Өнер • 11 Қазан, 2021

Алшынбай асқан асулар

859 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бәріміз де ауылда тудық, ауылда өстік, арман сапарына сол ауылдан аттандық. Біз туған топырақ қарт Қаратау мен кәрі Сырдарияның ортасында орналасқан – Жаңақорған өңірі. Тау мен арналы өзен ортасында қоныс тепкендіктен бе, бұл жердің ауасы да, табиғаты да, желі де, жауыны да – қысқасы, бәрі де ерекше. Ал адамдары ше?

Алшынбай асқан асулар

Менің жас күннен, дәлірек айтсам, Жаңақорғандағы мектеп-интернатта оқып жүрген кезден танитын достарым аз емес. Олардың әрқайсысы өзінше ерекше, өзінше менің өмірімде із қалдырған. Солардың арасында Алшынбай Тұртановтың орны өзінше. Ол жас күнінен-ақ өзгеге ұқсамайтын ерекше мінезімен, алғыр қабілетімен ойымда сақ­талды.

Мектепті аяқтай сала бәріміз де арман атты пыраққа мініп, алыс қалаларға оқуға аттандық. Қы­зық болғанда, көңіліміз өте жақын Алшынбай екеуміз де Жаңақорғанға жақын Ташкент қаласына бардық. Онымен қой­май бір оқу орнын таңдаппыз. Біз оқыған оқу орны – Орта Азия поли­техникалық институты болды. Алшынбайдың таңдауы құ­рылыс жағына, ал менікі архи­тектураға түсті.

Алшынбай студент кезінен-ақ ұйымдастырушылық қабілетін байқатқан екен. Қашан көрсем де қазақстандық студент жастарды іздестіріп, солармен бас қосып, әртүрлі кештердің өткізілуіне ұйыт­қы болып жүретін.

Әлі есімде, 1966 жылы Таш­кентте сұмдық жер сілкінісі бол­ды. Қаланың біраз бөлігі қи­рап, ғимараттар жарылып, сызат түсті. Міне, осыдан бастап қалада шұғыл жұмыстар өріс алды. Көптеген ғимараттарды, қоғамдық орындарды, т.б. қай­тадан жобалап, қайта тұрғызу керек болды. Бір жолы Алшынбай мені іздеп келіп, бір газетті ұсын­ды. Оқып қарасам – кішігі­рім автобус аялдамасының ар­хи­тектуралық жобасына конкурс жарияланыпты, ақшасы да қомақты. «Жандар, сен осыған қатыс, сөзсіз жеңіп шығасың» дейді Алшынбай. Көп ойланғам жоқ, жобаны әзірлеп, конкурсқа жібердік. Айтқандай-ақ, жеңіске жеттік, ал алған ақшаны бүкіл студент­терді жинап, кішігірім той жа­садық. Тек бұл ғана емес, онан кейін сауда үйі ғима­ра­тының архитектуралық жобасын әзірледім. Оған да бас­тамашы – Алшынбай еді. Оны да жеңіп алдық. Одан соң да Алшынбай мені жайыма қал­дырмады. Бір күні қазіргі Куй­бышев атындағы метроның құ­рылыс жобасына конкурс жария болғанын айта келді, тағы да қатысуға тура келген. Бағымызға қарай, біздікінен мықты жоба таппаған-ау, бізге бірінші орын бұйырды. Осылайша, ашқұрсақ студенттік күндерді де өзімізше тойға ұластырып жатушы едік.

Оқу бітірген соң Алшынбай ауылға қайтты, ал мен белгілі бір себептермен Ташкентте қалып қойдым...

Арада жылдар жылжыды. Мен Өзбек еліне белгілі дәре­же­дегі архитектор ретінде танылдым, қаншама ресми, мәдени орындардың архитектуралық жо­баларын жасауға атсалыстым. Ара-тұра елге, Жаңақорған топы­рағына жол түскенде естимін, Алшынбай Тұртанов бұл кезде бүкіл Сыр еліне танымал құры­лысшы болыпты. Әсіресе, оның ерекше көзге түскен кезі – Қазақ елі өз тәуелсіздігін ал­ған шақта елдің басына түскен қиыншылықты бірлесе көтерісіп, аудан экономикасының құлды­рауына жол бермеуі. Өз аузынан естігенім – ол осы бір қиын тұста көршілес Ресейге жиі-жиі сапарлап, туған топыраққа аса қажет құрылыс материалдарын вагонмен жеткізіп отырыпты. Осылайша, елдегі құрылыс жұмыстарының тұралап қал­мауына тікелей ықпал еткен. Соның арқасында аудан орта­лығында осы күндері әсем де келбетті ғимараттар бой көтер­ген. Үлкен мешіт, салтанат­ты тойхана, неке сарайы, базарға арналған орын, қонақ үй, авто­көлік жөндеу орталығы, түрлі цехтар, т.б. секілді орындардың кезек-кезегімен бой көтеруіне Алшынбайдың да үлес қосқанын жоққа шығаруға болмас. Міне, осы арқылы аудан халқына мол жұмыс орны ашылғанын айтпаса да түсінікті.

Бұл күнде Алшынбай аудан ғана емес, облысқа, тіпті респуб­ликаға аты танымал. Өзінің шаруа қожалығы бар. Осы арқылы ол өзі де аудан көлемінде талай кісіге жұмыс тауып беріп отыр. Алшекең қолы ашық, жомарт жан. Кейбір жаны қысылып, жағдайы болмай жүрген жандар келсе, оларға да көмегін аямайды. Қаншама адамдарға аяғынан тік тұрып кетуіне ықпал еткенін аудан халқы жыр қылып айтады.

Ол – әсіресе, туған жердің тарихына, мәдениеті мен дәстүріне де жанашыр жан. Жаңақорған өңірі – тарихи жәдігерлерге бай. Айталық, бір ғана көне Сығанақ шаһарының өзі неге тұрады? Тарихтың айтуынша, 1465 жылы қазақ хандары Керей мен Жәнібек осы жер­ден енші алып шығып, өздерінің хандығын құрған жоқ па! Оның бер жағында әйгілі Көккесене, Алпамыстың жары – Гүлбаршынға қойылған тарихи ескерткіш, Өзгент шаһары, Ақтас мешіті, Қылышты ата, Төлек ата, т.б. туралы Алшекеңмен ой бө­лісу аса қызғылықты. Ол туған жер­дің тарихи жәдігерлерін қат­ты қадірлейді. Мұнымен тоқ­тамайды, тағы да айтар еді: «Жа­ңақорғанның Қаратау бет­кейіне қарай өрлесеңіз, арғы жағында Ақсүмбе ауылы тиіп тұр. Сол жерде қазақтың қайраткер перзенті, 1924 жылы астананы Қы­зылордаға көшіріп әкелуге ық­пал еткен Сұлтанбек Қожанов дү­ниеге келген. Ұлтының азат­ты­ғын армандаған тұлға отыз же­тінші жылы атылған...»

Алшынбай келешекте осы өңірдегі тарихи жәдігерлерді қал­пына келтіріп, ал есімдері елге мәшһүр тұлғаларға құрмет көр­сете отырып, аймақта туризм мен басқа да игілікті шараларды мық­тап жолға қоюды ұсынады. Оның ойынша, мұнда алыс-жақын шетелден келетіндер аз болмайтын сияқ­ты. Несі бар, өте жақсы бастама.

Айтпақшы, менің досым Ал­шынбай Тұртанов – үлгілі от­басы иесі, ұл-қыздарын құтты орнына қондырып, енді немере-шөберелерінің алдағы бақытты өмірі үшін алаңдап отырады. Осы Сыр өңіріне атағы молынан жайылған би Нәлібайдың шөбересі, атақты бай Жұматтың немересі, текті әулеттің ұрпағы. Сол тектілік оның әр ісінен де көрініп тұрады. Кейде ел ішінде болып жататын кішігірім дау-дамай мен аралық тайталастарда Алшынбай шегініп қалмайды, ақты ақ, қараны қа­ра дейді. Шын ақиқатқа көзі жетсе, соны жақтап шығады. Шынд­ықтың мәртебесі биік болса екен дейді. Содан да болар, аудан ішіндегі бірқатар күрмеулі мәселелерде аудан бас­шылығы да Алшынбайдың төрелік сөз айтқанын тілеп тұрады.

...Бұл күнде біз елордасы – Нұр-Сұлтанда тұрып жатырмыз, қызмет жағдайы солай. Ал Ал­шынбай елде. Кей кездері телефон соғып, амандық-саулық біліп тұ­рады. Сондайда басталып кеткен әңгіме ұзай түсер еді. Жағ­дай сұрасудан басталып, ел мен жер тағдырына қатысты, әсі­ресе Жаңақорған ауданының ал­дағы тағдыры жайындағы өзек­ті мәселе­лер қозғалады. Ойы бая­ғы­ша сергек те жылдам. Ұсы­ныс­тары көңіліңе қона кетеді.

Жақында маған хабарласып, тағы да аудан өңірін тарихи-турис­­тік орталыққа айналдыру жайын баян қылды. Тіпті сөз ара­сында мына мен қызмет ететін Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлт­тық университетінде Жаңа­қор­ған топырағынан келіп, арнайы архитекторлық мамандық алуды арман еткен жас Айгерім Мырзахан және математика-механика маманы магистрант Айман Назарбекқызы туралы айтты.

– Сол шәкірттеріңізге, – деді Алшынбай. – Тікелей тақырып беріп, тереңірек ізденуіне жағдай жасап, сол арқылы ауданды бола­шақта архитектуралық тұр­ғыда көркейту жағын ойластырсаң қай­теді? Жастар ізденімпаз ғой, ба­ғыт берсеңіз, әрі қарай дамытып әкетпей ме!

Біз әрине, құп алдық. Талап­кер жастарды неге қолдамасқа. Әрбір жас өзі туған жерді көр­кей­туге үлес қосып жатса, бұл қуа­на қостарлық шаруа ғой.

...Бүгін де, міне, жұртшылық шаруасы мен ел ісі десе тыным тап­­пайтын досым туралы, онымен өткізген жастық шақты еске алып, көптен көкейде жүрген ой­ла­рымды қағаз бетіне түсірген жайым бар.

Мәртебең асқақтап, алға қой­ған мақсатың орындалып, же­ңіске жете бер, Алшынбай дос!

 

Жандарбек МӘЛІБЕКҰЛЫ,

Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, архитектор