Кино • 06 Қазан, 2021

Аса мәртебелі Актер

855 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Жаратқан оның бойына адамға тән асыл қасиеттердің бәрін үйіп-төккеніне тәнті боласың. Өнердің биігіне жетелейтін өре де берген, дарын да берген. Парасат пайымы өз алдына, сөз саптауы да көшелі кісі деп жүргендерден көш ілгері. Ат құлағын теңестіргендей әр сөйлемі әдемі шығатын шешендігі тағы бар. Жылы жүзінен жанының сұлулығы анық аңғарылатын абыройлы азаматтың актер үшін таптырмайтын келісті тұлғасы да тәңірдің берген сы­йындай көрінеді. Жүрек лүпілімен шырқайтын сезімге толы есті әндері естіген құлақтың құрышын қандырады. Диктор біткеннің бәрі қызғанатындай дикциясы да – дүр-інжу. Екеуара сөйлесіп отырғанның өзіндегі спецификалық қоңыр даусы бірегей бітімнің болмысын барынша ажарландырып жібереді.

Аса мәртебелі Актер

Салған бетте көңілің толатын кіршіксіз кісі осылай табиғатынан дегдар жаратылса керек. Оның текті отбасынан шыққаны Досханның келбетін одан бетер айшықтай түседі. Ежелгі төл тамырынан үзілмей, әлемдік өркениетке ұмтылған адамға ауадай қажет осы алғышарттың оның бойынан табыла кеткеніне қуанасың. «Адамды орта қалыптастырады» деген – жөн қағида. Шығыстың көз тартар сұлу табиғатынан нәр алып өскен жігіт қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауыл тәрбиесімен еркін сусындағаны да көркем мінезінен айқын байқалады. Тоқетері, «Табиғат–Тек–Тәрбие» симбиозының қазанында пісіп-жетілген үндестікке толы үйлесімнен туған жанның жаратылысы қапысыз өрілгені сүйсіндірмей қоймайды. Ойға шомған кездегі парасатты жүзінен көңілінің түкпіріне тыныштық ұялаған, үлкен жүрегінде гармонияға толы тепе-теңдік орнаған кісілік келбет атойлап шығатыны – басы ашық шындық. Төрт құбыласы түгел шуаққа малынып тұрған Досхан Қалиұлынан қай кезде де туған халқына деген адалдықтың жұпар иісі аңқып тұрады. Сондықтан да қазақ өнері мен мәдениетіндегі жарық жұлдыздың осы періште қасиеттерін ең алдымен айту – парыз.

Оған қоса, Досханның адамдық һәм актерлік феноменінің формуласы осы төңіректе жасырынып жатқанына барған сайын күмәнім қалмай барады. Бір анық: жүрегі таза адам ғана кез келген образды табиғи аша алады. Шын қуана да білетін, шын қайғыра да білетін шебер ғана жалғандыққа жоламайтынын жоққа шығара алмайсың. Фальш жоқ жерде ақық өнер туады. Бекзат өнерді қалтқысыз меңгерген Досханның бар адамды өзіне тартып тұратын керемет гравитациялық аурасы мен жылдар бойы қалыптасқан халал харизмасы да тұлғалық тартымдылығын арттыра түскені – актерлік бақытының басты кілті.

Досхан Жолжақсынов – құдайдың қалауымен актер болған адам. Айтары жоқ, Алматыдағы шекарашылар училищесіне құжаттарын тапсырып қойған жап-жас жігіт аяқ астынан қырық күн шілдеде құлағына суық тиіп, ауруханаға түсіп қала ма?! Рас-ау, туған тегі тұтастай өнердің саф ауасымен тыныстап тұрғанда оның шекарашы болғанын құдай да қаламаса керек. Содан да болар, ем алып жатқан Досхан қабылдау емтиханына бара алмай, офицерлік оқудың жайына қалғанында да тәңірдің бір тылсым күші жатқандай. Дей тұра, әскери оқу орны бұйырмай қалған намысшыл жігіт ауылға қайтуға арланады. Барлық жоғары оқу орындарына құжат қабылдау баяғыда бітіп қойған. Қайтпек керек? «Сабақты ине сәтімен» деген, жалғыз ғана Құрманғазы атындағы өнер институтының театр факультетіне өтініш қабылдау әлі де жүріп жатыр екен. Жоғары оқу орнын таңдау құқынан айырылған абитурент құжаттарын осында тапсырады. О басында-ақ келетін жері еді. Суырып салма ақындығымен, сазгерлігімен танылған әкесі Қалидың әуелете салған әнін кезінде Жүсіпбек Елебековтің өзі тыңдап, Алматыға алып кеткісі келген, анасы – халық театрында Бейімбеттің Шұғасын сомдаған әуесқой актриса. Әжесі де әнші болған. Туған апалары да шетінен көмейіне бұлбұл ұя салған жезтаңдай. Осындай отба­сы­нан шыққан Досхан қаражаяу болушы ма еді?!

