Қоғам • 12 Қазан, 2021

Баспаналы болудың басқа жолы

306 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осы аптада Отбасы банк жаңа өнімін таныстырды. Ол Baspana market деп аталады. Бұл – қазақстандықтардың тұрғын үйді таңдауға мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға, сондай-ақ қайталама нарықтан пәтер сатып алуға мүмкіндік беретін еліміздегі бірегей портал. Бұдан бөлек, Baspana market арқылы Отбасы банкінің меншікті бағдарламалары аясында құрылыс салушылардан оңтайлы баспана таңдауға мүмкіндік бар.

Баспаналы болудың басқа жолы

Baspana market-тің көмегімен қазақ­стандықтар нысанның толық сипаттамасын, қолжетімді пәтер­лер санын, құны мен бөлме­лердің орналасу жобасын егжей-тегжейлі анық­тап көре алады. Жаңа цифр­лы платформада лайықты мүлікті тапқаннан кейін, оны сол жерде брондап, жеке кабинетте сатып алу барысын бақылауға болады.

Егер қолданушы жаңа үй алуды көздесе, платформа арқылы құрылыс салушыдан кеңес алу үшін онлайн-өтінім жолдай алады. Ал таңдағаны екінші нарық­тағы баспана болса, аталған мү­лік­ті Отбасы банкінен несие алу үшін кепілзат ретінде ұсыну­ға қан­шалықты жарамды екенін бір­ден көруге мүмкіндік бар.

Сондай-ақ Baspana market құры­лыс салушылар үшін Отба­сы банкімен өзара қарым-қатынас орнатуға ыңғайлы цифрлы алаң­ға айналмақ. Бұл жерде қажет­ті құжаттарды тіркеп, банкпен ынтымақтастық жөнінде электронды өтінім жолдап, «Отбасы банкінің» кең аудиториясына құры­лыс салушылар өз пәтерлерін сату­ға шығара алады.

– Қазіргі уақытта банкте бас­пана алу үшін қаражат жинақтап отырған 2 млн-нан астам салымшы бар. Олардың барлығы жылжымайтын мүлік нарығындағы әлеуетті сатып алушылар. Салым­шы­ларға ыңғайлы болу үшін әрі уақыттарын үнемдеу үшін біз үйді бір жерден таңдап, тіпті он­­лайн ипотека рәсімдеуге мүм­кін­­дік беретін маркетплейсті іске қос­­тық. Бұл цифрлы қызмет пен қа­р­а­пайым адамгершіліктің ұшта­­суы. Біз Baspana market-тегі онлайн ипотеканың көмегімен 10 мың­ға жуық несие беруді жоспар­лап отырмыз, – дейді Отбасы банк АҚ бас­қарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Онлайн ипотека – сынақ режімінде жұмыс істеп тұрған қанатқақты жоба. Ол коммер­циялық нарықтан жаңа немесе қолданыста болған тұрғын үй сатып алғысы келетін банк клиенттеріне қол жетімді болады. Қазір дәл осындай несие түрін рәсімдеу үшін банк бөлімшесіне 9 рет бару қажет. Онлайн ипотека ашылса, банкке екі рет қана келуге болады.

Қызметтің жаңа түрін Baspana market-те орналасқан жеке кабинет арқылы пайдалануға болады. Ол жерде әлеуетті қарыз алушы сатып алу-сату келісі­мі аяқталғанға дейін өзіне жеке тағайындалатын бейнекеңес­шімен байланыса алады. Кеңесші алдын ала есеп жүргізіп, құжаттар тізімін айтып, несие сомасының алдын ала мақұлданған көлемі жөнінде ақпарат бере алады. Әрі қарай, клиент өзіне ұнамды бас­пана тауып, оны бағалатады. Мүлікті бағалау құжаттары да­йын болған кезде, бейнебайланыс операторы несиелік өтінімді толтыруға көмектесіп, клиентке оның жағдайы туралы хабарлайды. Егер банк оң шешім шығарса, оператор сатып алу-сату келісімін рәсімдеу үшін нотариусқа баратын ыңғайлы уақытты брондауға көмектеседі.

Осы процестен кейін ғана болашақ қарыз алушы құқық белгілейтін құжаттарды ұсыну үшін алдымен банк филиалына, кейін несиелік келісім мен оны өтеу кестесіне қол қою үшін банк бөлімшесіне барады.