Тарих • 11 Қазан, 2021

Қасым ханның қазақ тарихындағы рөлі

27547 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Ел тарихының хандық дәуірі деп аталатын XV-XVIII ғғ. аралығында өмір сүріп, ісімен де, сөзімен де артында өшпес із қалдырған тұлғалар қатарында Жәнібек хан ұлы Қасым ханның алар орны ерекше. 2021 жылы оның туғанына 575 жыл толса, ал қайтыс болғанына 500 жыл болып отыр.

Қасым ханның қазақ тарихындағы рөлі

Қасым хан туралы сөз қозғасақ, бір­ден ойымызға ешбір жазба деректерде кез­дес­пейтін, тек қана халық ауыз әдебиеті ар­қылы күні бүгінге дейін жеткен «Қасым хан­ның қасқа жолы» деген сөз тіркесі оралады. Бұл сөз тіркесі осыдан жарты мың жылдан астам уақыт бұ­рын өмір сүрген ірі тарихи тұлғаның ха­лық са­насында терең де тұрақты орын ал­ған­дығын көрсетеді.

Ортағасырлық жазба деректерде Қасым ханның жеке өмірбаянын то­лық баян­дайтын мәліметтер жоқ, тек оның сұл­тандық және хандық кезең­дер­індегі өмірінен қысқа-қысқа мәлі­меттер кездеседі. Олар­дың қатарына Әбілғазының, Қа­дыр­­ғали Жалайырдың, Бабырдың, Бинай мен Шәдидің, Махмуд бен Уәлидің, Хайдар Разидың, Гаффаридың, Абдаллах Балхидың, Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың ең­бектері жатады.

Қасым хан – ХІV ғасырдағы Ақ Орданың ханы Орыс(Арыс) ханның тікелей ұрпағы. «Орыс ханның жеті ұлының бірі – Қойыршақ. Қойыршақтан Барақ хан, Барақтан – үш ұл: Мір-Сайд, Мір-Қасым және Әбу Сайд дүниеге келеді». «Әбу Сайдты – Жәнібек хан деп атай­ды»  деп жазылады дерек мәліметінде. «Жәнібек ханнан – Иренші(Жиренше), Махмуд, Қасым, Әдік, Жаныш, Қамбар, Таныш, Өснак (Осак,Ұзақ), Жадық атты тоғыз ұл таралады».

Қасым ханның аталарының бәрі өздері өмір сүрген жылдарында Дешті Қыпшақта хандық билік құрған. Орыс хан 1361-1376/1377 жылдары Ақ Ордада хан болғаны белгілі. Оның ұлы Қойыршақ ХІV ғасыр соңында аз уақыт Жошы ұлысында хан болады. Ол туралы Хайдар Рази: «Қойыршақ оғлан – Орыс ханның ұлы. Ол да Темірдің көмегімен ұлысы мен елін биледі. Біршама уақыттан кейін қайтыс болды» деп құнды мәлімет береді. Гаффарида Қойыршақ оғланның Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қарсы жа­са­ған екінші жорығына қатысқаны, Тоқтамыс хан жеңілгеннен кейін, Ақсақ Темір оған Жошы ұлысының билігін тап­сыр­ғаны және оны Еділ бойынан Дештіге жібергені туралы айтылады. Қадырғали Жалайыр еңбегінде Қойыршақ «хан» деген лауазым­мен кездеседі.

Қасым ханның атасы «Барақ хан 1420/1421 жылы Мауереннахр билеушісі Ұлығ­бектен көмек алып, Алтын Орда тағы үшін күреседі. 1424/1425 жылы ол Ұлығ-Мұхаммедті жеңіп, Алтын Орда тағына келеді. 1428 жылы қайтыс болған». Замандастары Барақ ханды «жеңімпаз батыр, алып болған» десе, Алтын Орда тағына үміткерлер ішіндегі «күшті бура» деп санаған.

Қасым ханның әкесі Жәнібек хан – оны «Кіші Жәнібек хан» деп ата­ған. Жәнібек ханның ХV ғасыр ортасында Қазақ ханды­ғы­ның негізін қалаушыларының бірі бол­ға­нын және Керей ханнан кейін Қазақ хан­дығын билегенін дерек мәліметтері дә­лелдейді.

