Оқиға • 08 Қазан, 2021

КСРО паспортымен жүрген зейнеткерге Қазақстан құжаты берілді

200 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінгі күнге дейін 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортымен өмір сүріп келген Лариса Чернышева алғаш рет Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алды, деп хабарлайды Egemen.kz ІІМ-ге сілтеме жасап.

КСРО паспортымен жүрген зейнеткерге Қазақстан құжаты берілді

Қарт әйелге көптен күткен құжаттарын алуға Ақтөбе облысының полицейлері көмектесті. Оны Мұғалжар ауданының полиция бөліміне шақырып, салтанатты түрде жеке куәлігі мен гүл шоқтарын табыстады.

Одан өзге зейнеткерге арнайы дайындалған азық-түлік себеті ұсынылды. Лариса Чернышеваның айтуынша, бұған дейін ол ХҚКО-ға және анықтама бөліміне жүгінген, онда әйелді құқықтық мәртебесін анықтау үшін аумақтық көші-қон қызметі бөлімшесіне жіберген.

– Менде туу туралы куәлік те, ел аумағында тұратындығымды растайтын құжат та болған жоқ. Көші-қон қызметінің қызметкерлері тиісті органдарға өздері сұрау жіберіп, қажетті ақпарат алды, Қазақстан Республикасының азаматтығына жататындығымды анықтай алды. Менің мәселемді қысқа мерзімде шешіп бергендеріңіз үшін рақмет. Мен Ақтөбе облысы полиция департаментінің басшылығына және ІІМ министріне ризашылығымды білдіремін, – деп атап өтті зейнеткер.

Енді қарт әйел барлық мемлекеттік қызметтерді басқа қазақстандықтармен бірдей пайдалана алады. Жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азаматтардың денсаулық сақтау, білім беру саласындағы қызметтерді алуда, қажетті жәрдемақылар мен зейнетақыларды ресімдеуде мүмкіндіктері шектеліп, ресми түрде жұмысқа орналаса алмайтындығын атап өткен жөн.

Осыған байланысты полиция құжаттары жоқ азаматтарға Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның жеке куәлігін ресімдеу үшін тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгінуді ұсынады.