Экономика • 07 Қазан, 2021

Испанияға экспорт ұлғайды

359 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мадридте ҚР Cауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев пен Испанияның сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы Шиана Маргарида Мендес Бертолоның тең төрағалығымен Экономика және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-испан үкіметаралық аралас комиссиясының 9-шы отырысы өтті, деп жазады Egemen.kz.

Испанияға экспорт ұлғайды

Сауда, өнеркәсіп, көлік, денсаулық сақтау, экология саласындағы ынтымақтастықты дамытудың жай-күйі мен перспективалары талқыланды, сондай-ақ екі елдің тауар мен қызмет нарығына қолжетімділікті жақсарту мүмкіндігі қаралды.

Вице-министр Қ.Төребаев және Мемлекеттік хатшы Ш. Мендес Қазақстан-Испания үкіметаралық комиссиясының маңызды рөлін атап өтіп, елдер арасындағы екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі тереңдету және әртараптандыру туралы айтты.

Осыған байланысты, Комиссияның тең төрағалары сауда айналымының көлемін арттыру бойынша нақты бастамалармен алмасты. Осылайша, Қайрат Төребаев испандық әріптестеріне 75 тауар позициясын жеткізу мәселесін бірлесіп пысықтауды ұсынды. Олар бойынша қазақстандық кәсіпорындар шикізаттық емес экспортты $ 620 млн жеткізе алады.

Қазақстандық бөліктің тең төрағасы Қайрат Төребаев қазақстандық экспортты ілгерілету бөлігінде ынтымақтастықты жолға қою үшін «MAXAM», «CESCE», ICEX және AJUSA мемлекеттік компанияларының басшыларымен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізді.

Үкіметаралық комиссия шеңберінде Айдар Әріпханов («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма Төрағасы) пен «МАХАМ» компаниясының президенті Хосе Мануель Варгастың тең төрағалығымен «Қазақстан-Испания» Іскерлік кеңесі өткізілді.

Іскерлік кеңеске екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға мүдделі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, инфрақұрылым, инжиниринг, Ақпараттық технологиялар саласындағы қазақстандық және испандық компаниялардың 80-нен астам өкілі қатысты. Іскерлік кеңестің ашылуында Үкіметаралық комиссияның тең төрағалары сөз сөйледі, олар бизнестің екі ел нарығындағы қызметін жандандыруға шақырды.

Іскерлік кеңестің қорытындысы бойынша Қазақстан Даму Банкі (ҚДБ) мен CESCE, ҚДБ және COFIDES, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ және COFIDES арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

«2021 жылғы 8 айда  елдер арасындағы өзара сауда 68% - ға өсіп, $1.2 млрд құрады, бұл ретте Қазақстаннан Испанияға экспорт 83,8% - ға ($1,1 млрд.) ұлғайды», деп жазады Сауда және интеграция министрлігі.