Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісім 2020 жылғы 18 желтоқсанда жасалды.
«Келісімнің мақсаты – гуманитарлық минасыздандыру міндетін орындау үшін бірлескен бөлімшені құру, қолдану, оның мәртебесін айқындау. Бірлескен бөлімшенің негізгі міндеттері – мина алаңын, нысандарды минаның жарылу қаупі бар заттардың болуына техникалық барлау, сондай-ақ оларды минасыздандыру, жауынгерлік іс-қимыл болған ауданды минадан әрі жарылу қаупі бар заттан тазарту», деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов.
Оның айтуынша, гуманитарлық минасыздандыру операцияларына қатысу үшін ұлттық инженерлік бөлімшені жіберу туралы шешімді жіберуші тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдайды.
Келісімде Бірлескен бөлімшені ТМД-ға қатысушы мемлекет болып саналмайтын ел аумағында гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындауға тарту мүмкіндігі көзделген. Қазақстан Республикасы мұндай бағыт БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес ғана мүмкін болады деп есептейді.