Жәнібек ханның 9 ұлының екеуі: Қасым хан мен Қамбар сұлтан бір анадан, Жаған бикеден туады. Қасым ханның туған жылы анық белгілі емес. Бірақ оның туған жылын шамалап көрсетуге Мұхаммед Хайдар мырза Дулати мәліметі мүмкіндік береді. Ол 1513 жылы Сұлтан Сайд ханның Шу бойындағы Қасым хан ордасына келгенін айта келе, «бұл кезде Қасым ханның жасы алпыстан асып, жетпіске жақындап қалған болатын» деп жазады. Осыған сүйене отырып, 1513 жылы Қасым ханның жасы 67-68-де болған деп есептесек, онда ол 1445-1446 жылдары дүниеге келген болады. Т.И.Сұлтанов Қасым ханды 1445 жылдар шамасында туған деп санайды. Біз осы мәліметті негізге ала отыра, биыл, яғни 2021 жылы Қасым ханға 575 жыл толып отыр деп санаймыз.

Қасым ханның өміріне байланысты мәліметтер 1470-ші жылдарға дейін, яғни Қазақ хандығының күшею кезеңіне дейін ешбір дерек мәліметтерінде кездеспейді. ХV ғасырдың 70-ші жылдарының бірін­ші жартысында Шайбани ханның маң­ғыт мырзаларымен одақтасып, Қазақ ха­н­д­ығына қарсы күресін баяндайтын де­ректерде алғаш рет Қасым сұлтан есімі аталады. «Шайбани-нама» авторы осы жылдардағы Қасым ханның өмірі туралы: «Бұрындық хан әскері ішіндегі атақты баһадүр және белгілі сұлтанның бірі» деп сипаттама береді.

Қасым хан өмірінің сұлтандық дәуірі – 1511 жылға дейін Қазақ хандығының күшеюі мен Сыр бойы үшін жүргізілген күрестер жылдарында өтеді. Бұл кез­дер­дегі оқиғаларға Қасым сұлтан тіке­лей қатынасып, үлкен рөл атқарады. Кү­рес­тің алғашқы кезеңдерінде ол қа­зақ әскерлерінің қолбасшысы болып, үнемі Бұрындық хан қасында болады, «Бұрындық ханға бағынып, оны тыңдайды». Осыған байланысты Қазақ хандығының XV ғасырдың соңғы 30 жыл ішіндегі Түркістан аймағы үшін жүргізген кү­рес­теріне қысқаша тоқтала кетсек. Өйт­кені қазақ әскерінің осы жылдардағы же­ңіс­терінде Қасым сұлтанның тікелей қа­тысы бар.

Қасым ханның атақ-даңқының өсуі ХVІ ғасыр басында, Мұхаммед Шайбани ханның 1505-1510 жылдары Қазақ хан­ды­ғына жасаған жорықтары кезінде кө­рі­неді. Шайбани ханның соңғы жорығы қарсаңында Қасым хан ресми түрде хан болмаса да «оның күшінің өскендігі соншалық, Бұрындық хан туралы ешкім ой­ламайды» және «хандықты басқару мен хандықтағы бүкіл билікті өз қолына ала­ды».

Бір жарым ғасырдай Орта Азияны би­леген Ақсақ Темір ұрпақтарынан сая­си билікті аз уақыт ішінде тартып алған Мұхаммед Шайбани хан әскерін 1510 жылы Қасым ханның тас-талқан етіп жеңуі, оның беделін бүкіл Дешті Қып­шақ­та өсіре түседі. 1511 жылы Бұрындық хан Мауереннахрға кеткеннен кейін, Қасым хан­дық билікке жеке өзі отырады.

Қасым ханның билікке келуі Қазақ хан­дығының оңтүстіктегі негізгі қарсы­ла­сы Мауереннахрдың саяси өмірін­де күрт өзгерістермен қатар жүреді. Ол өз­ге­рістерге – Шайбани ханның 1510 жыл­­дың күзінде қаза табуы, Бабырдың Иран­­дағы сефевилік әулеттің негізін қа­лаушы Исмайл шахтың көмегімен Самар­қанды алып, Мауереннахрда 6-7 ай билік құруы және 1512 жылдың көк­те­мін­де шибанилық сұлтандардың бірігіп Мауереннахр аумағынан Бабырды қууы мен шибанилық сұлтандар билігінің Ма­у­е­рен­­нахрда қайта орнауы жатты. Сон­дай-ақ Қазақ хандығының оңтүстік-шы­ғы­сында шағатайлық Сұлтан Сайд хан осы жылдары Мауереннахрдағы сая­си жағдайды пайдаланып, Моғолстанда шағатайлық әулеттің билігін қайта орна­ту­ға ұмтылады. Осындай қалыптас­қан күр­делі саяси жағ­дайда Қазақ хандығын бас­қарып отыр­ған Қасым ханға ұтымды сырт­қы сая­сат жүргізуге тура келеді. Қасым хан­ның шебер дипломатиялық қа­сие­ті осы тұс­та байқалады. Бәрі түсінік­ті болуы үшін Мауереннахрдағы саяси жағдайдан бастайық.

1510 жылдың қысыңда Қасым ханның Шайбани хан әскерін талқандауының бір салдары Шайбани ханның 1510 жыл­дың күзінде қаза табуына алып келді. Шай­ба­ни хан өлімінен ке­йін шибанилық сұл­тандар арасында бір­­ден бірлік орнай қоймады. Мұндай жағдайды тез түсінген Бабыр Кабулдан шығып, Мауереннахрға аттанады. Исмаил шахтың көмегімен ол 1511 жылдың күзінде Мауереннахрда 6-7 айға созылған билігін орнатады. Мауереннахр қалалары мен оған тәуелді аймақтарға Бабыр өз адамда­рын әкім етіп тағайындайды. Мы­са­лы, Мауереннахрдың Түркістандағы иелігі Сайрам қаласында Қатта бекті, ал Ташкентке оның ағасы Мір-Ахмед Қасымды отырғызады.

1512 жылдың көктемінде шибанилық сұлтандар біріге отырып, Бабырды Ма­уе­реннахрдан қуады. Ол Хисарға кетіп, сол жақта Үнді жерін жаулауға кіріседі. Бабырдың Мауереннахр қалалары мен аймақтарындағы тағайындаған әкім­де­рі­нің бірі билеушімен бірге кетсе, бірі шибанилықтарға беріледі, ал кейбіреулері шибанилықтарға қарсылық көрсетеді. Ташкент пен Сайрамдағы билеушілер үшіншілер қатарына жатады. Шибанилар әскері Ташкентті қоршауға алғанда, қала әкімі Мір-Ахмед Қасым бір түнде қоршауды бұзып өтіп, Бабырға барып қосылады. Ал оның Сайрамдағы інісі Қатта бек 1512-1513 жылдың ерте көк­темінде Жетісудағы Қара-Тал деген қыстауынан жайлауға көшуге дайын­да­лып жатқан Қасым ханға адамдар жіберіп, оның қалаға келуін өтінеді және қала кілтін ұсынады. Қасым хан бұл өтінішті қабыл алып, Ианги қаласы бағы­тын­­да жүреді де, Сайрамға келеді.

Сайрам әкімі қаланы Қасым ханға бере отырып, оны Ташкентке жорыққа шығуға көндіреді. Бұл кезде Ташкент шибанилық Сүйініш қожа ханның қолына көшкен еді. Мұхаммед Хайдар мырза Дулати «Қасым хан көп әскермен Ташкентке аттанды» деп баяндайды.

Қасым ханның Ташкентке жорыққа шығуына Қатта бек ұсынысы тек түрткі ғана болады, ал оның арғы жағында бірнеше себебі бар. Қасым хан Таш­кент­ті алу арқылы, біріншіден, Қазақ хандығының билігін Моғолстанның оты­рықшы аймағына таратпақ болды. Екіншіден, қайтадан күшейе бастаған ши­банилық сұлтандардың күшін әлсі­ре­туді ойластырады. Үшінші себепке, Ташкентті алу арқылы алғаш рет то­лы­ғымен қосылып отырған Түркістан ай­ма­ғының оңтүстік шекарасын нығайту керек болды. Осындай себептермен Қазақ ханының әскері Ташкентке аттанды. Бірақ Қасым хан Ташкентті ала алмай, Сайрам өңіріне қайта оралады.

Қасым ханның 1513 жылғы көктем айындағы Ташкентке жорығы сәтсіз бол­ға­нымен, оның Қазақ хандығының саяси жағдайына тигізген әсері онша болмады. Осы жылдары Қазақ хандығы Дешті Қыпшақ пен Мауереннахрдағы бірден бір күшті мемлекеттердің бірі болып қала берді. Мұхаммед Хайдар мырза Дулати «дәл осы жылдары Қасым ханда 300 мың әскері болды» деп жазады.

Ташкент түбіндегі оқиғадан кейін, арада 3-4 ай өткенде шибанилық сұлтандарға қарсы бірігіп күресу үшін Қасым хан ордасына Сұлтан Сайд хан келеді. Бұл тура­лы «Тарих-и Рашидиде» өте жақсы баяндалады. Автордың осы баяндауындағы мәліметтерден Қасым ханның Қазақ хан­дығындағы беделінің зор болғандығы көрінеді. «Қасым хан жасының ұлғаюына байланысты ханды қарсы алуға шыға алмады. Қалған сұлтандарға, ішінде бірнешеуі: Жаныш хан, Таныш хан (деректе Биниш хан – автор), Мамаш хан, Жан Хайдар сұлтан, Қарыш сұлтан және басқалары 50-60 жаста болды, жалпы саны Жошы ұрпағының 30-40 сұлтанына ханды қарсы алуға бұйырды» деп жазады «Тарих-и Рашиди» авторы.

Қасым ханның төңірегінде осыншама сұлтанның жиналып, оның бұйрығына көнуі, біріншіден, басқа да авторлардың айтқанындай, оның билігінің Дешті Қыпшаққа кең тарағанын көрсетсе, екін­ші­ден, Қасым хан тұсында Қазақ хан­ды­ғының ішкі саяси жағдайы тұрақты болғандығын көрсетеді.

Қазақ хандығы өзінің Сыр бойындағы иеліктерін сақтай отыра, оңтүстікте Мауе­­рен­нахрмен Ташкент өңірінде шек­те­седі. Түркістан аймағы XVI ғасыр­дың бірінші ширегінің соңына дейін Дешті Қыпшақпен бірге біртұтас саяси, экономикалық, эт­никалық, мәдени ке­ңіс­тік құрайды. Жетісудың, Сырдария өзе­нінің орта ағысы бойының Қазақ хан­­дығы құрамына енуі қазақ халқының этни­калық аумағын біріктірудегі үлкен же­ңіс болды.

XVI ғасырдың 20-шы жылдарына таман Қасым хан басқарып отырған Қазақ хандығы батыс бағытта да нәти­же­лі сыртқы саясат жүргізеді. Орыс тіліндегі дерек мәліметтерінде және қа­зақ халқының тарихи жырларында 1519 жылы Қазақ хандығы Еділдің сол жа­ға­лауындағы өңірлерге де билігін та­ратқандығы, Еділ-Жайық аралығы қа­зақ тайпаларының көшіп-қонатын же­ріне айналғандығы туралы айтылады. Осы кездерде Қазақ хандығы Қы­рым, Астрахан хандықтарымен қа­рым-қатынастар орнатады. Қасым хан Сарайшық қаласын саяси орталық етеді. Осылайша, Қазақ хандығы XVI ғасырдың бірінші ширегінде Қасым ханның билігі тұсында бұрынғы Жошы және Шағатай ұлыстары аумағындағы ең күшті мемлекетке айналады. Қазақ хандығының күшеюі барысындағы Қасым ханның рөлін сол кездегі тарихшылардың өздері де түсініп, ол туралы әртүрлі мәлі­меттер береді.

