Экономика • 06 Қазан, 2021

Өнеркәсіптік саясаттың өзекті мәселелері қаралды

744 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар «Өнеркәсіптік сая­сат туралы» заң жобасын бірінші оқылымда ілеспе түзетулерімен бірге мақұлдады.

Өнеркәсіптік саясаттың  өзекті мәселелері қаралды

Аталған құжат жөнінде баян­дама жа­саған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың ай­туынша, өнеркәсіп саласының заңнамалық базасын жаңартудың қажеттілігі бірқатар басты факторға негізделген. Олардың қатарында өнеркәсіптік саясатты қайта қарау бойынша батыл шараларды талап ететін әлемдік экономика қысымы күшеюі, ұлттық экономиканың өзіндік жеткіліктілігін қамтамасыз ету үшін бизнестің нақты жүйелі проблемаларын шешу бар. Сондай-ақ энергетикалық ресурстар мен шикізатқа әлемдік бағалардың тұрақсыздығы жағдайында индустрияландыру саясатының рөлін күшейту көзделіп отыр.

«Осы факторларды назарға ала отырып, заң жобасының мақсаты айқындалды. Бәсекеге қабілетті, жоғары технологиялық, экспортқа бағдарланған өнім өндірісін ұлғайту арқылы сала дамуының шикізаттық моделінен кетіп, өңдеуші өнеркәсіптің тұрақты дамуын қамтамасыз ету керек», деді ведомство басшысы.

Заң жобасында 30-дан астам ұғым мен терминнің анықтамалары қарастырылған. Соның ішінде өнеркәсіп, өңдеуші өнеркәсіп, өнеркәсіптік саясат, Индустрия 4.0, шикізаттық емес экспорт және өзге де өзекті ұғымдар қам­тылған. Қолданыстағы мемле­кеттік реттеу бүкіл жеке кәсіп­керлік субъектілеріне бағыт­талған. Алайда өнеркәсіп кәсіп­орын­дарына нақты назар аударыл­маған. Осыған байланысты жаңа терминдерді регламенттеу тиімді өнеркәсіптік саясатты қалып­тас­тыру үшін құқықтық негіз жасамақ.

«Заң жобасының басты жа­ңа­лығы – мемлекеттік ынталан­ды­рудың жаңа шараларын және инфрақұрылымның элемент­терін бекіту бойынша Үкіметтің құзы­ретін енгізу. Бұл мемлекеттік аппа­ратқа икемділік пен жеделдікті береді және бизнес үшін қажетті маңызды шешімдерді уақтылы қабыл­дауды қамтамасыз етеді. Мемле­кеттік ынталандыру өңдеуші өнеркәсіптің тиімді кәсіп­орын­дарына бағытталады. Бұл үшін Басым тауарлар тізбесін қалып­тастыру және бекіту бойын­ша уәкілетті органның құзы­реті көзделген», деді Бейбіт Атам­құлов.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда қосылған құны жоғары 4 мыңнан астам тауар іріктелген. Өнер­кәсіпті мемлекеттік ынта­ландыру шаралары тізбедегі тауарларды өндірушілерге ғана көрсетілмек. Осындай мемлекеттік ынталандыру шараларының тиімділігін қамтамасыз ету үшін өндіріс көрсеткіштерін арттыру жөніндегі талаптарды көздейтін қарсы міндеттемелер енгізіледі.

«Бұл міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргіземіз. Кәсіпорындар оны орындамаған жағдайда ережеге сәйкес бюджет қаражатын қайта­руға тиіс. Бұдан басқа, бәсекеге қабі­леттілікті арттыру туралы келісім жасау арқылы кәсіпорындарға ынталандыру шараларының кешенді түрін алу мүмкіндігі көзделген. Келісім кәсіп­орындарға өндірістік қызметті орта және ұзақ мерзімді кезеңдерге жоспарлауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік ынталандыру шараларының барлық тізімі заң жобасын әзірлеу барысында да қайта қаралды. Өнімді технологиялық жаңғыртуға және ілгерілетуге бағытталған жаңа шаралар енгізілді. Жалпы алғанда, бизнес үшін ынталандырудың 20-ға жуық шарасы қолжетімді болады. Кәсіпорындардың сұрауы бойынша ынталандырудың жаңа әдісі – өнеркәсіптік грант енгі­зіледі. Өнеркәсіптік грант бірлесіп қар­жы­ландыру жолымен өндірісті жаңғыртуға беріледі»,  деді министр.

