Қоғам • 12 Қазан, 2021

Ұлттық халық санағынан қанша қазақстандық өтті

334 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алғашқы екі аптаның ішінде (1-15 қыркүйек аралығы) сауалнамаға 3 млн қазақстандық жауап қатса, 22 қыркүйек күні санақтан өткендер саны 5 млн-ға жетті. 28 қыркүйекте көрсеткіш 7 млн-нан асып отыр. Осылайша, халық санағына қатысқан азаматтардың үлесі 37%-ды құрады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық халық санағынан қанша қазақстандық өтті

Бұл туралы  Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы мәлім етті.

11 қазан сағат 10:00-дегі жағдай бойынша 7 045 196 респондент онлайн санақтан өтті. Олардың 6 040 911-і sanaq.gov.kz сайтында, 700 972 адам Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 303 313 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысты.

«Онлайн санақтан өткендер саны бойынша Түркістан облысы алда. Мұнда 913 074 тұрғын санақтан өткені жайлы хабарлама алған. Онлайн санақтан өткен тағы 746 343 адам Алматы облысында тіркелген. Үздік үштікті Шығыс Қазақстан облысы түйіндеді. Мұнда 707384 адам санақ сауалдарына жауап берді. Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орынды Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары еншілеп тұр. Бұл өңірлерде сәйкесінше 215 464 және 165 749 адам санақтан өтіпті.

Ал жергілікті халық санына шаққандағы санақтан өткендердің үлесі бойынша Шығыс Қазақстан облысы алда тұр. Мұнда азаматтардың 52% сауалдарға жауап берген (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 1 361 163 адам тіркелген). Бұл көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы екінші орында. Мұнда тұрғындардың 51,1% бүгінге дейін санақтан онлайн режимде өткен. 1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 823 052 адам тіркелген», делінген ведомство хабарламасында.

1 қазаннан бастап интервьюерлер үйлерді жаппай аралауды бастаған еді. 10 күннің қорытындысы бойынша офлайн санақпен еліміздің 1 445 204 тұрғыны қамтылған.

Айта кетейік, онлайн санақтан өту мүмкіндігі алдағы 4 күн, яғни қазанның 15-не дейін қолжетімді болмақ. Онлайн санақтан тек үйде ғана емес, ел бойынша ашылған 3 мыңнан аса «санақ бұрыштарында» өтуге болады. Олар Халыққа қызмет көрсету орталықтары, «Қазпочта» филиалдары мен сауда-ойын сауық орталықтарында орналасқан.

Онлайн санақтан өтпегендер 30 қазанға дейін интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Барлық сауалдар бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.