Күйіп кетесің, төрт жасынан домбыра тартуды үйренген, кеудесіне кең да­уыс диапазоны қапысыз қона қалған оның шекарашылар училищесіне баратын қай жөні?! Мұның бәрі аяқ астынан «драматургия» болып қалғанына шүкірлік етесің. Біз үшін ең маңыздысы – нәтиже. Қуана кетесің, нағыз жігіт болуға ұмтылған жас­тық максимализмнің әсерінен болған ма­ман­дық таңдаудағы қателік дер кезінде жөнделді. Қазақтың тұңғыш жоғары білімді режиссері Асқар Тоқпанов, КСРО Халық әртістері Шолпан Жандарбекова мен Хадиша Бөкеева сияқты үш алыптың алдында сынақтан өткен Досхан бір орынға бес адам бақ-талайын ортаға салған осы конкурста маңдайы жарқырып, студент атанды. «Адамның айтқаны болмайды, Алланың айтқаны болады» деген осы! Дау жоқ, құдай қараспаса, қазақ халқы тағы бір ұлы актерінің талантына табыну қуанышынан қағылғандай еді.

Соқпағы көп өнер сүрлеуіне түскен оған танымалдылық тура он жылдан ке­йін келді. 1979 жылы «Бандыны қуған Хамит» көркемфильмі ел экрандарында үлкен табыспен өтті. Қазақ киносының вес­те­рн жанрындағы тұңғыш туындысында басты персонажды сомдаған Досхан прокаттан кейін жұлдыз болып оянды. Бұған дейін Шәріп Бейсембаевтың «Бастау» және «Гауһартас» ленталарында екінші пландағы рөлді орындағанына қарамастан Досханның келесі кезекте бас кейіпкерді сомдауға лайық актер екенін толық дәлел­дей білгенін көзі бар мамандар байқап үлгерген. Оны бас рөлге шақырған алғашқы режиссер Абдолла Қарсақбаев болды. Шақырды дегеніміз шындыққа жанаса қой­мас, кішкентайынан жабағының жалына жармасып өскен Досханның бойынан шалт қимыл мен отқарағынан ұшқын көрген атақты кинорежиссер кинопробаға қатысқан 14 актердің ішінен оны өзі таңдап алды. Көзі бар режиссердің сенімін ақтаған ол алғашқы ірі персонажын сақа суреткердей алып шықты. Қызыл командир образын шынайылықтың шар болатында ширақ шиырлаған актерді енді басқа елдің кинорежиссерлері шақыра бастады. Хамиттің образы осылайша оның «визиттік карточкасына» айналған еді.

Әттең, шағын мақалада театр мен кинода ол орындаған екі жүзге тарта рөлдің бәрін талдау былай тұрсын, тізіп шығу мүмкін емес. Бұл жерде Досханның актерлік жолындағы кейбір фрагменттерді кинолентасындай көз алдымыздан өткізгеннен басқа амал көріп тұрған жоқпын: «Ақан сері–Ақтоқты» спектакліндегі бас кейіпкерді абыроймен орындап шыққанында Ғабит Мүсіреповтің «Досханжан, мен бұл рөлді Шәкен Аймановтың өзі сомдағанын көрген адаммын, бір мысқал да кем түспегеніңе бек қуаныштымын» деп алғысын білдіргені; «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» фильмінде әке рөлін сомдағаны үшін Шыңғыс Айтматовтың өзі жоғары орын­даушылық деңгейін басқалардан алабөтен атап өткені; өзінің ең сүйікті актерлері Нұрмұхан Жантөрин және Әнуарбек Молдабековпен партнер болу арманының орындалғаны; атышулы Толомуш Өкеевтің «Алтын күзіне» түсіп жатқан кезінде сүйікті актері Сүйменқұл Чоқморовтың келіп, «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері» фильмінің саз-әуеніне арқау болған Біржан салдың «Теміртас» әнін Досханнан орындап беруін өтінгені, одан риза болып, қырғыздың айыр қалпағын сыйға тартқаны; 1984 жылы тағы да сол Толомуштың «Ақ ілбістің тұқымы» фильмінде қырғыздың эпостық батыры Мұндызбайды тірілткен Досханды көріп, қырғыздардың көздеріне жас алғаны; «Ленфильмде» «Жәбірленушілер шағым жасамайды» фильмін түсіру барысында Александр Фатюшин, Игорь Скляр, Леонид Каневский сияқты танымал актерлермен бірге бастан кешкен қызықтары; «Мосфильм» киностудиясының «Махаббат, достық және тағдыр туралы» картинасында Сергей Никоненкомен партнер болуы; «Диагноз» телефильмін түсіру барысында болашақ асыл жары Қаракөзі – Асқарқызы Сүлейменовамен танысуы; актерлік тұсауы кесілген танымал «ТЮЗ» театрының тіз­гінін ұстаған күннің ертеңіне Мемлекет басшысының өзі телефон шалып, «Қалың қалай, Досхан?» деп сұрағанда шалқасынан құлай жаздағаны; «Біржан сал» фильмі шыққанда Ақселеу Сейдімбек «Айналайын Досхан, дүниеге маңдайыңнан сүйетін-ақ кино әкеліпсің» деп арсалаңдап, елдің көзінше өзінің «Қазақ шежіресі» кітабын сыйлағаны, «Көшпенділер» фильмінде Галдан-Цэрэн рөлін сомдап жүрген жерінде голливудтық Куно Бекер қазақ актерінің сан қырлы талантына тамсанып, әр эпизодты ақылдасып отырғаны және басқа да басынан өткен талайлы тағдырын егжей-тегжейлі жазсаң, кітаптың бір-бір тарауына татитын эпизодтар.

Досханға салсаң, театрдан асқан киелі жер жоқ. Театрда актер мен көрермен керемет экспрессивтік әсерге бөленетіні – сахна өнерінің құдіреті. Актер – көрерменге жүрек жылуын жеткізуші. Өзі сомдап жатқан образ арқылы. Бірақ сол айшықты сәт толық салтанат құруы үшін көрермен де актерге өз жылуын беруі тиіс. Дей тұра, бұл процесте бәрібір актер басты жауапты тұлға болып қала береді. Өйткені көрермен жылуын беретін отты үрлеп тұтататын да – актердің өзі. Бұл қолыңнан келмесе, онда «актер–көрермен» үйлесімдігінен күдеріңді үзе бер. Өнердің бар қиындығы да осында жатыр. Бұл тұрғыдан алғанда, сонау 1972 жылдан бері театр подиумынан бір түспей келе жатқан Досхан – көрерменмен құрған тандемнен тоят тапқан талантты актер. Анығы сол, өмір бойы өзінің сүйікті ісімен айналысқан адам ғана осынау базарлы бақытқа ие бола алады. Талас жоқ, театрдағы эмоциялық өрлеуді орната білетін актер – нағыз актер. Аристотель айтатын катарсис осы. Қазақша кестелесек, ішкі әлемнің тазару процесі. Қай кезде де өзінің дара жолымен басқаларды мойындатып жүретін Досхан Қалиұлы катарсистің позитивті түрін ұсынуымен сүйіспеншілікке бөленді. Ол – театрға келген халықты фанатизм мен есінен адас­­ты­рудан ада, керісінше қайғының өзін жеңілдетіп, көрермен эмоциясын жақсы арнаға бұра білетін дарын иесі.

Бертольд Брехт өзінің атышулы «Эпи­калық театр» теориясында өмір құ­бы­лыс­тарына басқа қырынан келу деген ұғымды білдіретін «Эффект очуждения» деген терминді қолданысқа енгізген. Дәл осы театралдық әдісті Досхан кере­мет игерген. Көптеген рөлдерінде сәтті пайдалана біледі. Мұнда катарсис классикалық театрдағыдай актының финалында болмайды, актер спектакльдің өн бойында көрер­менді кейіпкердің басына түскен қиын­дықтан құтылудың жолын бірге із­деуге саналы түрде жетелеп отырады. Ак­тердің мазмұн мен форманы шегіне жет­кі­зе көрсету шеберлігі осы тұр­ғы­дан ашыла түсетіні – Досханның батыл фиш­касы. Оның шығармашылығы тек эмо­­цияға құрылмайтындығымен де ерек­ше­ленеді. Табиғат оған сезімталдықпен қатар эмпатиялық дарынды да қоса берген. Досханның ойшылдығы сонда, ол – Станиславскийдің драмалық элементтерін тезис, Брехттің эпикалық компоненттерін антитезис ретінде қолдану арқылы өз ақиқатын өмірге әкелген суреткер.

