“Астана-Арена” жасыл алаңындағы ақтық финалға 12 мыңға жуық жанкүйер жиналды. Олардың алдында Сербия аяқдоп шеберлері Ресейдің “Зенит” (Санкт-Петербург) командасын 7:0 есебімен ойсырата жеңді. Енді бір ресейлік клуб “ЦСКА” (Мәскеу) қола жүлдені еншіледі. Олар үшінші орын үшін тартысы мол болған матчта еліміздің “Цесна” (Астана) командасынан матч соңындағы пенальтиде 8:7 есебімен ұтты. Ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталған болатын. Қалған жүлделерді Түркияның “Галатасарай”, Өзбекстанның “БунNдкор” (Ташкент), Әзірбайжанның “Бакы” және Қытайдың “ШҰАР-94” командасы иеленді.
Ақтық ойыннан кейін жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті. Оны Қазақстан Футбол федерациясының бас хатшысы С.Хамитжанов пен “Нұр Отан” ХДП Орталық аппараты жетекшісінің бірінші орынбасары Қ. Ақсақалов бірлесе отырып жүргізді. Мұнда олар Сербия командасының капитаны Марко Павловскиге Қазақстан Республикасы Президентінің кубогын табыс етті.
Ал ресейлік “Зенит” командасы күміс, “ЦСКА” қола жүлдені қанағат тұтты.
Турнир қорытындысында үздік қақпашы деп Данил Ковалев (“ЦСКА”), үздік қорғаушы – Огнен Попадич (“Сербия”), үздік жартылай қорғаушы– Ренат Хайруллин (“Цесна”), үздік шабуылшы– Игорь Елин (“Зенит”), ал көрермендер ықыласына деп Қытайдың “ШҰАР-94” командасының қақпашысы Ержет Ерзатұлы танылды. Мерген шабуылшы атағына 8 доп авторы атанған сербиялық Никола Нинкович ие болды.
Айта кететін жәйт, осы турнирге 1994 жылдан кейін өмірге келген дарынды балалар қатысқан еді. Бұл халықаралық жарыс келешекте де жалғаса бермек, дейді оны ұйымдастырушылар.
Жандос МЕДИМАНОВ.