Футбол • 10 Қазан, 2021

Қазақстан құрамасының ойыны қарын ашыра бастады

246 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2022 жылы Қатар астанасы Дохада өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында елордада Босния және Гер­цеговина футболшыларын қабылдады. «Астана Аренаға» жиналған 12 мыңнан аса жанкүйердің қолдауымен өткен ойында жерлестеріміз 0:2 есебімен жеңіліп қалды.

Қазақстан құрамасының ойыны қарын ашыра бастады

Осыдан бір ай бұрын Бос­нияның Зеница қаласындағы екі құраманың алғашқы ойы­нында Талғат Байсуфиновтің шәкірттері жақсы матч өт­кі­зіп, азулы қарсыласпен сырт алаңда 2:2 есебімен тең түс­кен еді. Сондықтан өз ала­­­ңымызда өтетін ойын­ның жа­уапкершілігі мен ма­ңыз­дылығы футболшылар үшін де, жанкүйерлер үшін де өте жо­ғары болатын. Өйткені өзі­мізге және өзгелерге Қазақ­стан құрамасының көрсетіп жүр­ген бұған дейінгі тәуір нәти­желері (Украинамен – екі рет, Босния және Гер­це­го­винамен бір рет тең ойын) кездейсоқ емес екендігін дә­лелдеуге жақсы мүмкіндік еді. Өкінішке қарай, нәтиже жан­күйерлер күткендей болмады. Сырт алаңда терезесі тең түскен құрамадан қалайша өз еліңде, өз жанкүйерлеріңнің қолдауымен өткен ойында же­ңіліп қалуға болады?

Оның үстіне қарсыластар Қазақстанға өздері қалағандай оңтайлы құраммен келе алмады. Миралем Пьянич және тағы төрт футболшы жарақатына байланысты кешегі ойынға қатыса алмаса, тағы алты ойын­шы виза мәселесі бойынша ұлттық құрамасына көмектесе алмады. Осылайша, Босния құрамасы 11 футболшысын елге қалдырып кетуге мәжбүр болса да, сырт алаңда еш қиын­дықсыз жеңіске жетті. Міне, бұл – өткеннен сабақ алып, қателікпен жұмыс істеу­дің жарқын нәтижесі!

«Астана Аренада» өткен ойынды жерлестеріміз өте бел­сенді бастады. Төрешінің ыс­қырығы естілген сәттен бастап Бақтиер Зайнутдинов бас­таған жігіттер алға қарай ұм­тылды. Екі қаптал арқы­лы кезек-кезек шабуыл ұйым­дастырып, қарсылас құрама­ның қорғаушыларын сақ ой­нау­ға мәжбүрледі. Дегенмен жа­санды алаңға бой үйреткен бос­ниялықтар 10-минуттан ба­сымдықты өз қолдарына ала бастады. Нәтижесінде, матчтың 25-минутында Мирослав Сте­вановичтің оң қапталдан асыр­ған пасын Смаил Превляк бас­пен қақпаға дәл бағыттап, есеп ашты. Бұл сәтте Юрий Лог­виненко шабуылшыны қорғап тұр­ғанымен, Превляктің алдында дәрменсіздік танытты. Осы арада қақпашымыздың да қателік жібергенін айта кету керек. Бірінші тайм 1:0 есебімен қонақтардың басымдығымен аяқталды.

Қазақстан құрамасының футболшылары екінші таймды да өте ширақ бастады. Жер­лестеріміз бірінші таймда­ғы­дай екі қаптал арқылы шабуыл ұйымдастырып, қақпа кілтін табуға тырысқан еді. Бірақ босниялық тәжірибелі қорғау­шылар гол соғуға мүмкін­дік бер­меді. Ал кездесудің 66-ми­­нутында Смаил Прев­ляк қақпашымен бетпе-бет қа­лып, дубльдің авторы атанды – 2:0. Матчтың соң­ғы ми­нуттарындағы стандарт жағ­дайында Бақтиер Зайнут­динов жұ­баныш голын соғып, есеп айырмасын қысқартқан еді. Алайда Италиядан келген бас төреші қақпашыға қарсы ойын тәртібі бұзылды деп, бұл голды есепке алмады.

Матчтан кейін Қазақстан құ­рамасының бас бапкері Тал­ғат Байсуфинов ойын туралы өз пікірін білдірді. «Негізі ойын­ды жақсы бастадық. Бірақ екі қателік жіберіп, қақпамызға екі гол өткізіп алдық. Үзіліс ке­­зінде футболшылардан «Не­ге қорқасыңдар?» деп сұра­дым. Бірақ бұл туралы кейіні­рек сөйлесейік. Қазірше біз бірінші нөмірмен ойнауға да­йы­н емеспіз. Бұл функционалды жаттығуларға байланысты емес. Менің ойымша, бұл пси­хология мен менталитетке тікелей қатысты. Біздің басымызда қарсылас бірінші нөмірмен ойнауға мүмкіндік бермейді деген ой қалыптасып қалған. Жігіттермен сөйлесіп, осы жағдайды талқылау керек», деді Талғат Байсуфинов.

Енді Қазақстан ұлттық құ­рамасы келесі ойынын ер­тең тағы «Астана Аренада» Фин­ляндия құрамасымен өткізеді.