Руханият • 06 Қазан, 2021

Бейбітшілікті нығайтудың үздік үлгісі

2288 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының кезекті отырысы өтті. Оған қатысушылар кезекті жиынға дайындық мәселелерін пысықтады.

Бейбітшілікті нығайтудың үздік үлгісі

20 елден келген әлемдік кон­фес­сия­лардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері Қазақстан астанасында жаһандық және  өңірлік өзекті мәселелерді тал­қы­лап, олардың қоғамға, руханиятқа және діни се­німге әсері жайлы ойларын ортаға салды.

Отырысты ашқан Парламент Сена­тының Төрағасы, Әлем­дік және дәс­түрлі діндер көш­­бас­шылары съезі Хатшылығының басшысы Мәу­лен Әшімбаев діни лидерлерге кон­фес­сияаралық диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлестері үшін ал­ғыс білдіре отырып, форумның қазір­гі замандағы өзекті мәсе­лелерді талқы­лайтын аса маңызды халықаралық алаңға айналғанын атап өтті.

– Съезд бейбітшілікті ны­ға­й­тудың және мәдениеттер ара­­сын­дағы ынты­мақ­тастықты дамытудың озық үлгісін көрсетіп келеді. Сондай-ақ дінаралық толеранттылықты арттыруға үлкен септігін тигізуде. Алғашқы кездесуден бастап, бұл алаң барлық негізгі конфессия өкілдерінің басын біріктірді. Біздің форумды жетекші рухани лидерлер мен жоғары деңгейдегі ықпалды сая­саткерлер үнемі қолдап келеді. Алдағы уақытта да Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің мүмкіндігі мен әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызы зор. Бұл қазіргі кезеңде өте өзекті. Коронавирус пандемиясы адамдардың қалыпты өмірін өзгертіп қана қоймай, әлі күнге дейін әлемнің дамуына теріс әсерін тигізуде, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ съезд Хатшы­лы­ғының басшысы Қазақстан Тәуел­сіздік жылдарында бейбітшілік пен жалпыұлттық диалогтың өзіндік моделін қалыптастырғанына назар аударды. Ол «бірлік әралуандықта» қағидатына, елдің болашағы үшін ортақ жауапкершілікке және этносы мен дініне қарамастан, аза­маттардың құқықтарын құрметтеу мен қамтамасыз етуге негізделген.

– Биыл біз Қазақстан Тәуел­сіз­­дігінің 30 жылдығын атап өте­­міз. Осы кезеңде бейбіт­шіл­ік­тің, жалпыұлттық бірлік пен кон­фессияаралық диалог­тың өзін­­дік моделін қалыптас­тыра ал­дық. Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негі­зін қалаған бұл модель өзінің тиім­ділігі мен өміршең­дігін дә­лелдеп үлгерді. Қазіргі таңда ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшы­лығы­мен этносаралық және кон­фес­сия­аралық келі­сімді қамта­масыз ету саясаты жалғасып келеді. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі мен оның Хатшылығы отырысын абырой-бедел жинау үшін өткізбейміз. Бұл – қазақстандық даму жолының біртұтас, ажырамас бөлігі, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Спикері биылғы Хатшылық отырысы күрделі жағдайда өтіп жатқанын, оған коронавирус пандемиясы мен соңғы жылдарда әлемде басқа да жаһандық проб­лемалардың ушыға түсуі себеп болғанын айтты. Олардың қатарында геосаяси және геоэкономикалық факторлар мен жаһандық қауіпсіздік жүйесінің бұзылуы салдарынан туындаған халықаралық шиеленістің күшеюі, қарулану жары­сының үдеуі және жаһандық экологиялық күн тәр­тібіндегі түйткілдер бар.

– Осындай жағдайда рухани көш­басшылардың басты міндеті құнды­лықтардың дұрыс жүйесін қалыптастыру және адамдарды бейбітшілік, адам­гершілік, қоғамдық келісім, өзара қолдау сияқты идеялар аясына топтастыру болуы керектігі сөзсіз. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің негізгі мақсаты да – осы. Сондықтан баршаңызға біздің форумға қатысып, белсене қолдау көрсеткендеріңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді съезд Хатшылығының басшысы.

Дін көшбасшылары өз сөз­дер­інде Қазақстан өз ішінде ғана емес, халық­аралық деңгейде де дін­аралық және кон­фессияаралық диа­лог орнатуға баса мән беріп, осы бағытта маңызды жұмыс атқарып келе жатқанын айрықша атап өтті.

БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғарғы өкілі Мигель Анхель Моратинос тұрақты және қауіпсіз әлем құру үшін діннің қоғамдағы рөлін және халықаралық дең­гей­дегі өзара іс-қимылды талқылау тұрғысынан съездің маңызы зор екенін жеткізді.

– Бұл бірегей алаң саясаткерлер, дін лидерлері, халықаралық және өңір­лік ұйымдар және барлық мүдделі тараптарға әлемдегі дін­аралық диалог пен тұрақты дамуға қатысты проблемаларды бір­лесіп талқылауға жақсы мүмкін­дік береді. Сондықтан БҰҰ Өрке­ниеттер Альянсы алдағы VII Съезд жұмысына белсенді қатысады, – деді Мигель Анхель Моратинос.

Түркия дін істері басқар­масының бастығы Али Ербаш әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің бас қосуына мұрын­дық болған Қазақстанның Тұң­ғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев­қа алғы­сын білдіре келе, әлемдегі тыныштыққа нұқсан келтіретін өзекті мәселелерге тоқ­талып өтті.

– Нұрсұлтан Назарбаев айт­­қан­дай, әлемдік діндер лидерлерінің бірлескен жұмысы – бүгінде адамдарды бөліп-жару, исламофобия сияқты бірқатар мәселенің назарға алынуына себепші. Дүниенің төрт бұрышында сүйіспеншілік пен сыйластық маңызды екенін түсіндіруде бастамашы болған Қазақстанның еңбегі орасан. Бұл келешекте бейбіт өмір сүруіміз үшін де маңызды, – деді ол.

– Құрметті Хатшылық жұмы­сына қатысушылар, бүгінде адамзат қиын кезеңдердің бірін бас­тан өткеріп жатыр. Дүниенің бар тарапына жеткен індет адамгершіліктің, бір-бірімізге деген құр­меттің қаншалық маңызды екенін тағы бір еске салды. Ислам – бейбітшілк пен әділет, мейірім діні. Сондықтан бейбіт өмір үшін адамдардың сенімі бірдей болуы шарт емес. Ең маңыздысы – адам­дар­дың тәуелсіздігіне сыйластықпен қарау.

Бүгінде исламофобия сөзін жиі естейміз. Ислам мен фобия сөзінің қатар келуінің өзі ақыл­ға қонымсыз. Соңғы 2 жылда Еуропадағы мешіттерге жиі шабуыл жасалып жүр. Бұл, әлбетте, дін дұшпандарының әрекеті. Әділ әрі қауіпсіз келешек құруымыз үшін бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығаруымыз қажет. Адамзат зұлымдыққа, залымдыққа бірлесіп қарсы тұруы керек. Асыл дінімізді үлгі қылу үшін барымызды салайық, деп қорытындылады сөзін басқарма басшысы.

Кавказ мұсылмандары басқар­­­ма­­сының төрағасы (Әзер­бай­жан), Шейх-ул-Ислам Гаджи Аллах­шүкір Паша-заде 18 жыл бұрын қазақ халқы­ның көш­басшысы, ықпалды әлем­дік саясаткер, Түркі әлемі мен Ор­талық Азияның көрнекті мем­лекет қайраткері, Қазақстан Респуб­ликасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың діндер мен өркениеттер арасын­дағы диалог қағидаттары мен прак­тикасын ілгерілету жөніндегі бастамасының әлі де маңы­зын сақтап келе жат­қанын және бұл идеяның дәйек­тілігі мен өмір­шең­дігі уақытпен дәлелденгенін ерекше атап өтті.

– Бүгінде Елбасының дана көзқарасы мен күш-жігерінің арқа­сында әлемде дінаралық ынты­­мақтың жаңа платформасы құ­рылған. Жоғары мәртебелі Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақ мемлекет­тілі­гінің ілгерілеуі мен өркен­деуін, дінаралық диалог пен ын­тымақ саласындағы, атап айтқанда, Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының съездері аясын­дағы құнды идея­ларды ілге­рілету жөніндегі сабақтас­тықты қамтамасыз ете­тін саяси жолды табысты жалғас­ты­рудағы күш-жігерін ерекше атап өткен жөн, – деді Шейх-ул-Ислам.