Қасым хан туралы Бабыр: «Жұрттың айтуына қарағанда, қазақ хандары мен сұлтандарының бірде бірі бұл халықты дәл осы Қасым хан сияқты бағындыра ал­маса керек. Оның әскерінде 300 мың­ға жуық адам бар еді» деп жазса, Мұ­хам­мед Хайдар мырза Дулати: «Ол Дешті Қыпшаққа билігін таратты. Оның әскерінде миллионнан аса адам болды. Жошы ханнан кейін бұл жұртта дәл осындай күшті хан болған жоқ» деп мәлімет береді. Қадырғали Жалайыр: «Олардың арасында (Жәнібек хан ұлдары арасында – автор) аса белгілі болғаны Қасым хан еді. Ұзақ уақыт атасының ұлысында патшалық етті. Төңірегіндегі уәлаяттарды өзіне қаратты. Оның хикаялары әр жерде кездеседі, көпке мәлім-мәшһүр» дейді. Махмуд бен Уәли болса, «Қасым хан Дешті Қыпшақ аймақтарында өз билігін күшейткені соншалық, оның әскерінде 200 мыңнан аса адам болды» деп баян­дайды. «1515/1516 жылы Қасым хан Жошы ұлысын тәртіпке келтіргендігі сондай, бұдан артықты көз алдыңызға елестету мүмкін емес, оның әскерінің саны миллионға дейін жетті», дейді се­февилік шығарма авторы Хайдари Рази. Ал Гаффари болса, «Қасым хан ....Дештінің ханы болды. Онымен және Шейбак хан (Шайбани хан –автор) арасында қақтығыстар болып, 1509/1510 жылы Шейбак хан оған қарсы аттанады, бірақ жеңіліс тапты» деп жазады.

Қасым хан тұсындағы Қазақ хан­ды­ғы­ның күшеюі шығыс авторларынан басқа Мәскеу патшалығына және сол арқылы Батыс Еуропа елдеріне белгілі болады. XVI ғасырдың 70-ші жылдарында құрастырылған патша архивінің тізімінде былай делінеді: «38-ші жәшік. Онда Қасым хан тұсындағы қазақтар тура­лы кітаптар мен қағаздар бар». Өкінішке қарай, бұл қағаздар бізге дейін жеткен жоқ.

XVI ғасырдың 20-шы жылдарында Қазақ хандығы батыста Астрахань хандығымен шектесіп, Қырым хандығына елшіліктер жібереді. Бұрынғы Жошы ұлысының аумағында Қазақ хандығының күшеюі, Алтын Орда езгісінен енді-енді құтылған, бірақ оның салдары әлі де болса Мәскеу билеушілерінің жадында сақталғандықтан өте қорқынышты еді. Сондықтан да Мәскеуде Қасым хан туралы, Қазақ хандығы және қазақтар туралы мәліметтер арнайы жинақтала бас­таса керек.

Итальяндық әдебиетші Иовий 1525 жылы Орыс мемлекеті туралы кітап жазған. (Ол мәліметтерді Рим папасы VII Климентке келген Мәскеу князі Василий Ивановичтің елшісі Дмитрий Герасимовтен алады) Московияның шығысындағы көршілерді жалпылама атаумен «татарлар» деп, «олардың аумағы Қытайға дейін созылып жатыр» деп жазады. Ал 1519 және 1526 жылдары Мәскеуде екі рет болған Аустрия елшісі Сигизмунд Герберштейн: «Волга бойындағы бұл патшалық / Қазан хандығын айтып отыр. – автор/ оңтүстікте және шығыста далалық ай­мақ­пен шектеседі. Шығыста олар шай­­банилық және қазақ деп аталатын татар­лармен араласып тұрады», деп мә­лім­дей­ді.

Қазақ хандығының Қасым хан тұсында Мауереннахрмен саяси қарым-қатынасының табысты болуы хандықтың оңтүстік және оңтүстік-шығыс бағыт­та­рын­д­ағы аумағын кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар батыс бағытта да жемісті саяси қарым-қатынастар жүргізуіне мүмкіндіктер береді.

