Коронавирус • 12 Қазан, 2021

Елдегі эпидемиялық ахуал талқыланды

257 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы санитарлық-эпидемиялық жағдай туралы» деген тақырыпта Үкімет сағаты өтті. Іс-шараға Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Сауда және интеграция министрліктерінің өкілдері қатысты.

Елдегі эпидемиялық ахуал талқыланды

Отырысты ашқан Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева қазіргі кездегі шынайы жағдайды ескере отырып, жаппай вакциналаудың маңызын халыққа дұрыс жеткізу қажеттігі туралы айтты.

Сондай-ақ вице-спикер санитарлық-эпидемиялық қызметтің әлсіз тұстары бар екенін және оның басқа бағыттары назардан тыс қалғанына назар аударды. Мәселен, аса қауіпті инфекциялар, вакцинамен еңсерілетін аурулар, жұмыстың цифрлы форматын қамтамасыз ету және ғылыми зерттеу мәселелері кейінгі орынға ысырылған.

Сонымен қатар жалақының төмендігі салдарынан, санитарлық-эпидемиялық қызметті кадрлармен қамтамасыз ету проблемасы сақталып отыр. Осы орайда, Балаим Кесебаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан шаралар кешені және еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы санитариялық-эпидемиялық ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік бере­тініне сенім білдірді.

Бұдан кейін сөз алған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі эпидемиялық ахуал туралы баяндап берді.

«2021 жылғы 8 айда оба, тырысқақ, іш сүзегі, паратиф, туляремия, дифтерия, қызамық, полиомиелит, сіреспе аурулары тіркелген жоқ. 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 23 нозология бойынша сырқаттанушылықтың, оның ішінде жіті вирустық гепатиттер бойынша – 3 есе, менингококк инфекциясы бойынша 2,6 есеге төмендеуі байқалды. Биыл қызылшамен ауырғандар саны бірлі-жарым жағдайға дейін төмендеді», деді А. Цой.

Ведомство басшысының айтуынша, Қазақстан аумағында аса қауіпті бірнеше  инфекцияның табиғи ошақтары бар. Қазіргі таңда олар республика аумағының 39 пайызына таралған. Соған байланысты жыл са­йын эпизоотиялық мониторинг жүргізіліп, табиғи ошақтар анықталған аумақтарда профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.

«Кейінгі 3 жыл ішінде Конго-Қырым геморрагиялық безгегінің таралу деңгейі бұрынғы деңгейде тұр. Биыл 18 адамға жұққаны анықталды. Сондай-ақ жыл са­йын сібір жарасының спорадикалық жұғуы тұрғындар арасында тіркеледі. 2021 жылы 6 облыста 17 адамға жұққан», деді министр.

А.Цойдың айтуынша, вакцина арқылы таралуы тежелетін індеттерді министрлік әрда­йым бақылауда ұстайды. Жалпы, мұндай аурулар саны азайып келеді. Мыса­лы, биыл менингок жұқтырған 12 жағдай анықталған. Бұл былтырға қарағанда 2,7 есеге аз. Сонымен қатар көк жөтел, паротит және сіреспенің де төмендегені байқалады. Қызылша жұқтырғандар саны да азайған.

«Республикада вакцина салынатын инфекциялардың эпидемиялық қауіпсіздігін одан әрі қамтамасыз ету мақсатында Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған профилактикалық екпе салуды қамту деңгейін ұстап тұру жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар былтыр вакцина салдыру деңгейі төмендеп кетті. Бұл коронавирус пандемиясына байланысты 2020 жылдың наурызынан мамырына дейін төтенше жағдай режімінің енгізілуіне байланысты», деді А.Цой.

Министрдің айтуынша, биыл аймақ­тарда инфекциялық ауруларға қарсы вакцина жоспарға сай жүргізіледі. Сондай-ақ вакциналаудан бас тарту мәселесі әлі де өзекті болып тұр.

«2013 жылдан бастап қазіргі дейін вак­цина алуға тиіс тұрғындардың арасын­да профилактикалық екпеден 24 976 адам бас тартты. Оның ішінде 58 пайызы жеке себепке, 23,2 пайызы діни сені­мі, 12,8 пайызы вакцинаға сенімсіздік таныт­қан­дықтан, 6 пайызы бұқаралық ақпарат құралдарындағы негативті ақпарат салда­ры­нан екпе алмаған», деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, биылғы жылдың бірін­ші жартысында 3417 адам вакцинадан бас тартқан. Тұрақты түрде жүргізілген түсін­діру жұмыстарына байланысты вакцинаға қарсы пікірдегі 197 адам ойын өзгертіп, екпе салдырған.

Бұдан бөлек, министр елдегі ауруха­на­лардағы ахуалға тоқталды. Биыл уақтылы меди­циналық көмек көрсету үшін 16 модульдік аурухана салынды. 3 жұқпалы ау­ру­­лар ауруханасы қайта жөнделіп, 63 дә­рі­герлік амбулатория пайдалануға берілген.

Сондай-ақ 64 оттегі стансасы жұмыс істей бастады. Осылайша, медициналық ұйым­дардағы өкпені жасанды тыныстандыру аппа­ратына қажеттілік толықтай қанағат­тан­дырылды. 185 аудандық ауруха­наның бәрі рентгенді диагностикалық қон­дыр­ғылармен жабдықталған.

Жедел жәрдем қызметіне 1367 авто­көлік сатып алынған. Жылжымалы меди­циналық кешендер паркі 100 пайызға қам­тылған. Эпидемияға қарсы шаралармен айна­лысатын медицина қызметкерлеріне мате­риалдық қолдау көрсетілді. Мәселен, коро­навируспен күрескен медицина қыз­мет­кер­леріне 116 млрд теңге сомасында сыйақы төленді.

«Денсаулық сақтау министрлігі эпиде­миялық ахуалды бағалауды болжам мен матрица негізінде жүргізеді. Осы орайда шектеу іс-шараларын күшейту мен жеңілдету бойынша шешім қабылданады.

Қазіргі кезде Қазақстанның өзі және еліміздің 6 өңірі (Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан) «сары аймақта» тұр. «Жасыл аймақта» да 6 өңір (Шымкент қаласы, Түр­кістан, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау жә­не Қызылорда облыстары) қамтылған. Ал «қызыл аймақта» 5 өңір (Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары) орна­ласқан.

Қазақстан індет жұқтырудың төрт тол­қынынан өтті. Бұл өз кезегінде коронавирус инфекциясының жаңа штамдарының пайда болуына қатысты. Соңғы рет індет жұқтыру деңгейі артқан кезеңде тәулігіне 7800 жағдай тіркелді. Коронавирус бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы жұмыстарды уақтылы жүргізу індеттің таралу қарқынын тежеуге әрі елдегі эпи­де­миялық ахуалды тұрақтандыруға ықпал етті», деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде елдегі эпидемиялық ахуал тұрақ­тан­дырылған. Тәулігіне шамамен 2 мыңға жуық адамнан вирус анықталады. Осы­лайша, инфекцияның таралуы бәсеңдеп,
1 тамыздан бері репродуктивті көрсеткіші 1,2 есеге төмендеген.

А.Цой келтірген деректерге сүйен­сек, эпидемиялық ахуалдың тұрақта­нуы ауруханаға жатқандар санынан да бай­қа­лады. Мәселен, қазір елдегі инфек­циялық орындардың 36 пайызында, реа­ни­мациялық орындардың 33 пайызында ғана науқастар ем алып жатыр. Жалпы, 22 мыңға жуық орын бар.

«Министрлік вирустың елге кірген жағ­дайы мен мутациялық өзгеруіне мони­торингті қамтамасыз ету үшін тұрақты түрде вирустарды генетикалық зерттеп  жатыр. 2020-2021 жылдары 1407 сынама зерттелді. Осының нәтижесінде нау­рызда «британдық» Alpha штамм, «оңтүстік­африкалық» Beta штамм, маусымда «үнділік» Delta штамм, тамызда «нигерия­лық» Eta штамм анықталды. SARS-CoV-2 вирусының түрлі нұсқаларының таралуын анықтау мен мониторингілеу жұмыстары жалғасып жатыр», деді министр.

Бұдан кейін А.Цой коронавирусқа қарсы бірден-бір қару вакцина екеніне тоқталып, қолда бар екпелер туралы айтып берді. ДДҰ-ның мәліметіне сүйенсек, жыл аяғына дейін халықтың 40 пайызы вакцина алуға тиіс. Ал келер жылы бұл көрсеткіш 70 пайызға жетуі қажет. Қазіргі таңда рес­публика азаматтарына «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V), QazVac, Hayat-Vax, «Коро­на­Вак» және Sinopharm вакциналары қол­жетімді.

«11 қазандағы жағдай бойынша елімізде қамтылуға тиіс контингенттің 78 пайызы немесе халық санының 41 пайызы бірінші компонент салдырды. Сонымен қатар екінші компонентті вакцина алуға тиіс тұрғындардың 69 пайызы салдырды.

Pfizer компаниясының вакцинасы 12-17 жас аралығындағы балалар мен жүкті әйелдерге рұқсат етілген жалғыз екпе болып тұр. Осыған байланысты министрлік Pfizer компаниясымен келісімге қол қойып, 2021 жылдың соңына дейін 4 млн доза Comirnaty вакцинасы жеткізілмек», деді ми­нистр.

Бұдан кейін А.Цой санитарлық-эпи­демиялық қызметтің мәселелері туралы айтып берді. Сондай-ақ биологиялық қауіп­сіздікті сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму ко­митетінің төрағасы Жәмилә Нұрманбетова пандемия жағдайындағы санитарлық-эпи­демиялық қызмет саласындағы проблемалар кешенін атап өтті.

Атап айтқанда, аталған қызмет өзінің ескерту қадағалауын қамтамасыз ету функциясын жоғалтқанына байланысты өз дербестігінен де айырылған. Осыған байланысты депутаттар тарапынан санитарлық-эпидемиялық қызметті жаңғыртудың жол картасын әзірлеуді ұсынды.

Отырыс барысында депутаттар сапалы мамандандырылған көмек көрсету үшін дербес инфекциялық стационарлар қажет­тігіне тоқталды. Бұл туралы Мәжіліс депу­таты Гүлдара Нұрымова бүгінгі күні инфек­циялық ауруханалар инфекциялық бөлім­шелер ретінде 10 өңірдегі көпбейінді ауру­ханалардың құрамына кіргенін атап өтіп, халықтың аса қауіпті және инфекциялық ауруларды жұқтыру қаупі жоғары болып қалып отырғанына қатысты сұрақ қойды.

Сонымен қатар Үкімет сағатында Елнұр Бейсенбаев, Ғалымжан Елеуов, Сергей Симонов, Ирина Смирнова, Асқарбек Үйсімбаев, Бекқали Торғаев және басқа депутаттар  қазіргі елдегі эпидемиялық ахуал туралы бірқатар мәселені көтеріп, жауапты мемлекеттік орган басшысына сұрақтар қойып, пікір алмасты.

Талқылау қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары санитарлық-эпи­демиялық қызметті жаңғыртуға, санитар­лық-эпидемиялық қадағалау сала­сының мамандарын даярлауға, ветери­нар­­­лық іс-шаралардың сапасын бақы­лауды арттыруға бағытталған ұсыныстарды қабылдап, Үкі­метке жолдады.