақсат-мүдделерін ойлап, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қамқорлық білдіріп, жұмысқа қабылдауды тапсырса, ал біз, білім беру мекемелері инклюзивті білім мен тәрбие беруді жандандыруымыз керек.
Президент Жолдауында мәдениетті дамытуға да жаңаша серпін берді. Мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.
Елбасымыздың Жолдаудағы қазақ тілінің Мәңгілік тіл болатындығы туралы мәлімдемесі Қазақ елі тарихына алтын әріптермен жазылатын болады. Шындығын айту керек, Президенттің Мәңгілік Ел атты ұлттық идеологияны қалыптастыру туралы тапсырмасын бәріміз де зор мақтаныш сезіммен, үлкен тебіреніс үстінде отырып қабылдадық. Бұл идеологияның арқауы ретінде қазақстандықтарды патриоттық, қонақжайлық және меймандостық рухында тәрбиелеуде теңдесі жоқ халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары таңдалса, нұр үстіне нұр болар еді.
Елбасы биылғы Жолдауында жастарға үлкен сенім білдірді. Білім беру мекемелері маман даярлаумен қатар, сегіз қырлы, бір сырлы, ерік-жігері мығым, елін, жерін қастерлейтін, алда тұрған асуларды қиналмай алуға қабілетті адам тәрбиелеуге міндетті.
Білім беру ісіндегі тәрбиенің орны қай кезде де маңызын жоймайды. Өйткені, білім беру ісі патриотизм, адамгершілік, рухани даму, заңға бағынушылық сияқты құндылықтармен астаса жүруі керек екендігі қоғам тарапынан қолдау тауып отырғанын айтуымыз керек. Айтылғандардың бәріне немқұрайлықпен қарамай, тәрбие ісінде ұсақ-түйек болмайтындығын барлығымыз жете түсініп, ата-ана, қоғам мүшесі ретінде көзқарасымызды айқын танытып, жастарымыздың бойына адами құндылықтарды сіңіре білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, осы орайда біздің алдымызда тәрбие жұмысын түбірінен қайта құру міндеті тұр.
Жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беру отбасынан, балабақшадан және орта мектептен бастау алады. Елбасының Жолдауда осы мәселеге және бір рет көңіл аударуы қоғамдағы сенімділікті нығайтып отыр. Себебі, қоғамның аса маңызды құндылықтарының бірі – білім. Жалпы, биылғы Жолдауды елімізді серпінді, екпінді өркендетудің басты темірқазығын айқындап берген стратегиялық құжат ретінде бағалауға болады.
Халықаралық тəжірибе ерте балалық шақтан ересек жасқа дейін адами капиталға, атап айтқанда, білім беруге бөлінетін инвестицияның экономика мен қоғамға елеулі қайтарымы болатынын дəлелдеп отыр.
Адами капиталға бөлінетін инвестициялар жылдам өзгеретін əлемде бейімделе алатын техникалық прогрессивті, өнімді жұмыс күшін құру үшін аса қажет. Болашақтың табысты экономикасы білім беруіне, халықтың дағдылары мен қабілетіне инвестициялайтындар болмақ. Білім беруді əлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалатын шығындар ретінде ғана емес, инвестициялар ретінде түсіну қажет.
Қазақстан Республикасында ел басшылығының адами капиталды дамытудың қажеттілігі мен маңыздылығын түсініп, білім беру жүйесін реформалауды бастауға жəне жүргізуге жан-жақты қолдау көрсетуінің нəтижесінде білім беруді қарқынды дамыту мен жаңғырту мүмкін болып отыр.
Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыты өскелең ұрпақты тəрбиелеу жүйесін дамыту болып табылады. Жоғары білім республика экономикасының барлық салалары үшін құзыретті жəне бəсекеге қабілетті мамандарды кəсіби даярлауды қамтамасыз етуде, ғылым мен өндірісті біріктіруде маңызды рөл атқарады.
Жолдауда Мәңгілік Елге тән болуы тиіс тезистердің бәрі айтылды. Басқа салаларды сала мамандары жіктеп айта жатар, мен өзім білім ордасында қызмет еткендіктен, жастарды тәрбиелеу, оқыту, ізденіске – ғылымға баулу мәселесіне мән бердім. Жастар – қоғамдағы тегеуріні мықты күш. Президентіміз жастардың заман талабына сай қалыптасып, еңбек етуін, білім алуын, түрлі жаңашылдықтарды жете қабылдап, жастық күш-жігерлерін Отаны үшін жұмсағанын қалайды. Қалап қана қоймай оған жағдай туғызып отырады.
Ел дамуының сан-салалы бағыттарын жүйелеп, қордаланған мәселелерді шешудің, табысты болудың жолдарын айқындаған Елбасы Жолдауы еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін рух берді десем қателеспеспін. Ұлттық дәстүр мен ұрпақ тәрбиесін сабақтастырған салада жүріп, бүгінде ақ самайлы ақылман әжелердің басы-қасында болу заманауи қоғамға белсенділікпен араласуды талап етеді. Аға буын кейінгі ұрпақтың білімі мен білігін, алапат күш-қуатына сүйсіне отырып, ұлттық тіл мен ділден, діннен алшақтамауға көп көңіл бөледі.
Қорыта айтқанда, алдымыздағы бағындырар биіктер мен алынар асулар айқын, ендігі баршамыздың міндетіміз, осынау асқақ мұрат-мақсаттарды іске асыру үшін жан аямай еңбек ету.
Саттар ҚУАШБАЕВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының
депутаты, экономика ғылымдарының докторы,
профессор.