Досханның кез келген образы көрер­менді кейіпкермен бірге қайғырып, қуануға да (Станиславский моделі) және сахна төрінде жүріп жатқан өмірді барынша зерттеуге де (Брехт схемасы) үйретіп отыратындығымен құнды. Әкім Таразидің «Індет» трагикомедиясындағы Әзберген образын ашуда Досханның бойынан драмалық театрдың белгісі – көрерменнің сезімін шарықтату да, эпикалық театрдың ұстыны – көрерменнің ақыл-ойын ояту да айқын көрінгенін жүрегі бар адам сезеді, ақылы бар адам електен өткізеді. Адамды ойлауға үйрете білген актерден айналып кетсең, болмай ма?! Досхан көрерменін қашанда поэтикалық тепе-теңдік пен философиялық гармония ғана бере алатын ләззат биігіне көтеріп әкетеді.

Бастапқы жылдары «Қаладан келген қылжақбастағы» Сматбек, «Ақан сері – Ақтоқтыдағы» Ақан сері, «Адам аласы ішіндегі» Егор Дмитрич Глумов сияқты кесек образдарды жеріне жеткізіп сомдағаннан кейін Досхан қатардағы амплуа­­­ актерден театрдың премьер-актері дәрежесіне көтерілгені заңдылық еді. Аталған характерлі образдарды жоғары деңгейде сомдай білген актер өзінің тұл­ға­лық әлеуеті толысқанын театрлық карье­ра­сының алғашқы он жылында-ақ дә­лел­деп берді. Персонаждың логикасына сай іс-қимыл үндестігіне жете алған ол актерге ең алдымен қажет театр канонының сөз, қимыл, интонация, пластика, мимика сияқты көптеген компоненттерін терең игергенін сол жылдары орындаған рөл­де­рі­нен анық байқайсың.

Досханның ішкі және сыртқы энергиясы мен импровизациялық ұмтылысы оның актер болып туғаннан бұрын, актер болып қалыптасқанын аңғартады. Осы еңбекқорлығы спектакльге тартылған бас­қа актерлерге де әсер етпей қоймайды. Парт­нерлерін жетелей білетін жетекші ак­тер деңгейіне көтерілген Досхан – қай режиссердің де ойнау кеңістігін ойлау кеңістігіне айналдыра білген ақылгөй актер. Олай дейтінім, Досхан рөлді тек актер ретінде ашып қоймайды, өзінің бойындағы туа біткен режиссерлік қарымымен де заңғар биікке көтеріп әкетеді. Осы тұрғыда ол өзінің ұстазы Хадиша Бөкееваның ерлігін қайталады. Қазақ сахнасына театр өнерінің еуропалық мәдениетін әкелген талантты актрисаға студенттері қойған «Играющий тренер» деген лауазымды қазір Досханға айтса да жарасады. 1993 жылдан 2004 жылға дейін төл театрының бас директоры-көркемдік жетекшісі болған ол алмағайып кезде өнер ордасын рухани катастрофадан аман алып қалуы да осы сөзімізді дәлелдейді.

Ақиқатты іздеу, шындық сөзді айтуға ұмтылу актер біткеннің бәрінің бірдей пешенесіне жазыла бермейді. Іледе біреуге қонатын киелі қасиет Досханнан табылған. Ол аталы сөз айтатын кемел шағына толғанда Біржан сал мен Құнанбайға жүгінді. Ұлттың санасын көтеруде ұланғайыр іс тындырған екі тарихи тұлғаның табиғатынан ақиқат тапқан ол өзінің өмірлік ұстанымын кө­рер­менге кең тынысты қос картинасы арқылы жайып салды. Жуан тұқымнан шыққан Азнабаймен алысып өткен Біржан сал мен дала кемеңгері Құнанбай қажының трагедияға толы өмірін биік көркемдік тұрғыда философиялық иірімдермен көр­се­ту арқылы өзінің төл ақиқатын айта алды. Біржан мен Құнанбай трагедия­­­сы – ұлттың трагедиясы. Сондықтан да мұндай ірі кинополотноларды ұлтын шек­сіз сүйген перзент қана жасай алады. Өмірлік көзқарастары ақиқат жолына құ­рыл­ға­ны­мен ғұмыры да, тіршілігі де бір-біріне ұқсамайтын екі тұлға туралы туындының бар салмағын ол өзі көтерді десе де болады. Өзі қоюшы режиссер, өзі бас рөлді сомдаушы. Ол аз десеңіз, қалыпқа сыймай кеткен талантты бауырымыз Таласбек Әсемқұловпен бірігіп, сценарий жаз­­ғаны және бар.

