Білім • 08 Қазан, 2021

Мектеп оқушысы есту қабілеті нашар адамдарға арналған қосымша жасады

422 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордадағы Халықаралық мектебінің 11 сынып оқушысы Хақназар Әбілда есту қабілеті нашар адамдарға арналған дыбысты мәтіндеу функциясы бар мобильді қосымшаны жасап шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мектеп оқушысы есту қабілеті нашар адамдарға арналған қосымша жасады

Python бағдарламалау тіліндегі қосымша суреттегі\фотодағы жазуды және дауысты мәтінге айналдырады. Оқушының айтуынша, виртуалды ассистент және мәтінді тануға арналған сканер құлағы кеміс адамдардың өмірін жеңілдетіп қана қоймай, смартфон қолданушыларының күнделікті өмірінде де септігін тигізеді.

«Менің ойымша, ұсынылған жоба қоғам үшін пайдалы болмақ: мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де, қарапайым пайдаланушыларға да. Олар мәтінді қолмен теріп отырмай, оны жай ғана дыбыстаса болғаны. Сондай-ақ мобильді қосымшада мәтінді сол уақытта аудару функциясы қарастырылған. Виртуалды ассистент барлығы 20 шақты функцияны орындайды», дейді жоба авторы.

Оқушының жұмысы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған NIS оқушылар арасындағы «Туған елге тағзым» желілік байқауында жоғары бағаланғанын айта кету қажет. Ол 21 мектептен келген 46 үздік жұмыстың ішінде топ жарды.

«Байқау тек жақсы әсер қалдырды: өзімнің жеке жобамды таныстырып қана қоймай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін көруге мүмкіндік алдым», деп бөліседі жеңімпаз.

Жас новатордың айтуынша, болашақта ол қосымшаны Play Market және App Store платформаларында іске қосуды және зағип адамдарға арналған функцияларды қосуды жоспарлап отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде адамдардың 5%-нан астамы есту қабілетінен зардап шегеді. Ал, елімізде олардың саны 150 мыңға жуық.