Ол әлемде ксенофобия, исламофобия, христианофобия және антисемитизм сияқты идео­логиялық және практикалық қауіп­тердің өршіп тұрғанын айтты.

 «Бұл халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікке үлкен кедергі келтіреді. Бүгінгі таңда агрессия, зорлық-зомбылық және кемсіту тудыратын өшпенділікке шақыру нақты саяси және әлеуметтік қауіпке айналды. Мұндай үндеу­лердің идеологияның кесірінен түр­лі аймақ­тардағы тұрақ­ты­лық бұзылып, адамдар ара­сын­дағы қақтығыстарға, әскери қыл­­мыс­тарға, геноцидке әкеліп отыр. Біз VII съезде және оның қорытын­ды құжаттарында кезек­ті рет ын­тымақтаса отырып, ксенофо­бияның барлық нысандарын, ғибадат орындарындағы діндар­ларға қарсы экстремизмнің кез келген актілерін айыптай отырып, діни нышандар мен қасиетті орындарды қорлауға қарсы наразылық даусын көтереміз деп сенемін, деп қорытындылады сөзін діни қайраткер.

Ватиканның Дінаралық диалог бойынша Папа кеңесінің Ис­лам мәселелері жөніндегі бюро­сының басшысы, монсеньор Халед Акаше пандемия кезінде жапа шеккендерді еске алып, індетпен күресте өзгелердің өмірін сақтап қалу үішн ерен еңбек еткен жандарды айрықша атап өтті.

– Пандемия адамзатқа, мемлекеттерге, діни қауымдастықтарға және баршамызға денсаулық сақтау, экономика, әлеуметтік келісім немесе ынтымақтастық сияқты өмірлік маңызды сала­лардағы шектеулер мен кемші­ліктерді аңғаруға мүм­кіндік берді. Дін көшбасшылары мен діни қоғамдастықтар пандемиядан зардап шеккендерге тілектестік білдіреді, деді Ва­тикан өкілі. Ол күрделі кезеңде жаһан­дық мәселелерді талқылауға мүмкін­дік беретін бүгінгідей кездесуді ұйымдас­тырған Қазақстан бас­шылығына алғысын білдірді. 

Одан кейін Орыс правосла­вие шіркеуі Мәскеу Патриар­хатының дінаралық байланыс жөніндегі Сыртқы шіркеу байланыс бөлімінің хатшысы Дмитрий Сафонов сөз алды. Ол Орыс православие шіркеуінің гуманитарлық көмек бағытындағы жұмыстарына тоқталып өтті.

– Дін көшбасшылары съезінің негізгі принциптерінің бірі Орыс православие шіркеуіне де құрмет таныту болғаны қуантады. Қазақстан православ әлемінде канондық аймақ саналатынын айтып өткен жөн. Пандемия басталғалы Орыс православие шіркеуі мұсылман не христиан деп дінге бөлмей, жапа шеккендердің, көмекке зәрулердің бәріне көмек көрсетіп келеді. Мәселен, 2020 жылы көктем, жаз айларында Бішкек қаласында 1000 отбасыға азық-түлікпен жәрдем берілді. Сириядағы жапа шеккендерге де гуманитарлық көмек көрсетіледі. Жақында Дамаск қаласында мектеп ашылды. Қазір адамдар бір-біріне дініне қарамастан жиі көмектеседі. Православтардың мұсылмандарға және керісінше мұ­сыл­мандардың басқа дін өкіл­де­ріне көмектескеніне жиі куә болып жүрміз, – деді Дмитрий Сафо­нов.

Сонымен қатар Орыс православие шіркеуінің өкілі христиан азшылықтарына қысым көрсету мәселесіне ерекше назар аударды.

