Өнер • 11 Қазан, 2021

Қожакеевтің құнды қазынасы

1771 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақ сатирасының өсіп-өркендеп, терең тамыр жаюы­­на зор үлес қосқан ға­лым-ұс­таз­дардың бірі де біре­гейі –Темірбек Қожакеұлы! Ол – қазақ сатирасын егжей-тег­жейлі зерттеп, сатиралық жанр­лар жүйесін жете зерделеген һәм теориялық жа­ғынан негіздеген ғалым. Бұған дейін қазақ әде­биет­тану ғылымында сатира мен юморды терең зерттеп, тал­даған ғалым болған жоқ. Оның қаламынан туған он­даған оқулықтар мен монографиялар және жүз­деген ғылыми еңбектерді жи­нақ­тап, тасқа басса, Қазақ сати­расының энциклопедиясы секілді толымды дүние әрі бо­лашақ оқырмандар мен жас зерттеушілер үшін аса құнды ғылыми еңбек болары хақ.

Қожакеевтің құнды қазынасы

Темірбек Қожакеев Жамбыл облысы Mepкi ауданына қарасты Ойтал ауылында дүние есігін ашқан. Мектеп бітірген соң Мерке аудандық комсомол комитетінің бөлім мeңгepyшici болып істейді. Қазақ мемлекеттік университеті филология факуль­тетінің журналистика бөлімін тәмам­дайды. Солдан бастап, 1972 жылға дейін өзі білім алған қара шаңырақтағы журналистика факультетінің оқытушысы, аға оқытушысы және доценті болып қызмет етеді. Ал 1972-1986 жылдар ара­лығында аталған жоғары оқу орны журналистика факультетінің деканы болып абыройлы қызмет атқарады.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Зейнолла Қабдолов өзінің «Мықшеге» деген мақаласында:

«Қазақ университетінің филология, журналистика факультеттерінде қыр­қыншы, елуінші жылдарда оқыған адамдар – эстетикалық ілім жағынан өз қатарларының маңдай алдында оқ бойы озық тұратын мамандар. Неге десеңіз, олар – әдеби білім жағынан Әуезов мектебінен шыққан адамдар.

«Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз»,

– деп Абай айтқандай, ғажайып ғұламаны көзбен көріп, оның алдынан дәріс алу – сенің оған ұқсай түсуіңе, оның әсерімен пісіп-жетілуіңе кепіл. Дәл осы ұлы мектепте пісіп-жетілген менің талантты дос­та­рымның бірі – Темірбек Қожакеев, – дей келе, ойын әрі қарай жалғастырып, – Темірбек бала күнінен қатал тәртіпке тәрбиеленген. Тәртіп бар жерде – еңбек бар. Темірбек адам атаулыны шын мәніндегі Адам ететін, ақ, адал еңбекке тәрбиеленген. Оның қол қусыратын кезі сирек шығар, әрқашан еңбек, еңбек, тек қана еңбек: іс-әрекет, қимыл-қарекет! Ол Абай сөзін Құран сөзіндей көрген:

«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша

мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап».

Осыны өз өмірінің заңына айналдырған адам – күшті адам, мықты адам. Темірбек те сондай», деп ой түйеді.

Бұл – Темірбек Қожакеевке берілген дәл де әділ баға! Расында, ол өзінің саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен жур­налистикасының һәм сатирасының дамуына арнады. Осы мақалада аталған үш салаға қосқан ғылыми еңбектері туралы айтатын боламыз.