Қасым ханның қай жылы қайтыс болғандығын шығыс жазба деректері әр түрлі көрсетеді. Мұхаммед Хайдар мырза Дулати мен Хайдар Рази 1518/1519 жылды көрсетсе, Гаффари, Мунаджим-баши және тағы басқа авторлар 1523/1524 жылы қайтыс болған деп жазады. Қасым ханның нақты қай жылы және қай айда қайтыс болғандығын анықтауға орыс тіліндегі дерек мәліметтері көп жәрдем береді.

1519 жылы Қазақ хандығының шекарасы Еділге дейін жетіп, Астрахань хандығымен шектескенде, осы хандық­та Занко Зудов деген рязаньдық 1520/1521 жылдың қыс айларында 3-4 ай тұтқын­да болады. Қазақ хандығындағы оқиға­лар­дың бірталайын З.Зудов тұтқында жүріп естиді. 1521 жылдың сәуірінде оның III Ва­си­лийге жіберген хабарламасында «осы жылы қыста қазақ патшасы қайтыс болды» деп жазады.

Осы келтірілген дерек мәліметтерінен көріп отырғанымыздай, Қасым хан 1518 жылы, не 1523 жылы емес, нақты 1521 жылы қыс айында, шамамен қаңтар айын­да қайтыс болады.

Қадырғали Жалайыр Қасым ханды Сарайшықта жерленген деп жазады. Ол түсінікті де, өйткені Қасым ханның соңғы 3-4 жыл өмірі Еділ-Жайық өзендері аумағында өтеді. Қайтыс болғанда ұлы хан 75-76 жастар шамасында болады.

Осылайша, XVI ғасырдың бірінші ширегінде Қазақ хандығын күшейтіп, қазақ халқының атауын алыс-жақын елдерге таратқан Қасым хан есімі қазақ халқының тарихқа жадында жарты мың жылдан уақыт бойы сақталып келе жатыр. Ол туралы қазақ халқының ауыз әдебие­тінде «Қасым ханның қасқа жо­лы» деген сөз тіркесі сақталған. «Қасқа жол» –
қазақ арасында бұрыннан қа­лып­­тасқан әдеп-ғұрып ережелері негі­зін­де жасалған және көшпелі қазақ өміріне үйлесімді заң болды». Кез келген қоғам өз дамуының белгілі бір сатысына көтерілгенде жаңадан пайда болған қоғамдық қатынастарды рет­тейтін заңдарын шығарады. Қазақ хан­дығы да XVI ғасырдың бірінші ши­регінде бұған дейінгі кезеңдермен салыс­тырғанда аумағы, халқының саны, хандықтың күші мен қуаты жағынан анағұрлым жаңа биікке көтеріледі. Біздің пікірімізше, «Қасым ханның қасқа жолы» осы жаңа жағдайға сай жасалған, жаңа қатынастарды реттейтін заң болып табылады.

Қорыта келе, Қасым хан Қазақ ханды­ғының күшею кезеңі деп аталатын 50 жылдай уақытқа созылған ке­зеңінің алғашқы сатыларында қазақ әске­рінің бас қолбасшысы ретінде үлкен жеңістерге қол жеткізіп, темірлік әулеттен Сыр бойындағы қалалар мен қысқы жайылымдық жерлерді қайтарады, қазақ халқының этникалық аумағын қалыптастыруда үлкен еңбек сіңіреді. Хан тағын иеленген соң Қазақ хандығының батысында да жемісті сая­сат жүргізіп, Еділ өзеніне дейін шекараны кеңейтеді. Ішкі қатынастарды реттеу үшін «Қасқа жолды» өмірге әкеледі. Бұл жағдай хандықтың күшеюі мен нығаюына тікелей әсер етеді. 

Биыл Қасым ханның туғанына 575 жыл, ал өмірден озғанына 500 жыл толып отыр. 2021 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Қасым хан туралы (режиссері Ақан Сатаев) көркем туын­­ды түсіруді аяқтады. Өз заманында халқының абыройын асқақтатқан Қасым ханды қазақ халқы ешқашан ұмытпақ емес.

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры