Үкімет басшысы стратегиялық жоспарлау мен бюджеттік бағдарламаларға қатысты қаржыны тиімді жұмсау қажеттігін ескертті
Кешегі өткен Үкімет отырысын ашқан бетте Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма берді.
Премьер-Министр Мексика түбегінде “Бритиш Петролеум” компаниясының қалқымалы қондырғысының апатқа ұшырауына байланысты үлкен қайғылы оқиғаның орын алғандығын, мұның өзі Америка Құрама Штаттары секілді ірі елге зардаптарын тигізгендігін, ал ол осы компанияның жұмысына қатысты көп сұрақтар туындататындығын айта келе Мұнай және газ, Қоршаған ортаны қорғау министрлері Сауат Мыңбаев пен Нұрғали Әшімовке жедел жұмыс тобын құрып, Каспийдегі мұнай өндіру жайына тексеру жүргізуді тапсырды. “Осы комиссияны құруға байланысты ұсынысты бүгін кешке дейін әзірлеп, маған баяндаңдар” деді.
Сонымен қатар Премьер-Министр өзінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке азық-түлік бағаларының өсуіне жол бермеу мәселелерімен айналысатын жұмыс тобын жедел құруды тапсырды. “Өкінішке орай, жекелеген өнімдер бағаларының өсуге қарай бет алғандығы байқалып отыр. Сондықтан Экономикалық даму және сауда, Ауыл шаруашылығы министрлігін тарта отырып, осы мәселені тез арада талқылаңыздар. Келесі сейсенбіде осы мәселеге арнап бірлескен отырыс өткізетін боламыз” деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің тапсырмалары Бәсекелестікті қорғау агенттігінің басшысы Мәжит Есенбаевқа да қатысты болды. Халық жедел сезінетін азық-түлік, жанар-жағармай бағалары бақылауда ұсталуы қажеттігі баса айтылды.
Мұнан кейін Үкімет отырысында қаралған стратегиялық жоспарлау, бюджеттік бағдарламаларды орындау мәселесіне қатысты Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы Ғабидолла Әбдірахмановтың, Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанованың баяндамалары тыңдалды. Ғабидолла Әбдірахманов өз сөзінде мемлекеттік орталық және жергілікті органдардың стратегиялық жоспарлар мен бюджеттік бағдарламаларды орындау барысында кейбір қайшылықтарға жол бергендігін, бұл мәселелерде ортақ бір түсініктің қалыптаспай келе жатқандағын атап көрсетсе, Жанар Айтжанова стратегиялық жоспарлау қағидаттарын енгізу мемлекеттік органдардың жұмысында нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретіндігіне тоқталды. Аталған мәселеде белгілі бір нәтижелерге жету үшін, біріншіден, стратегиялық, экономикалық және бюджетті жоспарлаудың өзара байланысын қамтамасыз ету, екіншіден, мемлекеттік органдардың қызметін стратегиялық мақсаттарға қарай бағыттау, үшіншіден, мемлекеттік органдар қызметіне тиісті бағалау өлшемдерін енгізу қажет.
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов аталған мәселені қорытындылай келе бірқатар тапсырмалар берді. Премьер-Министр бюджеттік үдерістің тұрақтылығы бірінші орында тұру керектігін баса айтты. “Біз қазір дағдарыстан шығып келеміз, Мемлекет басшысы белгілеп берген бағытқа сәйкес ілгері жылжу үстіндеміз, мұндай кезде бюджеттік үдерістің тұрақтылығының маңызы өте зор” дей келе еліміздің қазынасының кірісі қаншалықты болса, шығыны да соншалықты болуы қажеттігін ескертті. Бұған әрбір министрлік пен ведомство өздеріне тапсырылған қызметті дұрыс ұйымдастыра алғанда ғана қол жеткізе алатындығын айтты.
Премьер-Министр күн тәртібіне қойылып отырған мәселеге қатысты басқа да бірқатар тапсырмалар берді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.