Ең алдымен оның қазақ сатирасы туралы сүбелі еңбектерін атап өткен абзал. Ол – «Фельетон мәселелері», «Қазіргі қазақ сатирасы, «Қазақ сатирасы», «Абай – сатирик», «ХХ ғасыр басындағы қазақ сатирасы», «Қазақ совет сатириктері», «Сатира және дәуір», «Бүгінгі қазақ сатирасының проблемалары», «Адам. Қоғам. Сатира», «Сатиралық жанрлар», «Сатира – күш­тілер қаруы», «Сатира негіздері», «Сара сөздің сардарлары», «Шалқу сөздер мен шаншу сөздер», «Ескі жылдың есебі», «Өзіңді таны» сынды оқулықтар мен монографиялардың және сатиралық жинақтардың авторы. Ғалым бұл еңбектерінде сатираның пайда болу, қалыптасу және даму заңдылықтарын сараптай отырып, толғамды ой-пікірлері мен парасатты пайымдарын ғылыми негізде дәлелдейді. Сатираның поэзиялық һәм прозалық жанрларының сапалық белгі-қасиеттері туралы нақты тұжырым жасайды.

Осы сатира саласындағы ерен еңбегіне орай, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Ғабдуллин: «Т.Қо­жакеев көп жылдардан бері қазақ сатирасының тарихын зерттеп келеді. Осы проблема бойынша автордың ұзақ жылдардағы еңбегінің қорытындысы ретінде екі бөлімнен тұратын «Қазақ сатирасы» атты монографиялық зерттеу туды. Егер Қазақстан әдебиетшілерінің әдебиет жанрлары тарихын тереңдеп, зерттеп білуге әлі шындап кіріспегенін ескерсек, Қожакеев жолдастың бұл еңбегін ерекше ғылыми зерттеу ғана емес, әрі әдебиет жанрлары бойынша үлкен монографиялық еңбектердің басы деп мойындауымыз қажет», деп пікір білдірген болатын. Бұл – ғұлама ғалымның әріптесіне берген зор бағасы!

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Темір­бек Қожакеұлы – өз кезегінде сындарлы сын да жазған ғалым. Ол Есмағамбет Ысмайыловтың «Сын мен шығарма», «Ақын және революция», Бейсенбай Кен­жебаевтың «Шындық және шеберлік», «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері», «Асау жүрек», Белгібай Шалабаевтың «Қазақ романының тууы мен қалыптасу тарихы», Ханғали Сүйіншәлиевтің «VIII-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті», «Ізденіс іздері», Жүсіпбек Алтайбаевтың «Нақ, нақ», Садықбек Адамбековтің «Атыл­ған қыз туралы аңыз», сондай-ақ Темірғали Нұртазиннің «Мұрат» сынды түрлі жанрда жазылған шығармалар мен ғылыми еңбектеріне шынайы сын жазып, парасатты пайымын білдірген.

Ғалым-ұстаз кеңестік кезеңде қу­ғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлері мен қазақтың 

қабыр­ғалы қаламгерлерінің өмірі һәм шығар­машылығы туралы ғылыми еңбектер жазды. Атап айтар болсақ, олар – «Жыл құстары», «Көк сеңгірлер», «Сара сөздің сардарлары» тағы басқа құнды дүниелер. Осы еңбектерінде А. Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Ду­ла­тов, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Қо­жа­нов, М.Сералин, Т.Рысқұлов, Б.Сү­леев, Қ.Ке­меңгеров, Н.Төреқұлов, Б.Сыр­та­нов, К.Тоқтабаев, Ы.Жайнақов, Ғ.Тоғ­жа­нов, М.Жолдыбаев, Ш.Тоқжігітов, Е.Ал­доңғаров секілді Алты Алаш азаматтарын тірілтіп, олардың әдеби мұраларын ғылыми айналымға енгізді. Сөйтіп, ұлы ұстаз ұлылардың ұлағатын ұрпағына жеткізді.

Темірбек Қожакеұлының қазақ бас­пасөзінің зерттеушісі ретінде жазған еңбектері де бір төбе. Мәселен, «Газет жанрлары», «Қазіргі қазақ баспасөзінің тарихынан», «Жас тілшілер серігі», «Қым-қуыт іздер» атты сүбелі еңбектері – жоғарыда айтқан сөзіміздің айғағы. Ғалым бұл оқулықтарға енген зерттеу еңбектерінде қазақ басылымдарының тарихы мен журналистерінің әдеби һәм публицистикалық мұраларын терең талдап, таразылап, ғылыми бағасын беріп, тасқа басты. Сондай-ақ сол кез­дегі қазақ баспасөзінің көкейкесті мәсе­лелерін қозғап, газет жанрлары туралы кеңінен түсінік береді. Бұл еңбектер – жас журналистер мен ізденушілер үшін таптырмайтын оқу құралы! Ұлттық жур­налистиканың шежіресін шертетін құнды қазына! Қожакеевтің қолтаңбасы!

«Үркіншілік» деген жинағы повестер мен әңгімелерден тұрады. «Үркіншілік» повесі – Меркі өңіріндегі ұлт-азаттық көтерілісіне арналған деректі шығарма. Бұл туындысында автор Ақкөз батырдың патша үкіметіне қарсы көтерілісті қалай ұйымдастырғаны жөнінде нақты оқи­ғаларды тарихи деректерге сүйене оты­­рып суреттейді. Сөйтіп, тарихи шын­­дық пен көркемдік шындықты шебер үйлестіреді. Бұл шығарма – қа­рым­ды қаламгердің жазушылық қырын біл­діреді әрі терең тарихшы екенін танытады.

Сондай-ақ Темірбек Қожакеұлы аударма саласымен де айналысқан. Ке­зінде ол Н.Кальманның «Джимлифтер» және «Қызыл башлақ», С.Шевцовтың «Ты­­нымсыз балалар», Е.Ильинаның «Дуал мен шуыл» атты балаларға ар­налған шығармаларын қазақ тіліне тәр­жімалады. Бұл туындылар 1954-1955 жыл­дары «Қазақстан пионері» газетінде жа­рияланған. Сатира сардарының бұл аудармашылық қырын екінің бірі біле бермейді.

Зерделі зерттеуші өмірінің соңында, яғни 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдығына арнаған «Керімсал кенті» атты кітап жазды. Бұл шығармасында туған елі мен кіндік қаны тамған жері һәм оның айтулы тұлғалары туралы толғады, өскен ортасы жайлы толғанды. Сөйтіп, тарихи шаһардың шынайы шежіресін мұқым елге паш етті.

Ұлағатты ұстаз Темірбек Қожакеевтің ерен еңбегі дер кезінде бағаланып, «Құр­мет белгісі» орденімен және алты ме­дальмен марапатталды. Сондай-ақ Қа­зақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан жоғары мектебі ғылым академиясының құрметті акаде­мигі. Жамбыл облысы Меркі ауданының құрметті азаматы.

«Білімдінің сөзі – ем, мейірімі көп, өзі кең!» деген екен ғасыр ақыны атанған Мағжан Жұмабаев. Сол айтқандай, Темірбек Қожакеұлының қаламынан туған дүниелердің бәрі қалың елі – қазақ халқы үшін дәру болары хақ. Ғұлама ғалым қайтыс болғаннан кейін 7 томдық шығармалар жинағы тасқа басылды. «Тау тұлғалы Темаға», «Ұстаз. Ғалым. Қай­раткер» атты естеліктер кітабы жарық көр­ді. Қара шаңырақтағы журналистика факультетінде Темірбек Қожакеев атын­дағы мәжіліс залы ашылды. Жыл сайы­н Т.Қожакеев оқулары аясында «Жас тілшілер» атты ғылыми форум дәстүрлі түрде өтіп келеді. Жамбыл облысы Меркі ауданындағы №39 мектеп-гимназиясына Темірбек Қожакеевтің есімі берілді. Сол мектептің ауласына мүсіні қойылды. Алматы қаласы мен Меркі ауданының бір көшесі Темірбек Қожакеев атымен аталады. «Ғалымның хаты өлмейді» деген – осы!

 

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағы

Сатира кеңесінің төрағасы