Осылайша, кәсіпорындарды техно­логиялық қайта жарақ­тандыру қамта­масыз етіліп, шығарылатын өнімнің сапасы арттырылмақ. Сондай-ақ заң жобасында Өнеркәсіпті дамыту қорының маңызды мәселелері реттелген. Қор жабдықтарды сатып алуға лизингтік қаржыландыруды, сондай-ақ 3 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойынша өнер­кәсіп­тік-инновациялық жобаларға жеңілдікпен кредит беру секілді ынталандыруды жүзеге асырады.

«Өнеркәсіптік саясатты іске асыру мониторингі өнеркәсіптік-инно­ва­циялық жобалардың тізбесін айқын­дайтын Бірыңғай индустрияландыру кар­тасы арқылы жүргізіледі. Бұл карта – қолданыстағы республикалық және өңірлік индустрияландыру карталарының біріктірілген жаңа түрі.

Бірыңғай индустрияландыру картасы жобаларды іске асыру процесін орталықтандырып, қадағалауға және туындаған проблемаларға уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді. Өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру және іске асыру процесіне жүйелілік пен кешенділік беру үшін қажетті құралдар жиынтығы құрылды.

Атап айтқанда, Индустриялық дамуды бағалау – өнеркәсіптің дамуына әсер ететін құқықтық, экономикалық, қаржылық және өзге де факторларды талдауды көздейтін жаңа құрал. Ынта­ландыру шараларын іске асырудың тиімділігін бағалау тәсілі әсері төмен ынталандыру шараларын анықтауға мүмкіндік береді, олар қайта қаралады немесе мүлдем алынып тасталады», деді Б.Атамқұлов.

Заң жобасына қатысты пікір білдірген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған құжат өңдеу өнеркәсібін дамыту және өнеркәсіп саласының инвестициялық тартымдылығы мен экспорттық әлеуетін арт­тыруға бағытталғанын атап өтті.

Осы құжаттағы жаңалық­тар­дың бірі – мемлекеттік қолдау шараларын алушы кәсіп­орындар үшін қарсы мін­дет­темелерді белгілеу. Яғни мемлекет инвестицияланған қаржыдан нақты нәтиже күтуге құқылы. Бұл ретте Нұр­лан Нығматулин мемлекеттік қолдау шара­ларын қолдану кезінде бизнеске мүм­кін емес міндеттемелерді жүктемеу керек­тігіне назар аударды.

«Мәселен, мемлекеттен қолдау күткен кәсіпкер өз бизнесін қалай жоспарлайды? Өйткені ол өзінен не талап етілетінін білмейді ғой. Кәсіпкер қатаң талаптан құтылу үшін шенеуніктің алдына барып, өтініш жаса­уына тура келеді. Әрі қарай түсі­нікті. Шенеунікке ешқандай бақы­лаусыз шешім қабылдауға мүм­кіндік беріліп, бірден сыбай­лас­тық құқықбұзушылыққа жол ашылады. Сондықтан бұл нор­маны үкіметтік нұсқа бойынша қалдыруға болмайды», деді Мәжіліс Төрағасы.

Сонымен қатар Нұрлан Нығма­тулин мемлекеттік қолдауға жү­гінген кәсіпкерлерге талапты тым қатаңдатуға болмайтынына да назар аударды. Осыған орай, жұмыс тобына жауапты министрлікпен бірге екінші оқылымға дейін тиісті міндеттемелер жөніндегі норманы нақты, анық және түсінікті етіп толықтыру қажеттігін айтты.

Жалпы отырыста көрнекі ақ­парат мәселелеріне қатысты түзе­тулер екінші оқылымда мақұл­данды. Заң жобасының мақсаты – орфография нормаларын және мәтіндердің тең түпнұсқалы аудармасын сақтау жөніндегі талаптарды белгілеу арқылы деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру мәселелері бо­йынша қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру.

«Сайлаушылар жиі көтеретін тақы­рып­тардың бірі – көрнекі ақпарат­тағы қа­зақ тіліндегі жазылатын мәтіннің сауат­сыздығы, кейбір жағдайда тіпті қа­зақ тіліндегі мәтіннің болмауы. Осы­ған бай­­ланысты нақты талаптар енгі­зілді», деді Мәжіліс депутаты Берік Әбді­ғали­ұлы.

Жалпы отырыста депутаттар «Қазақ­стан Республикасындағы Адам құ­қықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасын және оған ілеспе заң жобаларын жұмысқа алды.

Бұдан бөлек, Мәжілістің коми­теттері жұмысқа алған заң жо­баларының қатарында «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақ­та­рының ара жігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Жануарларға жауап­кер­шілікпен қарау туралы» заң жобалары бар.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады.