Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары Үкімет білім саласына баса назар аударып, жаңаша заңдар қабылдап, түрлі бағдарлама құрады. Лицей, гимназиялардың ашылуы, авторлық мектептердің пайда болуы осы кезеңмен байланысты. Міне, осы кезде мұғалімдердің білім жетілдіру институттары мұғалім біліктілігін арттыру және қайта даярлау болып өзгерді. 2004 жылы Үкімет «Білім беруді дамытудың 2015 жылға дейінгі Концепциясын» қабылдады. Бұл Концепция білім саласы қызметкерлерінің міндетті, үздіксіз білім жетілдіруі қажеттілігімен ерекшеленеді. Осыған байланысты білім жетілдіруді реформалау қажеттілігі туындады. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі республикадағы барлық институттарды біріктіріп, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы орталығын құрды. «Өрлеу» орталығы құрылған күннен бастап әр филиал әдістемелік тақырып таңдап, белгілі бір бағытта жұмыстандық. Біздің тақырыбымыз «SMART Education үдерісін енгізу жағдайында педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың педагогикалық және технологиялық негіздері» болды.
Біздің жағдайымызда оқыту процесіне смарт технологияларды енгізу дегеніміз – смарт құрылғылардың көмегімен оқыту. Ісіміз нәтижелі болуы үшін біз қарапайым әрекеттерді таңдадық:
- әр педагог смарт құрылғылардың, әсіресе, жеке смартфондарының функционалдарын жүйелі түрде меңгеру;
- әр педагог Бұлт – Облако – Сloud мүмкіндіктерін үйрену;
- мекеме басшысы мекеме қызметін автоматтандыратын сайт жұмысын жолға қою.
Бұл әрекеттерді орындау бізді нақты нәтижеге жеткізді. 2013 жылдан бастап жүйелі түрде республикалық, халықаралық конференциялар өткізіп келеміз және оған қатысушылар саны жылдан-жылға көбеюде. Дәстүрлі конференциямызға Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Финляндия, Аустралия, Түркия, Ресей, Украина ғалымдары да үн қосуда. Бұл тәжірибе алмасу бағытында таптырмас құралға айналды. Институт сайты іс жүзінде институт қызметін автоматтандырған қуатты құралға айналды. Педагогтер пайдалы ақпараттармен танысады, өзіне қажеттісін түрлі нұсқада алады, кез келген шараға қатысты өз пікірін білдіре алады. Zero.kz тәуелсіз рейтенгілеу жүйесінде 8039 қазақстандық сайттың арасында 100-150, білім беру мен ғылым категориясы бойынша 457 қазақстандық сайттардың арасында алғашқы 20 орыннан көрінуі zkoipk.kz сайтының мазмұндылығын білдірді.
Облыста «Өрлеумен» бірге іске қосылған «Сабақтың үздік контенті» және «Ауылдық мектептің цифрлы бейнесі» байқаулары көптеген педагогикалық міндетті жаңаша шешумен қатар, болашақ ұрпаққа пайдалы бейнеөнімдерді дүниеге әкелді.
Сонымен қатар курстардың сапасын арттыруға, курсаралық шараларды мұғалімнің кәсіби шеберлігін шыңдауға бағыттадық. Бұл жылдары біліктілікті арттырудың жаңа бағдарламалары пайда болды. «Тиімді оқыту», «Қазақстан Республикасында білім беру мазмұнын жаңарту аясындағы біліктілікті арттыру курстары», «Сабақтағы жалпыадамзаттық құндылықтар», онлайн курстар. Курстардың мазмұны жаңарды, формалары өзгерді. Face-to-face, оn-line ұғымдары пайда болды. Мұғалімдердің цифрлы құзыреттіліктерін дамытуға алғаш қадам жасалды. Орталықтың материалдық-техникалық базасы нығайды. Осы орайда «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқармасының төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі Г.К.Ахметованың еңбегін айтпай кетуге болмайды. Басқарманың ұйымдастыруымен институт қызметкерлері АҚШ, Корея, Сингапур, Франция, Ұлыбритания, Аустралия, Ресей, Аустрия елдерінде тәжірибелік тағылымдамадан өтті. Жаңа үлгідегі курстық бағдарламаларды мектеп мұғалімдеріне меңгертуде бұл тәжірибе тиімді әсерін тигізді. Курсты бағалауда Батыс Қазақстан облысының мұғалімдері әрқашан жоғары көрсеткіш көрсетті.
Дүниежүзілік пандемия біліктілік арттыруға да әсерін тигізді. Әйтсе де, орталық тренерлері мұғалімдерге қолдау көрсету мақсатында қашықтық жағдайында курстар жүргізуді бастады. Қашықтық жағдайындағы курстарда тыңдаушылар әртүрлі платформаларда жұмыс жасауды, қашықтан тиімді кері байланыс орнату жолдары мен тәсілдерін, онлайн оқыту процесіндегі әртүрлі ресурстарды ұтымды пайдалануды үйреніп, цифрлы ортада кәсіби дағдысын қалыптастырды.