 – Біздің шіркеуді алаңдататын тағы бір мәселеге тоқталып өткім келеді. Оны шіркеу бірқатар халықаралық алаңда көтеріп жүр. Бұл – Орталық Аф­рика елдеріндегі жағдай. Нигерия, Судан, Конго Демократиялық Респуб­ли­касындағы халықтың жағдайы. Дискри­минацияға қарсы Орыс православие шіркеуі Нигерияда православ шіркеуіне қатысты геноцид ұйымдастырылып жатқанын қашаннан айтып жүр. Ол жақта күніне 10-ға жуық адам өледі. Шір­кеу қызметкерлерімен қатар, бейбіт адам­дар да мерт болғанын естиміз. Нигерия үкіметі бұл мәсе­леге қатысты ешқандай шара қол­данбайды. Христиан діні өкілдерін қорғап, терроршылармен күрес жүргізбейді. Кей жағдайда тіпті аз­шылық өкілдерін қудалап жатады. Мысалы, жақында елдегі бірнеше шииттің сотталғаны хабарланды.

Осы мәселені халықаралық ұйым­дардың қысымы ғана реттей алады деп ой­лаймыз. Бұл – біздің назарымызда, мәселені шешу үшін жұмыс әлі де жалғасады. Сонымен қатар Орыс православие шіркеуі Нұрсұлтан Назарбаевтың дінаралық қарым-қатынастағы елеулі еңбегін жоға­ры бағалайтынын айта келе, оған алғысымызды жеткізгім келеді, деді ол.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлыпандемияның мұсылман әлемін одан сайын біріктіре түскенін айта келе,  діннің маңызына тоқталды.

– Кез келген дәстүрлі дін халықты адамгершілік пен ізгілікке үндейді. Дін – адамдық қасиетті қалыптастыратын теңдессіз тәр­бие мектебі. Демек, біз діннің  қуат­ты күшін адамдар арасындағы достық, өзара сыйластық пен құр­метті арттыруға бағыттауымыз керек. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің бастамашысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана. Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ», деген сөзінде үлкен мағына жатыр.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және кон­фессияаралық қатынастың қанша­лықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажет. Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз», деп атап айтты. Расында, біз бейбітсүйгіш ха­лық­пыз және әлем халқын бейбіт өмір сүруге үндейміз. Елі­міз­де тұ­рақты түрде өтіп келе жат­қан Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­­бас­шыларының съезі осыған дәлел, деді Бас мүфти.

Отырыс барысында сөз ал­ған «Чогие» корей буддистік ұйы­мының Орталық Азиядағы өкіл­дігінің және Жаынса ғиба­дат­ха­насының директоры Ян Ки Хун пан­демия салдарын еңсеру мен Ауған­­стандағы жағдайдың өзекті­лігіне тоқталып, күрделі кезде діни қыз­меттің қалай жүргенін атап өтті.

– Біз үшін пандемияның салдарын бірлесе еңсеру мен Ауғанстанда бей­бітшіліктің орнауы аса маңызды. Елдегі жағдайдың тұрақталуына атсалысқымыз келеді. Пандемияға байланысты өңірлік қана емес, халықаралық ұйымдар деңгейінде атқарылып жатқан белсенді жұмыс жайын талқылап, пікір білдіру үшін жиналып отырмыз. Өкінішке қарай, әлемді жайлаған пандемия кезінде діни қызметтерімізді толық атқара алмадық, діни оқытуларды өткізе алған жоқпыз. Соған қарамастан, біз діни қоғамдастық аясындағы қызметімізді белсенді атқа­руға тырысып жатырмыз, үкіметтің жүр­гізіп жатқан саясатына да белсенді араласудамыз. Өздеріңіз байқағандай, былтырғы күрделі жағдайға байланысты Рамазан айын да атап өтуге мүмкіндік болмады. Дін көшбасшылары жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін түсініп, халыққа барынша жеткізе білді. Алдағы уақытта адамдар осы секілді ауқымды жиындарда емін-еркін бас қосады деген сенімдемін. Ізбасарларымызды да осы секілді дін саласындағы ірі отырыстардан қол үзбей, заманауи технологияларды қолдана отырып, қызметін жүргізуге ынталандырып отырдық. Діни қызметтерді онлайн жүргізу арқылы жаңа технологияны меңгерудің маңызын аңғардық, – деді Ян Ки Хун. Ол Ауғанстанның қазіргі билігі будда мәдениетіне де оң көзқарас танытатынына үміт білдірді. Ол сондай-ақ көршілес елдердің де бір-бірінің мәдениеті, дәстүрі мен діни сеніміне сыйластықпен қарауы аса маңызды екенін еске сала отырып,  съезді ұйымдастыру кезінде корей әріптестеріне толық сенім артуға болатынын ескертті. 

Египеттен келген әл-Хазар Ислам зерттеулер акаде­мия­сының бас хатшысы Назир Мухаммед әл-Назир Аядотырыс­тың дүниежүзі жаһандық гумани­тар­лық дағдарыс пен қанды қақты­ғыс­тарды бастап кешіріп жатқан кезде өтіп жатқаны өзекті екенін алға тартты.

– Бұл отырыс адамзат игілігі үшін түрлі әлемдік және дәстүрлі дін көш­бас­шыларының басын қосып, ынтымақтастық орнату, ортақ армандарымызға қол жет­кізу, кедейлікпен, ауру-сырқаумен күрес жолында аса маңызды рөл атқарады. Бүгінгі кездесу діндер көшбасшыларының ғаламдық мәселелерді шешудегі негізгі рөлін тағы да анықтай түскендей. Өйткені адамзаттың рухани құндылығы мен сенімін нығайту – басты міндетіміз, – деді Ислам зерттеулер академиясының бас хатшысы. 

Антидон архиепископы, Иеру­салим Аутоцефалиялық шіркеуінің Патриарх өкілі (Израиль) Хен­дер­сон Майкл НЕКТАРИОС съездің жаһандық мәселелерді көтеріп, ортақ шешімге келудегі маңызына тоқталды.

– Әлемде бейбітшілік, әді­леттілік, татулық орнату мәселесіне үкімет өкілде­рімен қатар, дін әлемінің көшбасшылары да араласуы керек. Съезге қатысушылар дін адамзат тәжірибесінің негізі екенін жақсы түсінеді. Дін қоғамдағы маңызды күш болып қала береді. Түрлі мәдениет пен ұлт өкілдерінің өзара араласып, бірге дамуына мүмкіндік беретін ең тиімді жол – диалогты орнатуға бағытталған Съезд жұмысы аса маңызды, – деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ Израильдің Бас
Аш­кенази раввинатының өкілі, Лон­дондағы еврей қауым­дастығының басшысы Жоель Адлер
тарихтағы қаралы оқиға­лардың бірі – Холокост құр­бандарын құшақ жая қарсы алып, қамқорлық танытқан Қазақ еліне алғыс айтып, ілтипатын білдірді.

«Баланы бір ауыл тәрбиелеп шықса, жаңа әлемді қалыптастыру үшін одан да үлкен біріккен күш қажет» деген Англикан шіркеуінің өкілі, Доркинг қаласының епископы Джо Бейли УЭЛЛС Қазақстанның әлемдік диалог орнатудағы жетістіктерін атап өтті.

– Әлемдегі өзара диалогтың
орнауына тікелей әсер ететін оқиғалар мен жағдайлар көп. Қазақстан астанасындағы бұл кездесуге келер болсақ, дәл осы ұста­ным Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев негізін салған елдің саяси бағыты, қазақ ұлтының қанына сіңген қасиет екені таңғалдырады. Көп этнос­тылығына қарамастан, Қазақстанның бейбітшілікті ту етіп, Батыс пен Шығысқа құлақ асып, ежелгі әрі замануи ерек­шелікке ие кездесу ор­нын ұсынуы елдегі ерекше үйле­сімділікті көр­сетеді, – деді Ұлыбри­таниядан келген қонақ.

Хатшылық отырысының қоры­тын­дысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтетін орын мен уақыт белгілі болды. Атап айтқанда, Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының VII съезі 2022 жылғы 14-15 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Аталған форумда пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі кеңінен талқыланбақ.

Отырыс соңында Мәулен Әшімбаев бүгінгі кездесу түрлі мәдениеттер мен дін өкілдері­нің ынтымақтастықта және бей­біт­шілікте өмір сүруге деген ортақ ұмтылысын кезекті рет паш еткенін атап өтті. Сондай-ақ Хат­шылық басшысы Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшылары съезі­нің дәстүрге айналған осы ұмты­лысы форумның әрі қарай да та­бысты жұмыс істеуіне негіз бола­тынына сенім білдірді.

Меруерт БҮРКІТБАЙ

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