Халқының астарлы ақиқатын айту жолында осыншама жанкештілікпен жұмыс істеген талантты актер бұл тұрғыдан ал­ған­да ұлттық батырымыздай көрінеді. Ше­жіреміздің шерлі топырағында көмулі жатқан тұлғаларымызды тірілтіп берген ол осы тарихи образдарды сомдау арқылы өзінің актерлік ауқымдылығы мен режиссерлік амплуа­сына талайларды қапысыз мойындатты. Қай кезде де кесек турап үйренген оның тарихи тұлғаны жаңа қырынан ашуға деген ұмтылыс жолындағы ішкі космосы өзінің шарықтау шыңына жеткенін дәлелдеп берді. Бұл жолы да оптимизмі мен интуициясы алдамады. Бабалар мен келешек ұрпақты осы қос туындысымен қауыштырып тұрған Досхан Қалиұлын қазақ киносының дәл қазіргі көшбасшысындай қабылдамасқа лажың қалмайды.

«Біржан сал» фильмінде өзінің басты армандарының бірін орындап, қазақтың сал-серілері туралы толағай картинаны өмірге әкелген Досхан екінші еңбегімен де қазақ кинематографиясына тың серпін алып келді. Бір ғана мысал. Фильмдегі астың түсірілуі режиссердің тапқырлығынан бұрын талғампаздығы дер едім. Өйткені, жалпы, ас көрінісі бұған дейін де қазақ кинотуындыларында кездескен. Десе де, Досхан түсірген ас бұрынғы астардан өзгеше. «Құнанбай» картинасында аталған сцена, ең алдымен, саясаттандырылмай түсірілгенімен бағасын асырып әкеткен. Дана даланың философия­­­сымен сусындаған көшпенділер салтанатын бар ажарымен табиғи көрсету арқылы режиссер қазақ ұлтының өзіне ғана тән ұлылығын кең панорама арқылы көрсете алуы фильмді монументалдық деңгейге дейін көтеріп кетті. Қодар мен Қамқа оқиғасы төңірегіндегі тарихи драматизм мен билер сотындағы нәзік психологизмге құрылған астарлы тартысқа толы көріністерді режиссерлік тұрғыдан әдемі шешіммен алып шыққан Досхан қазақ философиясының тереңде жатқан иірімдерін әлемдік деңгейге көтеруге ұмтылған.

Кинотуындының кульминациясында да көптеген сәтті фрагменттер аз емес. Соның бірі – Құнанбайды түрмеге айдап алып бара жатқанда анасының артынан қуып барған сәті. Ұлттық менталитетпен сусындаған пәлсәпалық шешімге толы кадрларды көріп отырып өзіңнің қазақ екеніңе қуанасың. Амалсыздан атқа қонып, әскерилердің алдынан шыққан Зере әжеміздің қасқиып тұрған жүзінен ілкі сәтте анаға тән көңіл пернесінің барлық күйін шертіп тұрғанын көресің. Баласына деген бауыр еті езіліп тұрса да, ешкімнің алдына жығылмайтын қайтпас қайсарлығы мен биік парасаты да, халқына адалдығын сақтап қалған баласының қай қылығына да еш қысыла қоймайтын асқақтығы мен тәкаппарлығы да режиссердің батыл енгізген тосын эпизодының мәні мен мағынасын кеңінен қамтиды. Жалпы алғанда, өмір бойы бір-бірімен бәсекелесіп өткен Құнанбай мен Барақ сұлтан арасындағы талас-тартысты шешуде Зере ана образының концепциясын да режиссер Досхан өте сәтті тапқан. Сондықтан да бұл персонаж ел анасының образына дейін көтерілгені рас.