Филиал 2016 жылдан бері қашықтық курстары жобасын құрып, ол курстарда мұғалімдер өздерінің цифрлы ортада жұмыс істеу дағдысын қалыптастырып, біліктілігін шыңдады. Осы бағытта пандемияға дейін де институтта жүйелі жұмыс бар еді. Мұғалімдерге компьютерлік технология негізінде интернет, қашықтан оқыту, электронды оқыту арқылы әлемдік білім кеңістігіне еніп, онда қажетті ақпараттық мәліметтерді, ғылым саласына байланысты озық тәжірибелерді іздеуіне мол мүмкіндік жасалғанын атап өту керек. Әсіресе, «Қашықтан оқыту технологиясы арқылы оқу процесін ұйымдастыру бойынша педагогтің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру» тақырыбындағы бағдарлама ол кезең үшін маңызды болды. 2020 жылдың маусым, шілде, тамыз айларында аймақтағы филиал тренерлері тыным таппастан 1-11 сыныптар үшін барлық пәндерге арналған 5000-ға жуық бейнесабақ әзірлеп, «Өрлеу» білім беру каналына жүктеді. Бұл процесс Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Өрлеу» БАҰО» АҚ және Білім басқармалары ұйымдастыруымен виртуалды білім беру бағытында еліміздің үздік педагогтерінің цифрлы сабақтарды әзірлеу эстафетасы аясында жалғасты.
Институт директорының орынбасары Елдос Сафуллиннің бастамасымен 2017 жылы қолға алынған «Математика оқулығы» жобасы Қазақстан Республикасындағы жалпы орта білім беру мектептерінде математика пәнін оқыту әдістемесін жетілдіруге бағытталған. Жоба аясында 1-11-сыныптар үшін математика пәнінен шығарылған оқулықтар (1902-2015 жылдар аралығы) «Математика оқулығы» кабинетінде топтастырылған. Оқулықтар бойынша жинақталған материалдар негізінде математика пәні мазмұнының баяндалуы, жаттығулардың ұтымды құрастырылуы туралы облыс педагогтерінің біліктілік арттыру курстарында ақпарат беруге мүмкіндік болып отыр. Жоба аясында жинақталған математика пәні оқулықтары планшетті сканер көмегімен цифрлік форматқа айналдырылып, «Эксклюзивті оқулықтар», «Есептер жинақтары», «Дидактикалық материалдар», «Геометрия», «Тест жинақтары» деген айдармен институт сайтында орналастырылған.
...Заманауи білім беруге заманауи мұғалім қажет. Осыны ескере отырып, бүгінгі күні «Өрлеу» педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектерін оқытуды жоспарлауда. Мақсат – жас мамандарды педагогикалық шеберлікке баулу, оқу процесін дұрыс жоспарлауға, жобалаудың маңыздылығын ұғындыру, ұйымдастыруды жүйелеуге үйрету.
Атап айтсақ, 3 кезеңнен тұратын жас мұғалімді қолдау, ағылшын тілі мұғалімдерін даярлау бағдарламасы сынды қанатқақты жобаға Армения, Әзірбайжан, Грузия, Украина, Өзбекстан және Қазақстан елдері қатысады. 1-кезең 2021 жылы қазанда басталса, 2-кезең 2022 жылы қаңтарда басталмақ. Сапаны бақылауды Британдық кеңес жүзеге асырады. Жобаның мақсаты – ағылшын тілі мұғалімдерінің өздігінен білім алу дағдыларын қалыптастыру арқылы үздіксіз кәсіби дамуын жетілдіру.
Қазіргі жағдайға байланысты мұғалімнің цифрлы құзыреттілігін қалыптастыру да үлкен мәселе. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында «Цифрлы ұстаз» жобасы туралы айтқан болатын. Осыған орай, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ және Bilim land ұжымы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде қазақ және орыс тілдерінде «Педагогтердің цифрлы құзыреттілігін дамыту» біліктілікті арттыру онлайн курстары өтуде.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша білім беру ұйымдарының педагогикалық қажеттіліктерін зерттеу мақсатында барлық аймақта сауалдама жүргізілген болатын. Осы сауалдама нәтижесінде профессорлық-оқытушылық құрамның әлеуетін арттыру басты мақсат болып отыр. Британдық кеңестер және АҚШ елшілігімен ынтымақтастық аясында «Өрлеу» тренерлерін оқыту, BILIM FOVNDATION-мен ынтымақтастықты жүзеге асыру жоспарланған. Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастық аясында 2 бағыт бойынша оқыту жүруде. Ендігі жерде мұғалімдердің қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өтетіні де бізге үлкен міндет жүктеп отыр. Жоспар көп, міндет ауқымды. Қалай алғанда да, еліміздің мұғалімдері кез келген қиындыққа төтеп бере алатын заманауи технологиямен қаруланған, бала қажетін қанағаттандыра алатын болуға тиіс. Сондай мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру – бүгінгі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басты мұраты.
София ІЗМҰХАНБЕТОВА,
«Өрлеу» Ұлттық орталығы БҚО филиалының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты