Өнер • 07 Қазан, 2021

Абылай ханның арманы

1750 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Абылай» драмасы сахналанды. Тарихи қойылым арқылы аталған өнер ошағы сексен алтыншы маусымын ашты. Бұл шығарма жазушының талай жылғы ізденісінің жемісі, зерттеуінің нәтижесі деуге болады. Автор бұған дейін де Төле би, Бауыржан Момышұлы және тағы да басқа тарихи тұлғалар туралы туындылар жазған.

Абылай ханның арманы

Тарихи қойылым Абылай ханның қалмақ қоңтайшысы Қалдан Сереннің тұтқынында болған кезінен басталады. Қалмақ ханы Абылайды бір апта бойы аштық пен шөл арқылы сынайды. Сонда да қайсар мінезді Абылай бұл қиындыққа төтеп береді. Автор Абы­лай хан арқылы сол кезеңдегі қа­зақ халқының басындағы ауыр халді көр­сетсе, екінші жағынан ұлттың сер­­тіне берік тектілігін әйгілейді. Бір жұмадан кейін кездескен Абылай хан мен Қалдан Сереннің арасындағы диалог та ерекше өрбиді. Қалмақтың бас ордасына басын имей, кеудесін тік ұстаған күйі кірген Абылай тұтқында отырса да өліспей беріспейтінін айтады. «Мен отыратын орнымды көрмей тұрмын», деп асқақ сөйлейді. Қойылымды қарап отырсақ, қалмақ ханының біртіндеп төменшіктей бергенін көреміз. Азуы алты қарыс Абылай қалмақ ордасында да тұтас ұлттың образын көрсетеді. Абылай ханның бейнесін сомдаған Мәмбет Қожалиев те, Қалдан Сереннің рөлінде ойнаған Жандар Қырықбаев та тарихи тұлғалардың мінез-құлқын, болмыс-бітімін өзіндік ізденістерімен сәтті алып шыққан. Ал өзіне иығын тосқан Момынды Абылай қолтығынан демеп тұрғызып жіберіп, қалмақ ханымен теңдей сөйлеседі. Оған жауының су орнына деп берген тоң майын да іш­кізбей, қолын қағып жібереді. Жа­уы­ның іргесіне ат байламайтын, ауылы­нан ас ішпейтін қазақтың өзіндік ұс­та­нымын, бүкіл болмысын осы әре­кеттерімен-ақ көрсетеді.

Жалпы, «Абылай» драмасы – тарихи оқиғаларға негізделіп жазылған туынды. Автор бұл жерде қазақ пен қалмақ арасындағы қайшылықты дәуірді екі ханның бейнесі арқылы көрсетеді. Сондай-ақ ежелден келе жатқан ақ пен қараның айқасы да бар. Ерлік, қайсарлық сияқты қасиеттерді ашуымен қоса, жағымпаздық, жылпостық, сат­қындық сияқты әрекеттерді де сы­найды. Мәселен, Қалдан Сереннің шабарманы Әмірсана Абылайға ба­сынғысы келген рай танытып сөйлейді. Әмірсананың әрекетінен ұлыққа жа­ғыну сияқты ке­леңсіз мінезді байқауға болады. Ал қалмақ ханының тағы бір шабар­маны Жалбының бар ойы Топыш ханымда. Қоңтайшы одан қалауы туралы сұрағанда, Жалбы сол сұлу Топышты айтады ғой. Мұнда да әлгі шабарманның хан сарайында елдің мүддесі үшін емес, жеке басының пайдасы үшін ғана жүргенін көруге болады. Әрі бұл оның сахнадағы әрбір әрекетінен білінеді. Бірақ Топыш сияқты сұлуға қол жеткізу оңай емес екен. Жалбыға Қалдан Серен ол үшін Абылайды өлтіру керек екенін айтады. Қалмақ ханы бауыры Шарышты өлтіргені үшін Абылайдан кек алуды ойлайды. Алайда жігерсіз, жасық, қыздың сұлулығына сұқтанғаннан басқа қолынан келетіні жоқ Жалбы айбарлы Абылайды, әрине, өлтіре алмайды. Қылышын қынынан суырғанымен, ол әрекетінен түк шықпайды. Ал Қалдан Серенге асығыс шешім қабылдамауын ескерткен, Абылайдың тегін емес, тек­ті адам екенін айтқан Қарабас ха­ным­ның бейнесі де ақылдылықтың бел­гісіндей көрініс береді.

Негізінен «Абылай» драмасы шы­тырманға толы. Ендігі бір сәтінде Абы­лай ханның мырзақамаққа шығып, Қалдан Серенмен жеке сұхбаттасуы сахнаға шығады. Қалмақ тағы да Абы­лайдан Шарышты неге өлтіргенін сұрап зілденеді. Сонда Абылай: «Әкем Уәлиді, анамды, бауырларымды неге өлтірдіңдер?», деп оған қарсы сұрақ қойып, қалмақты жуасытады. Бұдан кейін қалмақ ханы бірден айбарынан қайтып, Абылай ханның ығына жы­ғыла береді. Содан екеуінің әңгімесі сол кездегі саяси ахуал төңірегінде өр­биді. Әңгіме барысынан Абылай хан­ның сол уақыттағы әлемдік саясаттан хабардар болғанын аңғаруға болады. Ол орыс пен қытай сияқты алып ел­дерсіз тұрақтылық пен тыныштыққа жол ашылмайтынын айтады. Бұл әңгі­менің де соңғы нүктесін Абылай қояды. Бітім. Ақыры жеңілген Қалдан Серен өз ордасында қарындасы Топыш сұлуды Абылайға бергісі келетінін жеткізеді. Сөйтіп, Абылайдың Топыш ханыммен кездесуі бейнеленеді. Бұдан әрі оқиға шиеленісіп, күрделеніп, ақы­ры Абылайдың қалмақтарды тас-тал­қан етіп жеңуімен шегіне жетеді. Әмірсананың аянышты халі, Абы­лайдың аяғына бас ұрып келуі сияқты көріністерде де Абылайдың даналығы, тек­тілігі көрінеді. Қойылымның тағы бір күрделі тұсы – Абылай хан­ның Ресей мен Қытай елшілерін қатар қа­былдауы. Олар Абылайдан Әмір­сана­ны өз тұтқындығына беруін сұра­ғанымен, олардың бұл тілегі орын­дал­майды. Бұл жерде де Абылай хан­ның ел басқару ісіндегі саяси қай­раткерлігін көруге болады. Күрделі кез­десулер, батыл шешімдер, қиын-қыс­тау кезең аталған қойылымда мұ­ның бәрі көрінеді.

Қазақ әдебиетінің тарихында Абы­лай хан туралы көптеген шығарма жазылды. Ал Елен Әлімжанның «Абы­лай» драмасы алдыңғы деректерді қай­таламаған. Шығармада автор соғыс жағдайынан гөрі, Абылай ханның болмысын ашуды мақсат еткен. Кей­бір шығармаларда Топыш сұлу сатқын ретінде көрінсе, бұл драмада ол ақылды әйел ретінде бейнеленеді. Сондай-ақ режиссер Фархадбек Қа­нафин де тосын шешімдері және із­деністерімен қойылымның маңызын арттыра түскен. Бұқар жырау жырлары мен Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанынан үзінділер қойылып, шы­ғарма шырайын ашқан деуге болады. Қойылымның қоюшы-суретшісі Қазым Аманқосов, балетмейстер Ба­қыт­жан Айманов, музыкамен көр­кем­деген Мөлдір Барақбаева екенін де айта кеткен жөн. Ал Нұрсұлтан Ма­­ханов (Момын), Медеу Ердалиев (Әмір­сана), Абзал Дәулетбақов (Жал­бы), Әсем Қондыбаева (Топыш), Ризат Қылышбаева (Қарабас ханым), Қым­бат Нұрсейітова (Құралай), Қасым Ке­лесбек (орыс елшісі) және Жандос Ілиябеков (қытай елшісі) сынды театр әртістері де тарихи бейнелерді сәтті сомдап шықты. Тәуелсіздіктің мерейтойына арналған бұл қойылымды Абылай ханның азаттық туралы арманын көрсеткен, Абылай бейнесі ар­қылы тектілік пен даналықты дә­ріптеген шығарма деуге толық негіз бар.