Досханның «Тезис-Антитезис-Синтез» қағидасына құрылған үш образ арқылы фильм соңында ең басты конфликт қазақ халқы мен орыс империясының арасында жатқанын дәлелдеп шығуы – режиссерлік өжет шешім. Кинотуындыда режиссер конфликтіні басқару алгоритмін жете меңгергенін көру қиын емес. Құнанбай мен Барақ сұлтан арасындағы конфликт көзге көрінбей тұрған қазақ халқы мен отаршыл саясат арасындағы масштабтық конфликтіге ұласатын күрделі моментті Досхан шебер қиюластыра білген. Көркем картинаның кульминациясында арының алдында адал Құнанбайдың орыс империялық билігімен тартысы режиссердің дәл осы ұстанымы арқылы әдемі өрілуі бас кейіпкер образының толыққанды және түпкілікті ашылуына түрткі болып, туынды деңгейін заңғар биікке көтеріп тұр.

Осылайша, дүлей динамизмге құрылған көркем фильмнің өн бойында Құнанбайдың өмірлік миссиясының толық орындалғанын шынайы суреттей алуы – Досханның ең басты табысы. Әлі күнге дейін көп параметр бойынша басы бірікпей келе жатқан қазақ халқының тұтастығы мен бірлігіне үндейтін финалдық сәт әр қазақтың жүрек қылын шертіп өтеді. Халқының бірлігін бәрінен бұрын ойлайтын туындыгердің бұл философиялық шешімі тарихтың ауыр жүгін көтеріп тұрғанын айтпай кету – арымызға сын.

Фильмнің лейтмотиві дәл осы жерде айқын ашылады. Өткен заманды бүгінмен және болашақпен байланыстыра білген ол өзінің өзегін жарып шыққан ұлы идеясын бірін бірі өкпеге қиса да, өлімге қимайтын ел басқарушы Құнанбай мен Барақ сұлтанның төс қағыстыруымен білдіруі – кинорежиссер тапқырлығының классикалық үлгісі. Тамыры тереңде жатқан шежіре астарындағы мәнді де, мәйекті ойдың қадір-қасиетіне қызығушылық танытып, тағылымы мол тұлғаларға ақиқатты айту үшін жүгінген өнердің көрнекті өкілі тарих қатпарларын жаңаша арши алғанымен алға озып шықты. Мұны Досхан Жолжақсыновтың рухани батылдығы дер едім.

Қазақ кино өнерінің құнды құбылысына айналып үлгерген «Құнанбай» көркем­су­ретті фильміне терең үңілген адам режиссер мен актер мақсатының әріде жатқанына көз жеткізер еді. Бұл фильмде бағзы заман (антиуақыт), бүгінгі күн (уақыт) және келешек (псевдоуақыт) бір кеңістікте кездес­кендей әсер қалдырады. Дәл осы көңіл күй бұл туындының авторы өмірдің мәңгілік сұрақтарына жауап іздеп, ұлтының тағ­дырын толғай алғанын білдірудей-ақ біл­діріп тұр. Құнанбай образының то­лыққанды экранизацияланғанына қазір өмір сүріп жатқан бізден гөрі келешек ұрпақ көбірек қуанатынына күмәннің аздығы да сондықтан болса керек. Актер­лік және режиссерлік шеберлігі өз алдына, абыздықтың ауылына барар жолда білімдарлық пен ойлылық қасиеттерімен де таныла білген Досханның жарты ғасырға созылған творчествосының табан­тірек нүктесін тапқаны да – өнер иесінің бақыты.

Солтүстіктегі көршіміз секілді «Его величество Актер» деп дарабоз Дос­ха­нымыздың да алдында басымызды июдің еш сөкеттігі жоқ. Қазақстанның халық әртісі, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, 1996 жылы «Індет» спектакліндегі Әзберген рөлі және 2016 жылы «Құнанбай» толық метражды көркем фильмі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығын екі мәрте иеленген тұңғыш та, әзірге жалғыз лауреат Досхан Қалиұлына бас ию – ең алдымен киелі өнерге бас ию. Әлімсақтан сол өнер атаулының алдында тік тұратын қазақ өзінің аса мәр­тебелі актерін ақ киізге отырғызып, хан көтергендей ұлықтауы – киелі өнерді ұлықтауы. Сомдаған образдары мәңгілік көркемдік иммунитетіне ие болып, сол арқылы актерлік шеберліктің апогейіне көтерілген Досхан Жолжақсыновтың жұл­дызды жолы ұзағынан жалғаса бергей!

 Шархан ҚАЗЫҒҰЛ